» » Ардақты аға, парасатты басшы

Ардақты аға, парасатты басшы

ҚЫЗЫЛҚҰМДЫ ИГЕРУ ҮШІН ҚЫЗЫЛҒА КӨШІП, КЕРЕК БОЛСА КЕЛЕШЕКТЕ ҚЫЗЫЛДАН ҚОЙ КЕҢШАРЫ ҚҰРЫЛУЫ МҮМКІН ЕКЕНДІГІН АЙТЫП, ЕЛДІ СОҢЫНА ЕРІТЕ БІЛГЕН, ӨЗ УӘДЕСІНДЕ ТҰРЫП «ЖАҢАҚАЛА» ҚАРАКӨЛ ҚОЙ КЕҢШАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ҚАРАТАЙ ҚУАҢБАЕВ ТА БАР.
«Жаңақала» қаракөл қой кеңшары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР министрлер кеңесінің 1963 жылғы 15 қарашадағы No901 және КСРО министрлер кеңесінің «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету үшін шаруашылықтар ұйымдастыру туралы» 1964 жылғы 9 қаңтардағы No36 қаулысына сәйкес құрылды. Бұл қаулы негізінде «Жаңақала» кеңшарына Қаратай Қуаңбаев директор болып тағайындалды.
Табиғаты тым қатал, аптап, ыстық кең далаға жаңа кеңшар орнату, байырғы тұрғыны жоқ жерге жаңадан халықты қоныстандыру, келген қоныстанушыларды үй-жаймен қамтамасыз ету, олардың барлық тілегін орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен шаруа. Ол кезде мал бағуға, әсіресе қой бағуға көп адам ықылас таныта бермейтін. Десе де көшіріп әкелген әр тұрғынмен тіпті жекелей сөйлесіп, жаңадан құрылған кеңшардың аяққа тұрып кетуі, болашағы үшін аянбай тер төгіп, тынбай еңбек еткен де осы Қаратай ағамыз еді. Ол – сыртқы сәніне ішкі мәдениеті сай келетін ақ сөйлеп, ашық айтатын адам болатын. Саналы ғұмырын туған жеріне, оның көркеюіне арнаған Қуаңбаев тумысынан адал, жастық жалынын, күш-қайратын ауылдың дамуына арнаған абзал аға.
Ол 1922 жылы Қармақшы ауданына қарасты No12 Қосарық ауылдық кеңесінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Микоян атындағы ұжшарда жұмысшы болудан бастаған. 1941-1947 жылдары Кеңес әскері қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, Калинин, Батыс Байкал маңы майдандарында болған. 1947-1948 жылдары Ворошилов атындағы орта мектепте есепші, интернат меңгерушісі, 1948-1950 жылдары Микоян атындағы ауылда бухгалтер қызметтерін атқарған. 1950-1951 жылдары еңбекшілер депутаттары Қосарық ауылдық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметіне көтерілді. 1951-1955 жылдары аудандық партия комитетінің ңұсқаушысы, сектор меңгерушісі болды. 1955-1959 жылдары Ақжар МТС-ы, Ленин атындағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, 1959-1961 жылдары аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1961 жылдан бастап 1964 жылға дейін әуелі Ленин кеңшары кәсіподағы жұмысшылар комитетінің төрағасы, кейін Карл Маркс атындағы бөлімше басқарушысы қызметтерінде болды. 1964 жылдың қаңтар айында шаруа жағдайын жетік білетін іскер басшы ретінде үлкен сенім артылып, жаңадан құрылған «Жаңақала» қаракөл қой кеңшарының директоры болып тағайындалды.
Адам қанша жыл өмір сүрсе де өмірінің мәні оның жасаған жасымен есептелмейтін секілді көрінеді. Ең бастысы Алла берген ғұмырында мәнді де мағыналы, ақ адал, таза болып өмір кешсе болғаны. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Қаратай ағамыз сол сүрген саналы ғұмырында ең бастысы еліне адал болған асыл жан. Бәлкім, содан да шығар 100 жасқа толса да ауылдастары әлі күнге жасаған еңбегін еске алып отырады. Себебі ол ауылды басқарған жылдары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер болды. Әр жүз аналыққа 127-ден қозы, 88 құлын, 43 бота алынды, 15 622 бас қозы өсіруге қалдырылды. Осы жылы жылу жүйесі қосылып, оған бу қазандығы салынып пайдалануға берілді.
Бұл жылу жүйесіне клуб, ауылдық кеңес, кеңшар кеңсесі, екі дүкен, қонақ үй, жатақхана, интернат, мектеп үйі қосылды. Ауруханаға қосымша амбулатория, 10 орындық қонақ үй салынды.
Елді мекенде 84 коммунист, 153 комсомол, 613 кәсіподақ мүшесі есепте тұрады. No185 орта мектептегі оқушы саны 591-ге жетті. Жалпы алғанда осы кезде бір орта мектеп, 100 орындық интернат, 25 орындық аурухана, 25 орындық балабақша, байланыс бөлімшесі, тігін шеберханасы, 4 автодүкен, 5 тұрақты дүкен, 6 кітапхана, 4 дәрігерлік пункт, 20 орындық монша, 300 орындық клуб, 2 электростанса, спорт, би алаңдары, тұрақты киноқондырғы, көшпелі киноқондырғы, 6 байланыс рациясы, автобус жұмыс істеп тұрды. Қой саны осы жылы ауыл тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш – 55 486 басқа жетті. Мемлекеттік жоспар бойынша 50770 бас болса, ол 109% асыра орындалды. 1974 жылы, яғни шаруашылықтың құрылғанына 10 жыл толғанда 4 қой фермасы, іріқара фермасы, егіс бригадасы, 4 шөп дайындаушы бригада болды.
1980 жылы 9 шақырымдық «Қаракөл – Төлеген» каналы қазылды. Осы жылы 12 тамызда кеңшар директоры Қаратай Қуаңбаев денсаулығына байланысты өз арызымен қызметтен босатылып, орнына кеңшардың бас зоотехнигі Рүстем Ахметов тағайындалды.
«Мен кеңшар директорлығынан босату туралы арыз бергеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші және екінші хатшысы Көшербаев, Сүлейменов жолдастар менімен сөйлесіп кеңшар директорлығына кімді қоюды сұрады.
Мен бас зоотехник Рүстем Ахметов, бас мал дәрігері Құснадин Смағұловтың екеуі де қой кеңшарына директор бола алады. Қайсысын қойсаңыз да жарайды дедім. Екеуінің ішінде Құснадин дұрыс болар дедім. Көшербаев екеуінің қай қатаңдауын, табандылауын кейінге қалдырайық, ол бізге керек болар деді. Сөйтіп сол жерде директорлыққа Рүстемге тоқтадық. Ал Құснадин келесі 1981 жылы көктемде Қуаңдарияға директор болды.
Көшербаев кейін байқасам осы жағдайды ойлаған екен. Шынында да Қуаңдарияға Құснадин дұрыс болды деп ойлаймын» деп жазады Қаратай ағамыз өз естелігінде.
Қаратай Қуаңбаев қызметтің қай саласында болмасын білгір де іскерлігімен көзге түсті. Сөзін сыйлата білетін ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы, жұмыстың көзін таба білетін ерекше қасиеті оны биік белестерге көтерді. «Жаңақала» ауылы құрылған алғашқы жылдардан-ақ қиындықтарға қарамастан еңбеккерлерді біркісідей жұмылдыра отырып, үнемі еңбек өнімділігін арттырып аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көріне білді. Шалғайда орналасқан жаңа шаруашылықты ұйымдастыруда, оның өркендеп кең қанат жоюына зор үлесін қосқан беделді басшыға айналды. Оның еңбегі бағаланып үш рет облыстық партия комитетінің пленум мүшелігіне сайланды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен және ондаған медальдармен марапатталды. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанды. Елінің арда азаматы, қадірі асқан ардақты аға, парасатты басшы Қаратай Қуаңбаев өзі іргесін қалап, шаңырағын көтерген ауылында 1988 жылы дүниеден өтті.
Бірінші байлығым халқым деп білген, ойы биік, ісі ірі, кішілік пен кісіліктен жаралған, тұғыры биік тұлғаның өмір тарихы міне осылай. Өскелең ұрпаққа ұлт қайраткерлерінің сара жолы һәм тағылымды ғұмыры өнеге болатыны анық. Осы тұрғыда Қармақшы топырағында туылып, еліне еңбегі сіңген Қаратай Қуаңбаевтың игі жолы келешек жастарға үлгі боларлықтай.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері

28 қыркүйек 2022 ж. 574 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031