Тау тұлға

«ДҮНИЕГЕ КӨП АДАМ БОЙ АЛДЫРҒАН,
БОЙ АЛДЫРЫП, АЯҒЫН КӨП ШАЛДЫРҒАН.
ӨЛДІ ДЕУГЕ СЫЯ МА ОЙЛАҢДАРШЫ,
ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН».
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ
Сыр өңірі белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастың бір мүддеге тоғысқан мекені. Сол себепті Тұрмағамбет ауылында өмірге келген небір жыршы, ақын, дүлділ сал-серілердің шығармашылығы қазақ даңқын көтеріп қана қоймай әлем әдебиетінің де шоқтығын биіктетіп, айрықша назар аудартуда. Осындай талант иесі, дүлділ ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
Туған мекенінде жыр күмбезінің көтерілуі баба кемеңгерлігінің айғағы дер едім. Ол 1882 жылы Түркістан облысына қарасты Сырдария облысының Қазалы уезі, Қуаңдария болысының 2-ауылында «Ақтайлақ кезең» атанған елді мекенде (Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген. Жастайынан зерек болып өсіп, ауыл молдасынан арабша хат таниды. 1896 жылы 14 жасында Бұхарадағы Мир-араб медресесіне оқуға түседі. 1899-1905 жылдары Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесіне түсіп, онда үш жыл оқып «Ұсылы-қадым» ілімін меңгеріп, тәжік ғылым Академиясының академигі Садриддин Айнимен бірге оқып, «шатырхат» (диплом) алады. 1905 жылы елге оралып мешіттерде мұғалімдік қызмет атқарады. 1925 жылы туған жерінде мектеп ашып, ауыл баласының сауатын ашу мақсатында ұстаздық қызмет етеді.
Көкілташ медресесінде оқи жүріп медресенің бай кітапханасынан Шығыстың ежелгі бай мәдени мұраларымен танысады. Онда арабтардың классикалық дүниесі «Мың бір түнді», үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасын» оқып танысады. Шығыстық білімге ден қойып, шығыстың шоқ жұлдыздары Низами, Физули, Науаи, Фердоуси, Хожа Хафиз, Шайхы Сағди, Омар Хаям, Рудаки, Жәми мен Бедирді көп оқып сусындайды. Сондай-ақ оның Әбу Райхан Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бабыр, Ұлықбек сияқты ғұлама философтар мен даңқты тарихшылардан сусындауы – адамзат тарихындағы рухани құндылықтарды терең меңгеруге, кемеңгерлікке жетелейді.
«Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фердоуси,
Хожа Хафиз бу һәммаси,
Мәдәт бер я Шағири фәрияд», – деп Абай атамыз сыйынған, ұлы тұлғалармен сусындаған даңқты бабамыз теңдесі жоқ ұлылыққа ұмтылды. Шығыстың жеті пірінің бірі – Фердоуси ізімен әлемдік эпопея атанған "Шаһнаманы" он бір буынды қара өлең ұйқасымен жырлап шығуы Тұрмағамбет атамыздың ерекше білім болмысын танытты.
«Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім», – деп келер ұрпаққа мол мұра қалдырып үмітін үкілегендей. Дүниеден өткен әйгілі тұлғалар есімі артында қалдырған мол мұрасы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Солардың бірі – Шығыстың шоқ жұлдызы Фердоуси екені белгілі.
1936 жылы No77 Қазақ АСР Орталық Атқару комитеті президиумының қаулысы бойынша Халық ағарту комиссары, қазақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргенов Тұрмағамбетті ауылдан Алматыға шақырып, «Шаһнама» дастанын аудару жөнінде тапсырыс береді. Әбілқасым Фердоусидің отыз жыл бойы жазған шығармасын тәржімалауға ақын келісім береді.
«Шаһнама» (парсыша «Патшалар кітабы») 977 және 1010 жылы Парсы ақыны Фердоуси тарапынан жазылған эпикалық поэма. Парсы әдебиетінің дүр мұрасы, иран халықтарының ұлттық эпосы. Шығармашылық шабыты шалқып тұрған талантты тұлға отыз жыл жазылған еңбекті он айда он бір буынмен аударып шығады. Бұл еңбегі үшін ақынға өмірлік пенсия тағайындалады. 1936-1937 жылдары қайта-қайта «Халық жауы» деген жалған жаламен қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақын әр жылдары Қазалы, Қармақшы, Шымкент түрмелерінде отырып, көп қиындыққа душар болған. Осындай сәттерде ақын шығармаларын өмірлік серігі Биға әжеміз НКВД жендеттерінен әртүрлі орындарға ізін суытып жасырып отырған. Бірде үш аяқты ошақтың астына, бірде кереге астына жасырып киізге мұқият оралған құжатты жауапкершілікпен жау қолына өткізбей, бүгінгі ұрпаққа жеткізді.
1937 жылы қайта қамалып, келер жылы түрмеден босап келді. Отаршыл билік, қитұрқы саясат өз дегенін жасап бақты. Түрмеден науқастанып келген ақынды ақыры сұм ажал қармағына ілді. Ақын мұрасын зерттеуде ғалым Мардан Байділдаев ағамыздың еңбегі зор. Мұраларын сақтап, жинақтап, оны 1961 жылы «Рүстем – Дастан» кітабының, 1972 жылы, 1982 жылы «Назым» кітабын жарыққа шығарды. Мардан Байділдаев ақын мұраларын шашау шығармай жинақтап, ұрпаққа жеткізсе, бүгінде жыршы, ақын мұраларын насихаттаушы Алмас Алматов ағамыз жарияланбаған ақын өлеңдерін жарыққа шығаруда. Тұрмағамбет атамыздың әр өлеңі – тұнған тәлім, тәрбие. Атап айтар болсақ, «Ұлдарым» атты өлеңінде:
«Ұлдарым қолыңа ал қаламыңды,
Білім біл, ойынға қой алаңыңды.
Білімді қатарыңнан бола қалсаң,
Табарсың жолдас-жора, жараныңды», – деп әрбір өсер ұрпақты терең білім алуға үндейді.
«Мінез» атты өлеңінде:
«Халықпен қатар қойсаң бір өзіңді,
Болып жүрме қуыс кеуде тірі езіңді.
Әрдайым төрден орын алам десең,
Татаусыз жөндеп алғын мінезіңді», – деп әрбір жастың көркем мінезді болғанын қалайды.
Ал «Адамдық іс» өлеңінде:
«Күн шықса нұр қашады айдан-дағы,
Жарлы артық қайыры жоқ байдан-дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
Бұл сөзді таптың деме қайдан тағы.
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Алда – аға, артта – іні болып тұрса,
Жігітке ол бір құрал саймандағы.
Деген бар төртеу түгел төрге шығар,
Төрің сол – бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп, аузың ала бола қойса,
Дұшпанға құс боп анық байланбағы.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шолпылдаған қайраңдағы.
Көңіліне мен де адаммын деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Ер болсаң елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайландағы», – деп жырлайды. Осы бір өлеңдерінде қаншама ұлылық, адами қасиет жатыр. Бүкіл адам болмысын бір өлеңге сыйғызған шеберлігін көруге болады. Міне Тұрмағамбет ата жырларында шалқар шабытпен бірге өркенді өнеге, тәлімді тәрбие тұнып тұр. Оның көз майын тауысып, халқына әдеби алып мүсін етіп қалдырған ескерткіші «Шаһнама» аудармасын бүкіл қазақ мақтан тұтады. Әйгілі ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев:
«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп тасып.
Рүстем – Дастанымен Тұрмағамбет,
Барады Фердоусимен иықтасып», – деп көкірегін мақтаныш кернеген қазақ бейнесін сомдайды. Бүгінде Тұрмағамбет ауылында No29 Т.Ізтілеуов атындағы мектеп жанынан ашылған «Сыр елі – жыр елі» атты мұражайында атаға арналған мол мұрағаттарды ел байлығы екенімен мақтанамыз.
Онда «Шаһнама» еңбегінің алғашқы машинкаға терілген нұсқасы екі кітап, І бөлім – «Жәмшитнама», ІІ бөлім – «Дарапнама» кітабы, ақын атаның тақиясы, иығына жамылған жібек шапаны, көзәйнегі, бәкісі қынымен сақталған. Бұл мұрағаттарды 1990 жылы белбаласы Әбдірауық әкеміз табыстаған. Бүгінде Тұрмағамбет атаның ұрпақтары еліміздің әр аймағында халыққа қызмет етуде. Өзі туған мекенде ұрпақтары өсіп-өркендеуде. Баба мұрасын әрбір ұрпақ мақтан етеді.
Ақынның «Шәкірттерім» атты өлеңінде:
«Балалар бос болмасын сабақтарың,
Жарқырар жаттасаңдар қабақтарың.
Ақылмен аңдасаңдар ғылым хикмет
Сенімді сауыт-сайман садақтарың.
Бақ қонып бастарыңа орнап ықпал,
Әркімнен ауыр болар қадақтарың», – деп болашақ ұрпақты білімді, ақылды болуға шақырады. Дауылпаз ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Өзі айтқандай, өлмейтұғын жырлары өміршеңдігімен салтанат құрып келеді. Олай болса, баба өсиетін терең ізденіп оқып, ақылмен бойға жияр ұрпағымыз көп болсын демекпін.
Зарипа ЖАППАРҚЫЗЫ
28 қазан 2022 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031