ЖЫРАУЛАР ҮНІ ЖАҢҒЫРҒАН КЕШ

Қазақ халқының рухани мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуде жыраулық өнердің орны ерекше. Сол асыл өнердің бүгінгі заманға жетіп, жаңғыра түсуіне үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі – белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, III дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, профессор Алмасбек Алматов. Биыл – жыраудың 70 жылдық мерейтойы. Осыған орай сәрсенбі күні Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жыр – аманат» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.
Тағылымды өнер кешіне аудан әкімі Жандос Екінбек қатысып, жырсүйер қауымды құттықтады.
– Сыр елі – өнердің алтын бесігі. Ал біздің қасиетті Қармақшы ауданымыз ертеден жыраулық дәстүрдің киелі мекені ретінде белгілі. Сондықтан да халқымыз «Жүз жырауын жүзіктеген, жүз шайыр шыққан мекен» деп бекер айтпаған. Бұл – біздің туған жеріміздің өнерге, сөзге бай екенінің айқын дәлелі. Қазақ халқында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан киелі жыр дәстүрі бар. Жыраудың үні – халқымыздың тарихы мен тағдырын жеткізетін асыл мұра. Міне, бүгінгі фестивальге сол киелі өнердің жалғасын насихаттап, жыр арқылы жастарға дәстүріміздің қадірін түсіндіретін маңызды кездесу. Бүгінгі басқосу қазақтың белгілі жырауы, асыл өнеріміздің көрнекті өкілі Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналуы – біз үшін үлкен мәртебе. Алмасбек ағамыз – саналы ғұмырын ұлттық өнерімізді дәріптеуге, жыраулық мәдениетімізді дамытуға арнап келеді. Оның шығармашылығы мен еңбегі – қазақ руханиятына қосылған үлкен үлес деп білеміз. Ұлттық өнеріміз жасай берсін! Рухымыз әрдайым биік болсын!, – деді аудан басшысы.
Рухани кеш барысында аудан әкімі мерейтой иесінің жыраулық өнерді насихаттаудағы еңбегін атап өтіп, оған ауданның жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Өнер қайраткері өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақжарма алғысын жеткізді. Сонымен қатар жақында жарық көрген өзінің алты томдық еңбегін аудан әкімі Жандос Еркінбек пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниеваға тарту етті.
Келесі кезекте жыр шеруінің тізгінін белгілі жыршы Амандық Бүрлібаев алып, кештің көркін қыздыра түсті. Сахна төріне бірінен соң бірі көтерілген жыр жүйріктері Сыр өңірінің сырлы дәстүрін айшықтай түсті. Алғаш болып сахнаға шыққан Айгүл Елшібаева Алмасбек Алматовтың сөзіне жазылған «Сыр сүлейі» шығармасын әсерлі орындап, жыр кешінің шымылдығын әсем әуенмен ашты. Одан кейін Айбек Тәңірбергенов жүрекжарды толғаныспен өзінің «Алмас ағаға арнауын» орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Мұнан соң Мәриям Кетебаева Ләйлі Құндақбайдың «Дүр Алмас» шығармасын нақышына келтіре орындаса, Жарқынбек Тұрымбетов өзінің төлтуындысы «Тұрымбеттің жыр күйін» жырлап, сахнаға ерекше серпін сыйлады. Сыр сүлейлерінің мұрасын жалғаған Шолпан Бимбетова Қарасақал Ерімбеттің «Сыр сүлейлері» шығармасын орындап, жыр дәстүрінің терең тамырын сездірді. Ал Руслан Ахметов Алмасбек Алматовтың «Шығыснама» дастанынан үзінді орындап, тыңдарманды терең ойға жетеледі. Жыр керуені одан әрі жалғасып, Елмұра Жаңабергенова өзінің «Жыр бастауын» орындады. Серік Жақсығұлов «Тұрмағамбеттің нақыл сөздерін» жырлап, даналық сөздердің мәнін айшықтай түсті. Ал Айдос Рахметов Бердалы Оразалиевтің термесін орындап, терме өнерінің тағылымды үлгісін көрсетті. Келесі кезекте Күнсұлу Түрікпен Алмасбек Алматовтың «Нақыл» шығармасын орындап, көрерменге ғибратты ой тастады. Ақерке Дабылова Нұртуғанның «Жыр бастауын» орындап, жырдың әсерін тереңдете түсті. Ал Мұхамедәлі Бекпейісов Нартай Бекежановтың «Ақындарға» шығармасын шабытпен орындап, сахнаға айрықша қуат берді. Ұлдана Нұртуған Алмасбек Алматовтың Әбіш Кекілбаевқа арнаған «Көңілқос» шығармасын орындаса, Малика Алдамжарова да өнер көрсетіп, жыр кешінің сәнін арттыра түсті. Жиын барысында тағылымды кешке қатысушы өнерпаздарға аудан әкімінің Алғыс хаты беріліп, құрмет көрсетілді. Мерейтой иесі де өзінің жүрекжарды ризашылығын білдіріп, сөз тізгінін алды. – Мектеп оқып жүрген шағымда Аққұрт ауылында шопандардың слеті болды. Сонда мәдениет басқармасынан Базарбай Жүсіпбаев, Әсия дейтін концерт жүргізуші, Меңдібала деген күйші келді. Осы өнерпаздар сонда концерт қойды. Көшеней баянмен «Ақгүлім» деген әнді айтып шығып жатыр. Көптің ішінен бір кісі «Көшеней, сен Рүстембектің баласысың ғой. Ана қағаз қобызыңды қой, әкеңнің домбырасын алып шық» деді. Көшекең жарқ етіп күліп, сахнаның сыртынан домбырасын алып шығып, жырлады. Бұл менің Көшенейді алғаш тыңдауым еді. Бұдан кейінгі кездесуім Жаңақала совхозына №2 ферманың Қартаңбай Тоқсанбаев дейтін шопаны болды. Сол кісінің әйелі бірнеше қыздан кейін ұл туып, соған ат шаптырып, той берді. Ақ көйлек, қара шалбар киген екі жігіт өнер көрсетті. Соның бірі Көшеней еді. Сонда «Мынадай дауыс, мынадай өнер... Жоқ, бұл өнердің ізінен қалуға болмайды» деген бала күнгі мақсат қойылды, – деді ол өткен шақты еске алып. Алмасбек Нұрмаханұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, жыраулық өнердің академиялық білім беру жүйесіне енгізуге үлес қосқан тұлға. Бүгінде жыраудың 100-ден аса шәкірті бар. Олар бүгінде республикалық және халықаралық өнер додаларында жүлделі орындарға ие болып, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосып келеді. – Біздің айдағанымыз – жыр, өндірісіміз – өнер. Маман болмай, адам болмайды дегенді жиі айтамын. Осы жолда 40 жылдық еңбектің жемісі ретінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы шәкірттеріме қолдау білдіріп, арнайы стипендия тағайындады. Жыршылық өнерде докторлық бағыт бет бұру алғаш рет болып отыр. Жыршылық өнерді ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген жас өнерпаздар – Түркия мемлекетінің Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжарова, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабылова ай сайын 300 мың теңге көлемінде стипендия алатын болды. Осы 3 қыздың екеуі Қармақшының төл перзенттері, – деді Алмасбек Алматов. Рухани құндылықпен сусындатқан тағылымды кеш жыраулық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеген рухани басқосу болды. Алмасбек Нұрмаханұлының мерейтойына арналған бұл фестиваль ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Кеш барысында орындалған жыр-термелер Сыр сүлейлерінің асыл мұрасын жаңғыртып, жас буынға рухани тағылым сыйлады. Жыраулардың үні арқылы халықтың тарихы мен тағдыры, дәстүрі мен дүниетанымы жаңғырып, жыр керуені келер ұрпаққа аманат болып жалғаса бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ













