» » ОРТАЛЫҚ АЛАҢ МАЛ ЖАЙЫЛЫМЫ ЕМЕС

ОРТАЛЫҚ АЛАҢ МАЛ ЖАЙЫЛЫМЫ ЕМЕС

​​​​​​​​​​​​
Бір сенбіде таксиге мініп, базарға келе жатырмын. Көлік жүргізушісі жас та болса сөзшең екен. Мені танып, әр тақырыпта әңгімені айтуда. Бірақ, оның не айтып жатқанын бірде естіп, бірде естімеймін. Ойым басқа жақта. Ойланып кетіппін. – Аға, – деген дауыстан елең еттім. Көлік жүргізуші маған қарап: –Қатты ойға кіріп кетіпсіз, бұзып жіберген жоқпын ба? – деді
–Жоқ.
–Онда аға, мен сізге өзімді көптен толғандырып жүрген бір сауалымды қояйын. Жауап бересіз ба? – деді.
Мені оған бұрылып: –Алдымен тыңдайын, содан соң қойған сұрағыңа жауап болса әрине беремін,–дедім.
–Ағасы, жыл сайын көктем мен күзде үйіп-төгіп түрлі ағаш көшетін, қытайдың түрлі гүлін егеміз. Оны күтіп-баптаймыз. Аудан орталығы көрікті де заман талабына сай болуы керек деп, миллиондап аудан бюджетінен қыршып алып қаражат жұмсаймыз. Орынды. Өте дұрыс. Бірақ, сол еккен өскіндеріміз көшеде егесіз жүрген мына әрбір малға жем болсын деп егеміз бе? Бүгінде кенттің қай жеріне барсаң да еркін жайылып жүрген түрт түлікті көресіз. Бұл рас. Сіз талай газет бетіне тазалық туралы жазып жүрсіз. Одан шыққан нәтижені көрмей жүргендеймін. Ана жатқан қоқысты айтпай-ақ қойсам да болады. Қанша жазғаныңызбен бұл ретке келмейді. Одан да сіздің жазарыңыз басқа тақырып болсын, – деді. Баланың жүзіне қарасам расымен де түңілу бар. Үндеген жоқпын.
Содан соң бұрылып оң жағыма қарадым. Расымен де «Ана мен бала» ескерткіші саябағында жайқала өсіп тұрған өскіндерді екі сиыр мойынын созып жеп тұр. Одан әрірек тағы бір сиыр жүр салық басқармасының талдарына мойнын созып.Мен үнсізбін.
«Мына бала мені пышақсыз сойды-ау», – деп қоямын ішімнен. Көлік жүргізушіге қарасам ол әлі бірдәнелерді айтып келеді. Міне, базарға да келіп жеттік. Жүргізушіге жолақымды бердім де көліктен түстім. Ол маған жымия күле қарап: – Аға миыңызды ашытып жіберген жоқпын ба? – деді. Мен оған күле қарап, «жоқ» дегендей басымды шұлғыдым.
Бірақ, ол менің ойыма ой салғанын білген жоқ еді.
Базарға барған жұмысым біткен соң жаяулатып кенттің біраз жерін араладым. Манағы такси жүргізушінің айтқаны рас екеніне көзім жетті. «Ардагерлер аллеясының» екі жағында үш-төрт сиыр жүр талдарға мойын созып. Әні, қызыл қасқа біреуі тұр, көшенің қақ ортасында келе жатқан көлікке жол бермей. Сүлейменов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үй алды да толған сиыр. Әрі қарай жүріп келем. Қайнарбаев пен Сүлейменов көшесі қиылысында тағы сиыр тұр үйілген қоқыстан жемтігін іздеп, тіпті мүйізімен сүзгіліп қаптарды ашуға ұмтылуда. Кері қайтып, Қорықт ата көшесімен орталық алаңға да жеттім. Манағы сиырлар енді алаңның екінші жағына шыққан екен. Бірақ кент әкімдігінің күзетшісі Сәрсенбай оларды қуып әлек. Мені көріп: – Ау, Нұрбай-ау мынау не болды. Мына сиырларды қашанғы қуамыз. Әлде жиендік істеп қамап қойсам ба екен, – деп те қояды күліп.
–Жиендік істеймін деп жүргенде бұл сиыр өзіңнің туысыңдікі болып жүрмесін, – деймін күліп.
–Ол да мүмкін пәтшағар, кәзір қуғанмен сәлден соң қайта келеді ғой. Егелерін қалай тапсақ екен, – деп сиырларды әрі қарай қуып жіберді.
Сәрсенбаймен сөйлесіп тұрғанда ар жағынан кент әкімі Шыңғыс Сыдықов та келе қалды.
Келе сала ол да әңгіменің төркіні мал жайлы екенін біліп, өз уәжін айтуда.
–Шыңғыс, орталық алаң май жайылымы болған-ау деймін, – дедім не айтар дегендей оған қарап.
–Ой, аға орталық алаң ғана емес, қазір кенттің қай жеріне барсаңыз да малдың еркін жайылып жүргенін көресіз. Бұрындары түйе, есек, жылқылар да жүретін. Түйкештермен сөйлестік. Олар берген уәделерінде тұрды. Есектер де жоқ. Бірақ, мына сиыр мен жылқының мәселесін шешу қиынға соғып тұр. Аудандық басылымға да жарияладық. Нәтиже жоқ. Сиырлар кенттің шетінен келмейді. Олар осы орталық тұрғындарының қорасынан шыққандар. Қанша рет ескерту бердік, бірақ амал таба алмай отырмыз. Қамадық та, кенттің сыртына шығарып жібердік те, болмады. Өзіңіз көріп тұрғандай, мына қуып жіберген сиыр, сәлден соң осы жерге қайтып келеді. Оған еш күмәнім жоқ, – деді.
Иә, Елбасы мал шаруашылығын өркендету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламаларға қолдау көрсетуде. Бұл құптарлық іс. Десе де, қазақ ұрпағы қашанда төрт түлікпен өмір сүрген халықпыз. Бірақ, сол малды ауыл сыртында, не болмаса ерте азанмен қаланың сыртына шығарып жіберіп, кешке өрістен күтіп алсақ, бұл әдіс ешкімге де артық болмас еді.
–Мен бірер жыр Қазалыда қызмет еттім. Бір байқағаным. Қазалы кентінде де мал ұстаушылар көп. Ерте азанмен орталықта тұратын әрбір тұрғын өз иелігіндегі малын жетелеп, падаға қосып, өріске айдап жіберсе, кешкі сағат жетілер шамасында күтіп алады. Ал, бізде ше, кей тұрғындар ерте азанмен аула есігін ашып, сиырын көшеге шығарып жібереді.Тіпті, кейбірі айдап әкеліп, үй жанындағы саябақ ішіне кіргізіп те жіберетінін көрдік. Міне, сол еркіндікке шыққан Қамбар ата ұрпағы қайда барады. Әрине көше кезіп, талдардың жапырағы мен қоқыстан тапқан олжасын жеп кешке дейін жүреді. Кешке қарай жұмыстан қайтқан егесімен бірге үйіне келеді. Жосалы кентінде төрт бағытта пада ұйымдастырылған, бірақ ол аз. Паданы көбейту мақсатында жұмыс да істеп жатырмыз. Тіпті, осындай жұмысты істеймін деген азаматқа көмек беруге де дайынбыз. Айыппұл салайық десек заңға қайшы. Әттен, қолдан келер дәрмен жоқ. Тазалық жайлы айтпаса да болады. Кенттің екі бетінде екі мекеме тазалық жұмыстарын атқарады. Үлгермейді. Мына көшедегі қоқысты қазір алып кетсе, сол көлік кете салысымен сол маңдағы тұрғындар артынша толтырып қояды. Үйден шыққан қоқыстың көбі мал қиы, қыстан шыққан күл мен сарайда жылдар бойы жатқан тұрмыстық қалдықтар. Жақында ұялы телефоным арқылы мына көріністі түсіріп алдым. Бұл Әуезов көшесі бойында болған оқиға. Оразаның кезі болатын. Қасыма екі көмекшімді ертіп алып, азанмен көп қоқыс төгіледі деген аймаққа келіп, көлігімді тасалау жерге қойдым да «нарушительді» күттім. Жарық көріне бастаған азаңғы мезгіл. Көп күттірмеді. Мектеп жасындағы бала арбасымен қоқыс жиналған жерге жақындады. Келіп қоқысты төкті. Мен оны бейнебаянға түсіріп алдым да жанына келдім. Сол мезетте қайдан келгенін байқамадым. Егде тартқан ана жүгіріп келіп маған тап берді. Менің кім екенімде, жұмысы жоқ, келе айқайлай жөнелді. Содан соң әлгі үлкен кісіге түсірген бейнебаянымды көрсеттім. Енді осындай жағдай қайталар болса, айыппұл салатанымызды айттым. Үлкеннің аты үлкен ғой, енді мұндайға бармайтынын атып уәдесін берді. Тіпті, төккен қоқысын арбаға қайта салып үйіне алып кетті. Мүмкін түсінген шығар. Оны сол кісінің санасына бердік, – деп әңгімесін аяқтады кент әкімі.
Иә, «Тазалық бар жерде өмір бар», – дейді дана қазақ. Мен тұратын аймақта да қазір мал, әсіресе сиыр кезіп жүр. Таңертең Аэропорттан асырып айдап жіберген малымыз түс қайта ауылға кіреді. Мөлтек пен Әуезов көшесін мал басады. Келеді де көше бұрышындағы қолдан жасалған суатқа бас ұрады. Оның ішінде менің де сиырым бар. Тұрғындармен әңгімелестім. Бәрінің де айтар жауабы жайылым жақсы, бірақ суат керек. Жайылым басында мал ішетін суат болса сол кезде азанмен өріске айдалған төрт түлік кеш бата үйге қайтар еді. Қазір жайылымда шөп мол шыққан. Пада да жоқ, өткен жылдары уақ малды кезекпен бағушы едік. Ол да қазір тоқтап қалды. Пада ұйымдастырылса құба-құп болар еді дейді тұрғындар. Мүмкін ол рас та шығар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
22 шілде 2018 ж. 1 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031