» » БІР АУЫЛ БАР ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ТӨРІНДЕ

БІР АУЫЛ БАР ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ТӨРІНДЕ


«Қазір ауылдан баяғыдай емес, береке кетті. Ұлттық қолөнердің ордасы болған ауыл мәдениетінің іргесі сөгіле бастады. Ел ішінен іскер, ісмерді шаммен іздесең де таппайсың». Бір ағайын осылай дейді. Сәрсенбінің сәтінде аудан орталығынан 145 шақырым қашықтықта жатқан Т.Көмекбаев ауылында іссапарда болып, оның тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауыл жұртшылығымен жүздескенде мұның жалған екеніне көз жеткіздік.
Төрт күн жауып, кебе бастаған жаңбырдан кейінгі ауа жанға қуат бітіргендей. Жосалы кентінен шығып, межелі жерге жеткенше тақтайдай түзу жолмен алға қарай жүйткіп келеміз. Жолдың екі беті жаңа көгере бастаған жусан, раң. Әсіресе, сиякөк гүлді құртқашаш көктемнің келгенін білдіргендей әр жерден бір қылтияды. Даланың сүйкімді шөбі – сексеуіл де «келдіңдер ме?» дегендей, ауылға жақындаған сайын жиілей берді. Самғау биікте қарақұс қалықтап, төмендегі бізге сәлем бергендей айнала ұшып жүр. Әнебір үш тасбақаның бірінен соң бірі тізіліп жолды кесіп өтіп бара жатқаны да көңілді қозғайды. Наурыз келгелі балпақта тыным болсайшы. Тіпті емін-еркін. Балпаң басып, ештеңеден қорқар емес. Қызылқұмның табиғатын тамашалап отырып, ауылға да ат басын тіредік. Елге келгенімізде алдымен алдымыздан кездес­кен «Байнаш» каналында балыққа қармақ салған балалар болды. Каналдан өтіп, ауыл әкімшілігіне «ақ тұлпарымызды» аяңдаттық. Кеңсе алдынан ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Алымжан Әбдиев күтіп алды. Ашық мінезді. Сөзге тосылмайды. Не нәрсенің де байыбына, ретіне қарай иіледі. Сөз төркінін – туған жер, оның тарихы мен тұнған шежіресіне әкеп тіреді. Әкімшілік мекемесіне қарайғы алаңқайда Т.Көмекбаев ауылының қазығын қаққан, Ұлы Отан соғысының ардагері әрі кеңшардың алғашқы директоры Қаратай Қуаңбаев атындағы саябаққа өзі жол бастады. Бақ – 2014 жылы ашылған. Аудандық газеттің бас редакторы Дастанбек Садық, басылым қызметкері Ерсін Сәдуұлы үшеуміз бас маманның әңгімесін ұйып тыңдаудамыз. Жалпы, ауылда істеліп жатқан орайлы істер көп. Саябақ таза, ұқыппен күтілетіні көрініп тұр. Атшаптырым жерді алып тұрған бақтың іші – аса әсерлі. Баққа қарсы клуб, кітапхана, әкімшілік, балабақша, сондай-ақ «Хақназар» мешіті орын тепкен. Айтулы баққа жапсарлас Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы саябақ бой көтерген. Қарық шетіне егілген жас шыбықтар желмен тербеледі. Ескерткіш тақтаға кеудесін от пен оққа тосып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан 64 майдангердің тізімі жазылған. Бақта аз-маз аялдап, ата-баба рухына тағзым еттік. Жолсеріктің айтуынша, түнде бақтың аспалы шамы жарқырап, айналасына сәулесін шашады. Ескерткіш тақтаның ортасында қазақтың батырлығын паш еткен батыр бабаның құйма бюсті қойылған. «Ауылына қарап – азаматын таны» демекші, ауыл азаматтары мен мектеп бітіруші түлектердің жанашырлығы – алтынды қолмен құй­ғандай. Мысалы, 1989 жылы туған ау­ыл азаматтары «Ойын алаңын» салса, 1991 жылы туғандар Наурыз мерекесі қарсаңында ел игілігі үшін киіз үй (темір сауыт) сыйға тартқан.
– Т.Көмекбаев – қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ірге тасы 1964 жылы қаланған. Ауылдың жер көлемі – 30780 гектар болса, елді мекенде 270 отбасы тұрады, – дейді А.Әбдиев.
Бүгінде Қазақстанда 6500 ауыл болса, оның әрбірі өзінше ерекше. Сол секілді Т.Көмекбаев ауылының да өзіне тән қоңыр тіршілігі, шаруашылығы, тарихы бар. Кеңшардың тарихи атауы – Аша. Оның ауылға кіре берістегі екі жолдың аша тәріздес екі жаққа айырылуына байланысты аталғанын айтады, – көнекөз қариялар. Кешегі Кеңес дәуірінде облыс бойынша мал басын көбейтуге орай қайта құрылған облыстағы 6 кеңшардың бірі – осы елді мекен. Бұл кезде кеңшар – «Жаңақала» атын алды. Ал, жаңаша тыныс-тіршілік әкелген тәуелсіздік тұсында ауылға Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімі берілді. Иә, бұл – мал шаруашылығы бойынша ауданнан жалғыз Еңбек Ері, «Еңбек Қызыл Ту» орденді шопан Әділбек Хайруллаевтың, «Құрмет белгісі», «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Қаратай Қуаңбаевтың, ауылға еңбегі сіңген Нәби Жалмағанбетов, Қасым Жүсіпов, Айтуар Бисенов, Талғат Әбуов, Сәт Құлжанов, Боранбай Құлшығаев, Әбдіхалық Мұратов, сондай-ақ Жаңабай Таңсықбаев, Әбіл Тоқсанбаев, Тайжан Жолмаханов, Анық Кетебаев пен Төлеутай Текебаевтың ауылы, бұл – Ұлы Отан соғысында жан алысып, жан беріскен Қалжан Тыңқыбаев, Баха Шаймаханов, Құтпанбай Аханов, Шәріп Жақсығұлов, Садық Кетебаев, Қамаш Орақбаев, Тайман Жолмақановтың киелі мекені, бұл – қызу еңбектің көрігін қыздырған Сайлау Жанбаев, Қуанышбике Сүйінтаева, Демеу Жайықбаев, Шерепет Мырзабаев, Сейділда Жұмабаев, Рүстем Ахметов, тағы басқасының маңдай тері тамған туған өлкесі.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».

08 сәуір 2019 ж. 1 827 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031