» » » Ағайдың адамгершілігіне тәнті едік

Ағайдың адамгершілігіне тәнті едік

ӨТКЕН КҮННІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ЕСКЕ АЛЫП, ОДАН ҒИБРАТ ІЗДЕУДІҢ ӨЗІ ТӘРБИЕЛІЛІК. ӘСІРЕСЕ АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНІҢ КЕШЕГІ КҮНГЕ КӨЗ ЖІБЕРІП, БАСТАН ӨТКЕНДЕРІН БАЯНДАҒАНДА ОСЫНДАЙ ОЙҒА ЕРІКСІЗ ОРАЛАСЫЗ. БИЫЛ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ АЗАМАТ, СОНАУ ҚЫЗЫЛДЫҢ ҚИЯСЫНАН АУЫЛ ҚОНДЫРҒАН ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҚАРАТАЙ ҚУАҢБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ТОЛЫП ОТЫР. ОСЫ РЕТТЕ ПАРАСАТТЫ ЖАННЫҢ ҚАРАМАҒЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕП, АҒАЛЫҚ МЕЙІРІМІН КӨРГЕН ЖАННЫҢ БІРІ ЖОСАЛЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ ТӘЖТАЙ ТОҚСАНБАЕВА БЫЛАЙША ОЙ ӨРНЕКТЕЙДІ.
Қаратай ағайды бала күнімнен танитынмын. Ол кісі анамның інісі болып келетін. Мінезі қарапайым, басшымын деп өзін биік санамайтын. Әрбір істі тындырымды жасап, сабырлы сөйлейтін, байсалды ұстайтын өзін. Жүрегі кеңпейілді азамат болатын. Қызымен бірге Ленин кеңшарында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) No29 мектепте 5 сыныпқа дейін бірге оқыдық. Жаңақала ауылы 1964 жылы құрылды. Мен маусым айында тұрмыс құрдым. Сол кезде атам Қаратай ағайдан жұмыс сұрап барып, мені іс жүргізуші етіп қабылдаған еді. 1964-1966 жылдар аралығында кеңседе «Украина» деген машинка басып, қызмет еттім. Ол кісіні көрсек алдынан кесе көлденең өтпейтінбіз. Қайта қысылып, қымсынып қалатынбыз. Мынау бардың үйі, мынау кедейдің үйі демейтін, жарықтық.
Атамыз азулы, бір айтары бар жан болатын. Батыл да қайсар мінезді еді. Сонда шай ішіп отырып, «Бақасы қойдай шулаған, сазаны тайдай тулаған Қуаңдария жақсы жер еді. Соны неге алмаған, Қарекең?» деп айтып отыратын. Атамыз қиқаң-соқаңды ұнатпайтын, менің жолдасым 15 перзентінен қалған жалғыз баласы. Жолдасым Мылтықбай (Шешенбек) Уатаев транспорт саласында ұзақ жыл еңбек етті. Автобус жүргізіп, жолаушылар тасымалдады. Атам әлі жүрегімде. Әжем де қарапайым кісі болды. Шораяқтың Омары менің үлкен әкем болып келеді. Туыстық жағынан шөбереміз.
Әрбір адамның өмірінде қадірлейтін, қастерлейтін тұлғалары болады. Сол менің де өмірімде Қаратай ағаның орны бөлек. Ақшай апай да үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсете білетін. Ол кезде біздер олардың сарайында тұрдық. Кеңшардың директоры Қаратай ағай өзі үш бөлмелі үй берді атама. Бірақ атамыз оған келіспей, сол кісілердің ауласындағы сарайда отырдық. Үлкен қызымды 1966 жылы қаңтарда сол жақта босандым.
Ағайдың ұлдары – Кәри Қызылордада тұрса, Базарбайы қарашаңырақтың иесі. Күлпаршын мен Роза – қыздары. Исағабыл ағаның өзі де әкеміздей, Қатша апамыз шешеміздей болған кісілердің баласы Аманбайдың келіншегі Роза да қазір Қызылордада тұрады. «Қазақстан барысы» атанған Мақсаттың ата-анасы.
Ауылда жылаған бала, көшеде үрген ит болмайтын, ешкім ішімдік ішіп жүрмейтін. Тәртіп болды. Кішкентайымнан еңбек жолымды бастағанда ағаның қарауында жұмыс істедім. Алмабай Тұрбаев, Болысбай Алтынбаев, Әбіл Тоқсанбаев, Сейітқасым Лаубаев деген азаматтардың есімдері де мен үшін аяулы әрі ыстық. Бұл кісілер де ауылдың нығаюына, аяқтан тұрып кетуіне ықпал еткен зиялы қауым өкілдері. Молдабек Көбеев деген көкеміздің де сыпайылығы, адамгершілігі көптің аузында.
Таңертең кеңсеге келгенде Қаратай ағай: «Қалайсың балам, үлкен жігіт болдың ба?» деп қал сұрасады. Соған біз мәз боламыз. Әкеміз келе жатқандай қуанып қаламыз. Атамыз көпшіл болғандықтан үйде адам аяғы құрғамайтын. Қазанда ет қайнап жатады. Бірі келсе, енді бірі кетіп жатады қонақтардың. Ол кезде күйеуім 22- 23-те, ал мен 18 жастамын.
Жалпы адамның жас кезіндегі өмірі жадында жақсы сақталады ма деймін?! Сол кездердегі шуақты күндер менің әлі күнге есімде. Оның ішінде Қаратай ағайдың туған әкемдей болғанын қалай ұмытайын.
Ол кісінің адамгершілік қасиетін ерекше қадір тұтамын. Ондай адамдар ғасырда бір туылады десем де болатын шығар. Отағасы жүргізуші болып еңбек етті. Фермадан қымыз, шұбат таситын. Қауын-қарбыз, қызанақ, сәбіз еккізіп, содан шыққан өнім мен шұбат-қымызды қарапайым халыққа тегін таратқызатын. Жетпей қалса ертесіне тағы да жеткіздіріп бергізіп отыратын. Сонда ауылдағы қай шаруаны да ер-әйел демей бірге атқарысатынбыз. Қаратай ағайдың әрбір ісі үлгіге толы болатын. Ретсіз ешкімге кейімейтіні, дауысын көтеріп сөйлемейтіні қазір ойлап қарасам, даналық, парасаттылық екен ғой. Сол байыптылықпен де қаншама қыруар шаруа атқарылып, жұмыстар істеліпті.
Тәжтай ТОҚСАНБАЕВА,
еңбек ардагері.
10 қазан 2022 ж. 517 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 029

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031