» » » ӨНЕР МЕКТЕБІ – ТАЛАНТТАР ОРДАСЫ

ӨНЕР МЕКТЕБІ – ТАЛАНТТАР ОРДАСЫ

Бейсенбі күні Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі сахнасында ерекше рухани кеш өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі ұжымының «Өнер – ұрпаққа аманат» атты үлкен шығармашылық концерті ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.
Бұл кеш тек концерт қана емес, аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан өнер мектебінің шығармашылық жетістіктерін паш еткен маңызды мәдени шара болды. Сахна төрінде өнер мектебінің ұстаздары мен дарынды шәкірттері өнер көрсетіп, көрермендерді әсем әуен мен шынайы шығармашылық әлеміне жетеледі. Кештің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті арттыру, ұлттық мәдениетті дәріптеу және өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттау.
Концерттік бағдарлама өте мазмұнды әрі жан-жақты дайындалған. Кеш шымылдығы жыр-термемен түріліп, одан кейін халық аспаптар оркестрінің орындауындағы әсем күймен жалғасып, көрермендерді бірден ұлттық музыка әлеміне жетеледі. Оркестр құрамындағы жас музыканттар домбыра, қобыз, баян, сырнай және басқа да ұлттық аспаптарда ойнап, қазақтың дәстүрлі музыкалық мұраларын жоғары деңгейде орындады. Әрбір күй мен музыкалық шығарма көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болды.
Сонымен қатар концерт барысында вокалдық ансамбльдер мен жеке орындаушылардың өнері көпшілік көңілінен шықты. Жас әншілер қазақтың халық әндерін, патриоттық шығармаларды және әлемдік музыка қорынан алынған танымал туындыларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе жас орындаушылардың сахна мәдениеті, дауыс мүмкіндігі мен орындаушылық шеберлігі көпшілікті тәнті етті.
Кештің тағы бір ерекше тұсы – аспаптық ансамбльдердің өнер көрсетуі болды. Олар түрлі музыкалық бағыттағы шығармаларды орындап, өнер мектебінде берілетін білімнің сапасы мен кәсіби деңгейін айқын көрсетті. Музыканттардың үйлесімді ойыны, шығармаларды сезіммен жеткізуі және сахнадағы еркіндігі концерттің көркін одан әрі арттырды. Өнер мектебінің ұстаздары да шәкірттерімен бірге сахнаға шығып, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. Бұл көрініс жас өнерпаздарға үлкен үлгі болып, ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланыстың мықтылығын дәлелдеді. Ұстаздардың еңбегі мен шәкірттердің талпынысы концерт барысында айқын байқалып тұрды.
Кешке жиналған көрермендер жас өнерпаздардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, әрбір орындаудан кейін ыстық ықыласпен қол соғып отырды. Концерттің атмосферасы ерекше әсерлі, көтеріңкі көңіл күйде өтті. Музыка мен өнердің құдіреті залдағы барлық көрерменге қуаныш сыйлап, рухани әсер қалдырды.
Айта кету керек, Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі – аудан мәдениетінің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан білім ордаларының бірі. Биыл бұл өнер ұясының құрылғанына 54 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мектеп талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, олардың үлкен өнер жолына қадам басуына жол ашып келеді. Мектеп түлектерінің арасында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, кәсіби музыканттар мен мәдениет саласының мамандары бар.
Өнер мектебінің басты мақсаты – жас буынның шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық өнерді сақтау және оны келешек ұрпаққа аманат ету. Бүгінгі концерт осы мақсаттың айқын көрінісі болды десек артық емес. Шығармашылық кеш көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, аудан мәдениетінің жарқын болашағына деген сенімді одан әрі нығайтты. Осындай рухани кештер жас таланттардың қанатын қатайтып, өнер әлеміне жаңа есімдердің қосылуына жол аша беретіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 наурыз 2026 ж. 73 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 404

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031