» » Шөл далаға су әкеліп, ел қондырған

Шөл далаға су әкеліп, ел қондырған


КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ ТӘЙІМБЕТ КӨМЕКБАЕВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҢ ЕЛУ СЕГІЗ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР. КЕЗІНДЕ ҚЫЗЫЛҚҰМ ӨҢІРІН ИГЕРІП, МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУДЕ ТАСҚЫНДЫ ТАБЫСЫМЕН АУДАН, ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ АТЫ ШЫҒЫП ТІПТІ РЕСПУБЛИКАҒА ДЕЙІН БЕЛГІЛІ БОЛҒАН КЕҢШАРЛАРДЫҢ БІРІ ЕДІ. СОЛ КЕЗДЕГІ ПАРТИЯ КОМИТЕТІНІҢ НҰСҚАУЫМЕН ШӨЛ ДАЛАҒА СУ ӘКЕЛІП, ЕЛ ҚОНДЫРҒАН, ЖАҢАДАН КЕҢШАР ҚҰРЫП, ТОЛАҒАЙ ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗГЕН БҰЛ АУЫЛ ҮШІН ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХИ ТҰЛҒА ҚАРАТАЙ ҚУАҢБАЕВ БОЛАТЫН. МІНЕ, СОЛ КІСІНІҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 100 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР.
Ол кісінің еңбегін бүгінге дейін көптеген азаматтар жақсы біледі. Осы ауылды ұйымдастырып, ыстығына күйіп, суығына тоңған ерен еңбегі ел есінде қалған, ауыл үшін бірден-бір тарихи дара тұлға. Осыған байланысты сол кісінің мерейлі мерекесін халық болып атап өткелі отырмыз. Өйткені аудан көлемінде ол кісімен бірге қызмет жасаған, ол кісі тәрбиелеген азаматтар әлі де баршылық.
Қаратай Қуаңбаев 1922 жылы Қармақшы ауданы, №12 Қосарық ауылдық кеңесінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Микоян атындағы ұжшарда колхозшы болудан бастаған. 1941-1947 жылдары Кеңес әскері қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, Калинин, Батыс Забайкалье өңірі майдандарында болған. 1947-1948 жылдары ауданға қарасты Ворошилов атындағы орта мектепте есепші, интернат меңгерушісі, 1948-1950 жылдары Микоян атындағы ұжшарда есепші қызметтерін атқарған. 1950-1951 жылдары еңбекшілер депутаттары Қосарық ауылдық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметіне көтерілді. 1951-1955 жылдары аудандық партия комитетінің ңұсқаушысы, сектор меңгерушісі болды. 1955-1959 жылдары Ақжар МТС-ы, Ленин атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы, 1959-1961 жылдары аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1961 жылдан 1963 жылға дейін Ленин атындағы кеңшар кәсіподағы жұмысшылар комитетінің төрағасы болып, 1963 жылы Карл Маркс атындағы бөлімше басқарушысы қызметіне ауысты. Қызылқұм өңірін мал шаруашылығына байланысты игеру осы жылы басталып, Қаратай Қуаңбаев басқаратын бір ферма Қызылдың жайы­лымына шығарылды. Ол бұған дейін қандай қызметте болмасын өзінің табанды тапқырлығымен ұйымдастырушылық қабілетін, көрегендігін көрсете білген болатын. 1964 жылдың басында Қызылорда облысы бойынша 6 кеңшар құрылуға тиіс болды. Соның екеуі біздің ауданда еді. Олар Қуаңдария және Жаңақала кеңшары болатын. Қ.Қуаңбаев 1964 жылдың қаңтарында шаруа жағдайын жетік білетін іскер басшы ретінде үлкен сенім артылып жаңадан құрылған «Жаңақала» қаракөл қой кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл қызметті 1980 жылға дейін 16 жыл бойы абыроймен атқарды. Қаратай ағамыз қызметтің қай саласында да білгір де іскерлігімен көзге түсті. Әсіресе кадр таңдауда өте көрегендік жасап, қателікке бой алдырмаған тұлға ретінде белгілі. Ол білім саласына да ерекше көңіл бөлді. Жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін бар мүмкіндікті жасады. Аудан көлеміндегі білікті ұстаздардың жағдайын жасап, олардың ауылға келуіне зор ықпал етті. Мысалы, сол кезде мектеп директоры болған Садықбек Зәлиев, оқу ісінің меңгерушісі Сәден Нұртаев, Мәрдісадық Жұматаев, Байзақ Жұматаев, Көшек Нұрханов, Бидәке Нұрханов, Байділда Түменбаев, тағы басқа да ұстаздар өз ісінің білгірі болатын. Халықтың үнемі көбейіп, оқушы санының ұлғаюына байланыс­ты он алты жылда мектеп ғимаратын кеңшар өз күшімен үш рет жаңартқан. Облыс, аудан орталықтарынан тым жырақта орналасқан, тіпті ауыл орталығы Жаңақаладан 150 шақырым шалғайда жатқан Кекірелі елді мекенінен шопан балалары үшін мектеп және интернат ашуға зор ықпал жасады. Бұл мектеп пен интернатты ашу жолында үлкен табандылық пен күш-жігер жұмсауға тура келді.
Қарекең өзінің бір естелігінде бұл жайында былай деп еске алады:
«Есте қалған бір жағдай Кекірелідегі сегіз жылдық мектепті ашуға облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Уәли Төралиев ағамыз бала өте аз, контингенті толмайды, оның үстіне өте қашық, интернаттағы балаларды қажетті продуктімен қамтамасыз ете алмайды. Оның арты принципті айқай болады деп қарсы болып, көп кедергі жасады. Ақыры облыстық Совет атқару комитетінің председателі Бәкіров жолдастың кабинетінде, облыстық Совет атқару комитетінің мәжілісінде мен сол №254 мектептің сабақ оқыту, тәрбие жұмысынан басқасын өз жауапкершілігіме алдым. Сонда ғана мәселе шешілді. Бұл августь айының орта кезі болатын. Шынында да бөтен түрлі айқай болған жоқ. Мен уәдемді совхоздың директоры болып тұрған барлық уақыттарда орындадым. Мектепке қамқорлық жасау, оның совхозға байланысты мәселесін шешу онсызда менің борышым емес пе? Мен мұндай мәселелерге кезінде тиісті мән беріп және шешіп отырдым деп есептеймін».
1976 жылы №3 ферманың орталығы Кекіреліден жанында 50 орындық интернаты бар сегіз жылдық мектеп ашылды. Алғашқы жылы бұл мектепке 74 оқушы келіп, 45 шопан баласы интернатқа орналасты. Мектептегі бала саны сексенінші жылдарға қарай 112-ге жетті. Бұл мектеп сексенінші жылдардың аяғына қарай он бір жылдық мектепке айналып, оқушы саны 130-ға дейін барды. Бұл Қарекеңнің білім саласына сіңірген еңбегінің көрінісі.
Кеңшар құрылған алғашқы жылдары көптеген қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Мысалы, кеңшар орталығын орналастыру жөнінде аудан басшылығымен айтысып, пікір таластыру, нақты деректермен дәлелдеу керек болды. Дегенмен кезек күттірмейтін басты мәселелердің бірі жаңа кеңшардың орталығын белгілеу еді. Көп ұзамай территориялық басқарманың бастығы Ы.Зәуірбеков, партия комитетінің бірінші хатшысы И.Әбдікәрімов бастаған бір топ аудан басшылары жаңа шаруашылықтардың директорларын ертіп кеңшарлардың орталығының орнын белгілеуге шықты. Республикалық министрліктің жобасы бойынша картада «Жанакалинский» кеңшарының орталығы Шірік-Рабат, «Куваньдарнский» кеңшарының орталығы – Аққыр болып белгіленген. Бұған Қаратай Қуаңбаев келіспеді. Өйткені кеңшар орталығы темір жолдан өте қашық орналасатын болды. Және аудан, облыс орталықтарымен қатынас та қиындық туғызатыны анық еді. Ол осындай дәлелді пікірлерін алға тартып екі кеңшардың орталығын да Қуаңдария өзенінің бо­йынан болсын деген ұсыныс қойды. Сонымен бұл ұсынысты аудан басшылары мақұлдап, орталық болып екі ауылдың қазіргі тұрған орындары келісілді. «Жаңақала» кеңшарының орталығы бұрынғы Ленин атындағы кеңшардың қой фермасының орталығы орналасқан «Аша» деген жер болып белгіленді. «Аша» тарихи жер атауы. Қуаңдария өзенінің екі саласы осы жерге келгенде бірігіп, бір арнаға айналады. Осыған байланысты екі саланың қосылар жері «Аша» деп аталып, жергілікті жер атауына айналған.
Ол кісі нені болса да барлық уақытта жан-жақты, әріден ойластырып жүретін. Біз де ол кісіден мол өнеге, жақсы тәлім-тәрбие алдық.
Мен Қаратай ағайдың Әбдікәрім атты баласымен мектепте бір сыныпта оқыдым. Сондықтан болар ол кісінің әкелік шапағаты маған да мол тиді. Ол кезде кітап оқу деген бәсеке. Жаңа шыққан кітаптарды бұрын оқығандар әңгіме қылып, жұртты қызықтырып, мақтанышпен айтып отыратын. Ал енді сол жаңа шыққан кітаптарды ауылда үшінші болып мен оқитынмын десем бұл өтірік бола қоймас. Өйткені Қаракең алғашқы шыққан кітаптардың міндетті түрде алғашқы сатып алушысы болатын. Әуелі өзі оқиды, ізінше Әбдікәрім оқиды. Әбдікәрімнен мен алып оқитынмын. Әрине кітапты іздеп қалмас үшін тез арада бітіруге тырысатынмын.
Сонымен қатар бізді алғаш еңбекке баулыған да осы кісі. Сегізінші сыныпты бітірген жылы жаз айы болатын. Сабақтан боспыз. Азаннан кешке дейін шаң-шаң болып доп қуамыз, суға түсеміз. Бірде Қарымсақов Уфа екеумізді кеңшардың директоры кеңсеге шақырып жатыр деді. Аң-таңбыз. Кеңшар директоры кеңсесіне шақырғаны несі? Бүлдірген ештеңеміз жоқ деп ойлаймыз. Үн жоқ, басымыз салбырап кеңсеге келдік, кабинетке кірдік. Директордың алдына бару біз үшін оңай шаруа болмады. Әрі ол кезде тым жаспыз ғой.
– Әй, осы сендер не істеп жүрсіңдер, – деді кірген бетте бірден.
̶ Ештеңе, – деп міңгірлейміз екеуміз бірімізге біріміз қарап.
̶ Онда мен сендерге жұмыс тауып берейін, – деді ол кісі. Қазір көрпе-төсектеріңді, киімдеріңді дайындаңдар. Түстен кейін №1 бригадаға машина жүреді. Сендерді алып кетеді. Кітап, дәптер, оқу құралдарыңды сатып алатын ақшаны өздерің тапсаңдаршы, әке-шешелеріңнің пенсиясына ортақ болып, босқа сенделіп жүрмей, – деп сөзді қысқа қайырды.
̶ Келістік пе? Бізден жауап күткен жоқ.
̶ Әйда барыңдар, –деді.
Сонымен не істерімізді білмей кеңседен шықтық. «Бұл қалай? Кеңшардың жұмысшылары жетпей ме? Бізге шөпке бар дегені несі» дейміз. Сол күні жұмысқа кеттік. Әуелі шөп тайлайтын агрегатта шөп беріп жүрдік. Кейіннен престелген шөпті көтеріп үйрене келіп, шөп тиеуге шықтық. Бір айдан кейін үлкен адамдармен бірге К-700 алып тракторының тіркемесіне шөп тиейтін дәрежеге жеттік. Содан сабақ басталуға жақындағанда қайттық. Жақсы еңбекақы алдық. Келесі жылы шөпшілер бригадасына өзіміз сұранып бардық.
Сөйтсек біздің сыныптан оншақты бала жұмыста болыпты. Төрт бригадада 2-ден, 3-тен болған. Әдейі солай ұйымдастырылған екен. Өйткені бәрі бір жерде болса тағы болмайды. Бұл балалардың ішінде өз баласы Әбдікәрім де бар болатын. Кейіннен біліп жатырмыз ғой. Бізді жастай еңбекке баулып, бос жүрмеуге дағдыландыру, жұмысқа деген ынта қалыптастыру екен. Әрі келешек жұмыс қолы дайын деген сөз. Бұл да бір тәрбиелік мәні бар қамқорлық екен.
Бұл кісінің қамқорлығы үлкенге де, кішіге де бірдей еді. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайына ерекше мән беретін. Әсіресе мәдени іс-шараларға ерекше көңіл бөлетін. Кеңшар фермаларында қозы айыру, жас шопандардың отарды қабылдауы, шөп бригадаларының шөпке шығуы салтанатпен аталып өтілетін. Оларға ауыл көркемөнерпаздарының концертін ұйымдастыратын. Көркемөнерпаздар мүше­лер­ін жұмыстан босатып, арнайы көлік жіберіп алдыратын. Оларды киіммен, қажетті аспаптармен жабдықтау ісіне де қамқорлық жасайтын. Барлық ауыл еңбеккерлерін бәсекеге қабілетті, адал еңбекке деген құлшынысқа тәрбиеледі. Және қай ферма, қай бригада болсын еңбекке деген зор құлшыныс, ерекше серпіліс болатын. Жұмыс басына келгенде ол «Арыстандарым, қалайсыңдар» деп келетін. Сейділда Жұмабаев басқаратын №1 ферманы «Әскери ферма» дейтін. Әрине осы сөздердің өзі-ақ жұмысшы, қызметкерлердің рухын көтеріп, еңбекке ынтасын арттыратын. Бірде шөп дайындау кезінде қызықты да қиын жағдай болды. Жаңақаланың шабындық жері аз, мал азығын үнемі басқа шаруашылықтардың жерінен дайындайтын. Сондай бір кезде Тұрсын Сержанов басқаратын №2 шөпшілер бригадасы Ленин атындағы кеңшардың Карл Макс бөлімшесіне қарасты «Шырпылы ой» деген үлкен жазық кең табанды суғарып, шабындық жер дайындаған. Арнайы адам қойып, қарауылдатқан. Бұл жердің қамысы жақсы шығып, үлкен жайқалған шабындық алқапқа айналды. Енді шөп шабуға келген кезде Ленин кеңшары бергісі келмейді. Сонымен талас бас­талды. Бүкіл Ленин кеңшарының шөп бригадалары келді. Бізде бір-ақ бригада, тек №2 бригада. Орталықтан көмек жоқ. «Бәрінен айы­рылатын болдық» деп күйіп-пісіп бригадир жүр. Сонымен не керек негізі бір ауылдар ғой, келесіп жерді теңдей бөліп алатын болды. №2 бригада ғана өз үлесін бір аптаның ішінде жинап алып басқа жаққа ауысып кетті. Ал Ленин кеңшарының шөпшілері сол жерде бір ай жатты. Міне, екпінді еңбек деген осы.
Ертеңіне шөпшілер қосына Қаратай ағай келді. Жиналыс, марапаттаулар болып, кино көрсетілді. «Біз қиын жағдайда қалдық. Бір басшы иә хабарласпайды, иә көмек жоқ» деп Тұрсын ағай мұңын шағып, өкпесін айтып жатыр.
Сонда Қаратай ағай:
̶ Тұрсын, соғыс кезінде Сталиннің маршал Жуковты қайда жіберетінін білесің бе? Сосын Жуков бірақ адамның айтқанын бұлжытпай орындаған, – деді.
Отырғандар сөз төркінін бірден ұқты. Мәз-мейрам, қол соғып дуылдасып жатыр. Тұрсын Сержанов содан кейін «Жуков» атанып кетті. Ауылымыз мал азығын дайындау кезінде қатты қиналатын. Бүкіл аудан көлемін аралап, көшпелі жағдайда жұмыс жасады. Осындай кезде жігіттер ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, асқан жігерлілік танытатын. Бұл осы кеңшар директоры Қаратай Қуаңбаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің, еңбекке тәрбиелеуінің жемісі болатын. ІІІ Интернационал ұжшарының төрағасы Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак: «Байқас болыңдар, Қуаңбаевтың шегірткелері келе жатыр. Олардан бір тал да қамыс қалмайды» дейді екен әзілдеп.
Қарекең шаруашылық саласы бойынша да көптеген мамандар даярлап шықты. Оның қарамағында өсіп жетілген екі тұлға кеңшар директоры қызметіне дейін көтерілді.
1980 жылы Қаратай Қуаңбаев ағамыз денсаулығына байланысты өз арызымен директорлық қызметтен босап орнына кеңшардың бас зоотехнигі Рүстем Ахметов тағайындалды.
Осы кездегі жағдайды ол кісі былай деп еске алған еді:
«Мен совхоз директорлығынан босату туралы арыз бергеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші және екінші хатшысы Көшербаев, Сүлейменов жолдастар менімен сөйлесіп, кеңшар директорлығына кімді қоюды сұрады.
Мен бас зоотехник Рүстем Ахметов, бас мал дәрігері Құснадин Смағұловтың екеуі де қой кеңшарына директор бола алады. Қайсысын қойсаңыз да жарайды дедім. Сол жерде директорлыққа Рүстемге тоқтадық. Ал Құснадин келесі 1981 жылы көктемде Қуаңдарияға директор болды».
Сөзін сыйлата білетін ұйымдастырушы­лық қабілеті, талапшылдығы, жұмыстың көзін таба білетін ерекше қасиеті оның өзін биік белестерге көтерді. Кеңшар құрылған алғашқы жылдардан-ақ қиындықтарға қарамастан еңбеккерлерді бір кісідей жұмылдыра отырып, үнемі еңбек өнімділігін арттырып аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көріне білді.
Қарап отырсақ, сол кездегі кеңшарлардың құрылуында үлкен саяси мән де болған екен. Бұған дейін Қазақстанға қарайтын Қызылқұм өңірінің аймағына Өзбекстан малшылары жүз шақырымға дейін еніп, Жаңақалаға берілген жерлерге орналасып алған болатын. Көңіл аударарлық бір мәселе, сол кездегі Өзбекстан басшысы Рашидов Шымкент облысының бірқатар жерлерін өзбек азаматтары көп тұратын аймақ деген желеумен өзіне қаратып алған еді. Осыған байланысты Қызылқұм өңіріндегі Қазақстанға тиесілі жерлерге иелік ету керек болды.
Кеңшар құрылғаннан кейін Қаратай Қуаңбаевқа ол аймақтағы Өзбекстан малшыларын көшіру жөнінде нұсқау берілді. Бірақ іскер басшы олай істемеді. Оларға тиіспей қой отарларын сол бұлақтарға бірге орналастырды. Бос жүрген адамдарын жұмысқа тартып, балаларының ауыл орталығында интернатта жатып оқуына ықпал жасады. Кейін олар малдарын өткізіп түгелге жуық кеңшар құрамына өтіп, ағайын болып араласып кетті.
Ол шалғайда орналасқан жаңа мал шаруашылығын ұйымдастыруда оның өркендеп кең қанат жаюына зор үлесін қосқан беделді басшыға айналды. Оның еңбегі бағаланып үш рет облыстық партия комитетінің пленум мүшелігіне сайланды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен және ондаған медальмен марапатталған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері. Ол 1980-1984 жылдары яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін халық депутаттары Ленин ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. 1984 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Еліне қадірлі ауылының азаматы Қаратай Қуаңбаев өзі іргесін қалап, шаңырағын көтерген ауылында 1988 жылы дүниеден өтті. Осындай ел есінде ұзақ сақталған, барлық қызметі тек ауылға арналған көрнекті тұлға биыл 100 жасқа толып отыр. Еліне еңбегі сіңген, осы ауыл үшін біртуар дара есімді халқы қадірлеп алдағы уақытта аудандық деңгейде мерейлі мереке ретінде атап өткелі отыр.

Сақтапберген ҚОСБАЕВ,
Т.Көмекбаев ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы
21 мамыр 2022 ж. 515 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031