» » » Ғасырға жуық ғұмыр

Ғасырға жуық ғұмыр

Қазақ қариясын құрметтеп, қартын қадірлеген халық. Елбасына күн туып, жау етектен алған қилы заманда да ақсақалын төрден түсірмей, ақжаулықты аналарын ардақтай білген елдің ұрпағы екеніміз белгілі. Әр халықтың бойында сонау заманнан бері қалыптасып, оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу.
«Атадан бота қалғанша, бата қалсын» дегендей батасымен елін көгертіп, өнегелі сөзімен ұрпағына тәлім-тәрбие беріп жүрген жанның бірі, тыл, еңбек ардагері, көпбалалы ана – Алмагүл Кенбаева. Тоқсанның алтауын алқымдаған әжемізге мереке қарсаңында арнайы барып, әңгімесін тыңдадық. Редакциядан келгенімізді естіп, балаша қуанды. «Газеттің соңғы нөмірін жаңа ғана парақтап болып едім, әр нөмірін асыға күтіп оқимын» деп бізге жанындағы газетті көрсетті. Бір қызығы, апамыз жасының үлкендігіне қарамастан көзілдірікті пайдаланбайды екен. Тіпті инені де өзім сабақтай аламын деп бізді таңқалдырды. Иә, Алмагүл әжені бір көрген адам тоқсанның төріндегі жасты бере қоймайды. Себебі әжей әлі де тың. Отырып-тұруы, жүріс-тұрысы, қимылы ширақ. Өмірдің талай өткелінен өтіп, бүгінде үлкен әулеттің қамқоршысына айналған әжейдің өмір жолына аз-кем тоқталсақ.
Алмагүл Кенбаева Қазалы ауданына қарасты Байқожа ауылында 1926 жылы дүниеге келген. 1934 жылы мектепке барып, 7 сыныптық білім алады. Қанқұйлы соғыс басталғанда 1 әке, 2 анадан тараған 9 бауыры соғысқа аттанады. Жат жерде Отан үшін алысқан бір үйдің тоғыз баласы осы соғыста опат болады. Сонымен қатар Алмагүл әжейдің әкесі Жайлыбай да соғыста жан берген. Қатал соғыс ерте есейткен Алмагүл анасымен бірге ерте тұрып, кеш жатып, күріштікте масақ теріп, шұлық тоқып майдандағы азаматтарға жолдап отырған.
1944 жылы Байқожа ауылынан 40 қызды эшалонға тиеп, Қызылорда қала сындағы плотинаға қолдап құм тасуға жібереді. Осы қырық қызды 4 бригадаға бөліп, оның біреуіне бар болғаны 18 жастағы Алмагүлді бригадир етіп тағайындайды. Жас болса да зеректігімен, ақылдылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен А.Кенбае ваның адал еңбегі еленіп, «иіс су, кір сабын, жеңсіз көйлек, қиық орамалды» сыйлыққа алған. 1945 жылы соғыс аяқталған тұста, қолдарына «тылда» жұмыс атқарған деген құжат беріп, ауылдарына қайтарған. Еңбекпен шыңдалған кейіпкеріміз ауылға оралған соң, ауданға қарасты Октябрь кеңшарының фермасында сауылған сүттерді тартып, майын үкіметке өткізіп, фермада жұмыс атқарып, бұл жерде де марапат төрінен көрінген.
1947 жылы жары Қаспаймен отбасын құрып, төрт түліктің бірі – қой бағумен айналысады. Өздерінің ең бексүйгіштігінің арқасында Октябрь кеңшарында 1947 жылы алдарына салған 600 бас қойдан шығын шығармай адал еңбек етіп, 1962 жылы Қармақшы кеңшарына осы қойымен ауысып, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Осы уақыт аралығында ақ-адал еңбектерімен көзге түсіп, бірнеше рет орденмен марапатталып, түрлі сыйлықтарды иеленген. Мәселен, 1975 жылы жары Қаспайдың құрметіне «Қаспай» бұлағы ашылып, «Қызыл кітапқа» енгізілген. 1978 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағынса, 1979 жылы «Нива» автокөлігін, кейіннен «Жигули», мотоцикл, сондай-ақ ол уақытта көптің қолы жете бермейтін кілемді де сый ретінде алған. Қойдың соңында, түйенің қомында жүріп 9 баланы өмірге әкелген.
– Ол уақытта қазіргідей перзентхана жоқ. Толғағымыз қысқанда түйеден түсіп, келген жерімізге тоқтап, босанып алатынбыз. 9 баланы да осылай қой бағып жүрген кезде өмірге әкелдім. Өкінішке орай, үшеуі шетінеп кетті. Қазір алты баладан тараған ұрпағымның қызығына бөленіп отырмын, барына шүкір. Балаларымның алды зейнеткер, ата-әже болып отыр. Жолдасым екеуміз бас қосқан соң, бірыңғай қойдың соңында жүрдік. Алайда одан жаман болмадық. Отағасым қойды шөбі шүйгін жерлерге күні бойы жайып әкелсе, мен үйде қалған қозыларға бас-көз боламын. Олардың төлдеуі мен есебіне мен жауапты едім. Ол кезде қой үшін жан беруге дайын едік. Басқа малшылар қорадағы қойынан айырылып, саны кем болып жатады. Менен де шығын болды. Алайда мен өзіміздің жеке қойымыздан шығынның орнын толтырып, үкіметтің қойын түгендеп отыратынмын. Жыл сайын алған төліміздің де саны арта түсті. Қойымыз да өзгелерге қарағанда семіздеу болатын. Бұл біз үшін үлкен абырой болды, – дейді ақ жаулықты әжей.
Қой артында ілесіп, көрген қиындықтары мен бүгінгі заманның кеңшілігі туралы әңгімелеген әжей үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды ел қатарына қосып, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырғанын айтты. Бүгінде ұл-қыздарынан 28 немере, 47 шөбере, 8 шөпшек сүйіп, отбасының берекесі мен мерекесіне айналып отырған жайы бар. «Әр заманның өзіне тән еншісі бар. Алайда бүгінгі күніміз еркіндік пен кеңшілікке толы ғой. Басшымыздың арқасында елімізде өркениетіміз қанат жайып, дәстүріміз жаңғырып, дініміз тұрақталды. Ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз қайта оралды. Хал қымыздың жағдайы неғұрлым жақ сарды. Қазіргі басшы да игі жұмыстарды жүзеге асырып, халықтың жағдайын бүгінгіден де жақсартуға байланысты ой қозғап келеді. Бұл – ұрпағымыздың басына қонған бағы мен байлығы» дейді кейіпкеріміз. Сондықтан да жас ұрпақтан әжейдің күтетіні көп. Ұрпақтары үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, дәстүрге сай тәлімді тәрбиеге қанып өссе екен деген тілегін жеткізді.
– Ал ұзақ жасаудың сыры – адалдықта деп ойлаймын. Қандай нәрсе жасасаң да адал ниетпен, шын ықыласпен жасау маңызды. Біз уақытында үкіметтің қойын бақсақ та, пайдакүнемдікке берілмей бар ынта-шынтамызбен беріліп жұмыс істедік. Бүгінгі бағымыз – осы ақ адал еңбек пен маңдай тердің арқасы болса керек, – дейді ол.
Иә, «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шындығында өскелең ұрпаққа өсиетін айтып, жолға жүрерде ақ батасын беріп отыратын осындай қазыналы қарттарымыз төрімізде отырса, жастарымыз алған бетінен қайтпасы, жолынан адаспасы анық. Сол сияқты өткен өмірінен сыр шертіп, еткен еңбектерін жіпке тізіп, Аллаға шүкіршілік етіп отырған әжеміз ұрпақтарының адал, еңбегінің жемісті, жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын болуларын тілейді. Аузынан «айналайыны» түспеген ақжаулықты ана Отанын, елін, жерін сүйер азаматтар көп болса екен деген тілегін айтып, ақ батасын берді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 қазан 2022 ж. 507 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031