» ҚУАҢДАРИЯ САПАРЫ

ҚУАҢДАРИЯ САПАРЫ

Әншейінде көлікке мінсем жол бойы көзім бақырайып отыратын. Бұ жолы тәтті әңгімелерді дәмін кіргізе көнекөздер жарыса айтып жатқанда көзім ілініп кете берді. Құдай-ау, маңызды сапарда мұнысы несі?! Болған оқиғаларды қаз-қалпында тарихи маңызын жоймастан тәптіштеп, тәттілеп айтып келе жатқан ВЪетнам соғысының ардагері Иса көке Бейсенов құла түздегі барымташылардан бастап, сонау ВЪетнам еліндегі қанқұйлы соғыстың жай-жапсарын түсіндіргенде көз алдыңа көлбеңдеп, оқиғалардағы сұлбалар келеді екен. Құдды бір мен сол сәттерде мән-жайдың бел ортасында жүргендеймін. Көлік Қурайлыдан бұрылып, Қуаңдарияны бетке алды. Үш ауылдың үстінен өтіп, төртінші ауылға табан тірейміз. Бесіншісі – Т.Көмекбаев атындағы ауыл.

Ел еңсесін енді ғана тіктеп, тәуел­сіздігімізді ала берген сәт. Одақ­тың ыдырағаны біз секілді бір­неше мемлекетке тәуелсіздік алып беріп, еншімізді алып бөлек кеттік. Онда да «желкемнің шұқыры көрсін» деп емес, өз алдымызға ел болғанда дипломатиялық қарым-қатынасты ны­ғай­татын орманды елмен бейбіт түрде жолымызды екіге айырдық. Әлбетт­е, оған дейінгі жағдайларды айтпа­ғанда. Бұрын Құдайды ұмыт­тыруға талпынған қылышынан қан тамған қызыл империяға үрке қарап, айтқанына құлдық деп мешітті де қойма, қораға айналдырғанымыз жанымызға батып, дереу имандылық ордаларын қалыпқа келтіре бастадық. Мешітсіз ауыл атану арымызға сын еді. Ауылдың тумасы Иса Бейсеновтің бастамасымен һәм ұйытқы болып, қолға алуының нәтижесінде Қуаңдариядағы мешіт Қазақстанда алғашқылардың бірі болып тіркеліп, 1992 жылы аудандағы жалғыз имандылық ошағы болып жамағатқа есігін айқара ашқан.
– Ең алғашқы имам осы күнгі Шегебай ағаңның әкесі Құндақбай болатын. Елді имандылыққа шақырып, жақсы жұмыс істеді. Нәтижесіз болған жоқ. Кеңестік көзқараспен қалыптасып, «дін – апиын» деген ұғымды санаға сіңіріп өскендердің діннің қадір-қасиетіне бойлауы қиын ғой. Әупірімдеп жүріп, маңдай термен осылай алғашқы мешітті салдық. Күрделі дәуір болатын. Егемендігімізді алғанмен тәй-тәйлап енді ғана қадам басып келе жатқан ел едік. Алдымен иманымызды түзейік деген бастамамен салынды, – деді Иса Бейсенов жолдағы емен-жарқын әңгімеде.
Тақтайдай тегіс жолмен сырғып отырып, Ақжар мен Тұрмағамбетті артта қалдырдық. Көненің көзіндей, игі жақсылардың сарқыншағындай тумысы бөлек дара тұлғалармен әңгіме-дүкен жол қысқартып, Қуаңдарияның төріне жеттік. Алдымен үлкендерге сәлем бере бардық. Бірнеше үйге қолымызды кеудеге қойып «Ассалаумағалейкүмді» айттық. Апырмай, осы ауыл дегенді қойсаңшы. Барсаң, тынысың ашылып, қым-қуыт тірліктен алыстап, тіпті қажет десеңіз, смартфонның өзін сипақтағанды қоясың ғой. Бәрі бір-бірімен ағайын. Қаладағыдай «келдің-ау, кеттің-ау» демейтін көзқарастан ада қалған кеудесі ашық, көкірегі жарық шашқан адамдардан құралған ағеден жұрт қой. Құмы төбесіне көтерілген ашық алаңқайды қақ жарған асфальт жол орталық алаңды жанамалай өтеді екен. Әңгімеге Шегебай аға Құндақбаев араласты.
– Ауылдастардың ынтымағы мен бірлігі елдің аузында жүр. Құрдастар жиналып, елге сый әзірлеп жатса, келесі бір жылдың төлдері екінші бір игі істің құлағын ұстайды. Мына сахнаны да осы елдің тумалары сыйға тартқан. Тамаша дүние емес пе?! Бұған қазақ эстрадасының қаншама жарық жұлдыздары келіп, ән шырқады. Шайырлардың елінде өнерге деген құрмет осындай, балам, – деді марқайған көкем.
Мақтанатындай дүние. Ел аузында дейтіндейі бар. Облыс орталығында жүріп, сан мәрте естіп, қанық болғанбыз. Әр жыл сайын Ұлыстың ұлы күнінде туған елдің перзенттері тағзым жасай келеді. Мұндай үрдісті басқа ешкімнен кезіктірмейсіз. Дәстүрге айналдырған. Талай тарланның табаны тиген ұланғайыр атыраптың осындай қасиеті бар. Туған жер десе көңіл толқып, тұла бойың балқып, құйқаң шымырлап, бетің дуылдап, көзіңе жас іркіледі кейде. Онымыз адамдықтың бір бөлігі болса керек-ті.
Мешіт айналасына жұртшылық жиналып қалыпты. Аудан орталығынан келген ауылдастарымыз, ел ағалары деп екі ақсақалды жұрт құшақ жая қарсы алды. Құрметі де шексіз. Құрбан айт мерекесі қарсаңы еді. Имандылық ордасында ас беріліп, бір үлкен шараға барғанбыз. Мешіттің маңдайына «Сейтмұхамед Әзер мешіті» деп өзгеше жазылыпты. Кескін-келбеті де заманға сай.
– Бұрын салдырған мешітіміз құлауға айналды. Сондықтан бастама көтермесек, болмайтын болды. Мен қанша қаржы салуға мүмкіндігім бар екенін айттым, сонан соң жан-жақтан иман мәселесінде бей-жай қарамайтын жігіттер жинала бастады. Құрылыстың басы-қасында өзім жүрдім. Бұрынғы мешіт үлкен ас өткізер орынға айналды да, жамағат жаңа мешітке орнықты. Міне, бүгін Құрбан айт қарсаңында ас бермекпіз. Ауылға ат басын бұруымыздың да басты себебі осында жатыр, – деді Иса Бейсенов.
Мешіт имамының міндетін атқарушы Аман Егізбаев та елмен бірге шараның басы-қасында жүр. Бірлігі артқан ауылдың азаматтарын имандылыққа шақырып, жұртшылық жүзіне жүрегінен сәуле таратқан азаматпен де таныстық.
– Жүз елу адамға арналған имандылық ошағы. 2015 жылдан бастап жұмысын бастап, елге қызмет көрсетіп келеді. Барлық жағдай жасалған. Жұртшылықтың жұма сайын келуіне мүмкіндіктері зор, – деді имам міндетін атқарушы.
– Ел игілігіне жасалар істен ауыл азаматтары тартынып қалмайды. Жасы қырық тоғызға келген мүшел жастағылар жүз адамға шақталған ыдыс-аяқпен қамтамасыз етті. Мектеп бітіргеніне жиырма жыл болған түлектер көрпе-төсегін дайындады. Енді алдағы наурыз айында 1976 жылы туған азаматтар мешіт ауласын қоршап бермек. Осылай әрбіріміздің мойнымызда жауапкершілік бар, – деді ауыл әкімі Асқар Дәндесов үлкен ас тартылмас бұрын.
Асхананы аралап, мұндай ізгі бастаманың жемісін көріп жатқанына қуандым. Кезінде жұмыс бабымен немесе басқа себептермен қалаға қоныс аударғандар ата-бабасына Құран бағыштап, ас берерде де осында келеді екен. Ауыз суы ішінен сарқырап ағып тұр, ыдыс-аяғы, көрпе-төсегі жеткілікті. Мұның өзі бір ғанибет емес пе?! Дастарқан басында үлкендер ұлағатты әңгімеден ат басын жіберсе, кішілер құлақ тостық. Үлкен астан ұмытылып бара жатқан асатудың өзін ортаға әкелген ақсақалдардың қолынан дәм татып, «құлдық» дестік.
– Осы елдің ағасы деп, «орамал тон болмайды, жол болады» дегенді алға тартып, ортадағы ағамыз Жалғас Қайнаровқа шапан жапсақ деген ойымыз бар, ағайын. Елге сіңірген еңбегі, кейінгі ұрпақты тәрбиелеудегі дара болмысы өзгелерге үлгі болсын, – деген Иса Бейсенов тоқсан үшті толтырған ел ағасына шапан жауып, сый-сыяпатын табыстады.
«Елім» деген ерді қашан да туған ел төбесіне көтеріп сыйлайды. Ауыл азаматтары да бір ауыздан алғысын білдіріп жатты.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген қазақпыз ғой. Мына асханада отырғанымыз да, мешіттің жаңа кейіпке еніп, елге қызмет етуі де Исаның ауызбіршілігінің арқасы. Елдің ынтымағы мен бірлігі жарасса ғана біз өзгелерден оза аламыз. Осындай азаматтарымыз көп болғай. Ақсақалдарымызды құрметтеп, иығына шапан жауып жатыр. Еңбегін елеп, бағалай білуіміз керек, – деді ауыл ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ешмұхаммед Дүйсебаев.
Бір кездері жұртшылық ауылдан қалаға үдере көшкен дәуір болды. Жол да қашық, көлік те аз қатынады. Жарық мәселесі де халықты біршама тығырыққа тіреді. Амал нешік, жүрек жылап тұрғанмен, буынып-түйініп, арқаланып қалаға көшті, бірі аудан орталығына ат басын тіреді. Бірақ, қазір халқы сегіз жүзден асады. Тірлігі түзу, егінге емес, мал шаруашылығына қолайлы болған соң осы істі қолға алған. Елді мекендегі «Олжа» шаруа қожалығының төрағасы Болат Бөгетов те шама-шарқынша еңбек етіп, біраз адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біз бақша өнімдерін де егеміз. Он үш-он төрт гектардай қауын-қарбыз, картоп ектік. Ал, негізгі кәсіп мал шаруашылығы. Ауылдағы мектеп пен балабақша тынымсыз жұмыс істеуде. Іргемізде шекара заставасы бар. Жалпы, айнала қонған ел, қатарымыз да артуда, – деді Асқар Дәндесов.
Дастарқан батасы беріліп, орнымыздан тұра бастадық. Бұл күнге жетпеген ата-бабамызға Құран бағыштап, қол жайып, кейінге жол тарттық. Шетелдік көлік сырғып келеді. Жолда аялдаманы көзім шалды. Бұрын-соңды көрмеген соң, маңайында бұрындары ел болған шығар деп сұрағанмын. Шегебай ағам «Келіншек күтетін аялдама осы» дегенде, ел аузында аңызға айналған аялдаманы тоқтап, бір көрмесек, онымыз жараспас деген оймен маңына барып көрдім. Қолда бар құнды жәдігер ғой. Иә, ауылдағы жеңгелеріміздің бәрі ауылға келе жатып, алдымен осы жерге аялдап барып табалдырықты аттаған шығар. Алғаш келіншек боп келе жатып, табан тіреген жерлері көздеріне оттай басылар, бәлки. Иә...
Түйін.
Туған жердің әр түкпірінде тарихқа тұнып тұрған шежіре бар.Тек тамырын тартып, терең бойлай білсең, болғаны. Иса көке Бейсенов пен Шегебай көке Құндақбаевпен бірге бірлігімен елге танылған Қуаңдария ауылына да осылай табан тигіздік. Бұл ауылдан талай мықтылар шығып, бүгінде елдің әр аумағында еңбек етіп жүр. Туған жерден түлегендер елді ұмытып кеткен жоқ. Өйткені, ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді...
Дәулет ҚЫРДАН
---
24 қыркүйек 2018 ж. 1 432 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031