Әкім есебі: Ауылдағы су мәселесі түбегейлі шешілген
ЖОСАЛЫ, 22 қаңтар – qarmaqshy-tany.kz Алғашқы есеп беру кездесуі Кеңес Одағының батырының есімімен аталған Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінде басталды. Бұл ауылдық округ Жосалы кентінен 120 шақырым қашықтықта орналасқан, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында алғашқы сөзді ауылдық округ әкімі Ғалымжан Ақжігітов алып, 2019 жылы атқарылған жұмыстарды талдап айтып өтті. Ауылдық округте қазіргі таңда мектеп, балабақшамен толық қамтылған. Ауыз су мәселесі түбегейлі шешілген. Ауылдық округ тұрғындарына 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы халық алдындағы есебі туралы аудан әкімі Мұса Оспанұлы баяндады. Өткен жылы Көмекбаев ауылдық округі бойынша Қуаңбаев көшесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілсе, №185 орта мектептің бу қазандығын сұйылтылған газге ауыстыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 23,1 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс толығымен аяқталды.
Алдағы жылы ауылдық округте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, өндіріс пен қызмет көрсету бағытында кәсіпкерлік жобаларды іске асыру міндеті жүктеліп отыр.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, аудан басшысынан жауабын алды.