» » » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

Аудандық газет 1963 жылдың мамыр айынан «Коммунизм шамшырағы» деген атпен шықты. Осы 1963 жылдың сәуірінен бастап 1990 жылдың ақпан айына дейін газет редакторы болып 27 жыл Әзілхан Аманов жұмыс істеді. Ол газеттің көркеюіне, гүлденуіне, сапасы мен санының өсуіне аса көңіл бөлген. Жазуға қаламының ебі бар жастарды бауырына тартып тәрбиелеуде Ә.Амановтың ағалық қамқорлығы ерекше болды. «Қаламын ұштай келе қабырғалы журналист қатарына қосылған Рашид Жарылқасынов, Қанибек Молдахметов, Оқас Тәженов, Сәнтөре Пірманов, Кенже Күмісбаев, Күлпариза Ахметова, Бақыт Қаналиева, журналистік қызметін осы газеттің корректорлығынан бастап, Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінің редакторлығына дейін көтерілген Мырзамұрат Ілиясов – Әзекеңнің шәкірттері. Осылардың бәрі редакция жұмысына дипломсыз келгендер. Әзекең осынау жасөспірім толқынның жұмыс істей жүріп, сырттай жоғары білім алуына қамқор болды» деген жолдар редактордың қамқор көңіліне риясыз сендіреді.
Жылдар бедеріндегі газет мазмұнын редактордың мына жазбасынан аңғаруға болады. «Газет 1963 жылы 1 майдан бастап төрт бет болып «Коммунизм шамшырағы» деген атпен шығарыла бастады. Бұл партия мен үкіметіміздің еңбеккерлерге коммунистік тәрбие берудегі газеттің рөліне бұрынғыдан да үлкен маңыз беріп, қамқорлықпен қарағанының айғағы. Аудандық газет соңғы жылдары экономика мен мәдени құрылысқа табысты жетудің алғышарттарының бірі – социалистік жарысты жүйелі де мақсатты жазуға айрықша көңіл бөліп келеді. Газет мал шаруашылығын өркендету мәселесіне де үнемі көңіл бөледі. Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу туралы партия алға қойған міндетті орындау жолында күресіп жатқан екінші тыңның ерлері жайлы мазмұнды мақала, ойлы очерктер үнемі жарияланып келеді».
1970 жылдары газетке жаңа – жас буын келіп қосылды. Олардың қатарында Ибрагим Бекмаханов, Мейрамбек Битенов, Бақыт Қаналиева, Күлпариза Ахметовалар бар.
Ақпарат саласының үздігі Ибрагим Бекмаханов бұл жайында «Оқушы күнімнен жаныма жақын «Коммунизм шамшырағы» газетінің редакциясына 1974 жылдың маусымында корректор болып жұмысқа кірдім. Одан бұрын әскерден оралып, Жосалы кентіндегі No149 кәсіптік-техникалық училище жанындағы шоферлар дайындайтын курсты бітіріп, аудандық мәдениет бөлімінде автоклубтың шофер-механигі болып жұмыс істеп жүрген кезім. Шығармашылығым да бар, аудандық газетте өлең, мақалаларым жиі жарық көретін. ...Бірде малды ауылдан оралып, мекеме ауласында машинамның ақауын жөндеп жатқанмын. Механигіміз Дарияш Ысқақов жаныма тақап келіп, шаң, май болған үстіме қарап: «Бауырым-ау, бұл жұмыс қиын ғой... Болашағың әлі алда. Реті келсе мұны қойып, жазатының бар, газет жағына қызметке ауысып кетпейсің бе?» деп ағалық жанашыр сөзін айтты. Мен ойланып қалдым. Әр нәрсеге бір нәрсе себепші болады ғой. Көп ұзамай аудандық газеттің редакторы Әзілхан Амановтың алдында отырдым. Мұнда бірден тілші болам деп келгем ғой. Редактор кісі маған көзілдірігінің астынан шұқшия қарап «Иә, інім, жазу талабың бар. Бірақ бізге ақын емес, тілші керек. Қаласаң әзірше корректор етіп алайық. Жұмыста жақсы көрінсең бір жылдан соң, әдеби қызметкер болуың ғажап емес» деп маған жылы шырай танытты.
Міне, осылайша мен аудандық газеттің «кухнясына» кіріп, редакторым айтқандай, жұмысты корректорлықтан бастадым. Бірақ мақала да жазып жүрдім. Редактор сөзінде тұрды. Бір жылдан соң радиохабарын ұйымдастырушы, одан соң тілші, аға тілші болдым. Сөйтіп мен аудандық газеттің «кухнясына» сүңгіп кеттім... Сәті келіп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түстім. Мұнда небір ғұлама ұстаздардың дәрісін тыңдап, журналистиканың қыр-сырына қаныға түстім. Сонда бір есте қалған жайт бірде Құсайынов деген ұстаздың: «Аудандық газеттің кухнясынан өтпеген журналист - журналист емес» деген сөзі жадымда қалған еді. Бұл енді тәжірибеден алынған сөз ғой» деп жазады.
Бұл жылдар туралы сол кездегі ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі, жылдар бедерінде редакцияда корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары деген қызмет сатысынан өткен Бақыт Қаналиева «Мен қызметке қабылданған кезімде газет редакторы Әзілхан аға Аманов еді, орынбасары Сапабек Махмұтов, жауапты хатшы Рашид Жарылқасынов, бөлім меңгерушілері Қанибек Молдахметов, Қаршыға Бүркітбаев, әдеби қызметкер Өмірзақ Оспанов сынды шығармашылықтың жілігін шағып, майын ішкен майталмандар болды. Көркем ойларын қиыннан қиыстырып, әр сөйлемнің астарын маржанға айналдырып, тереңнен інжу теретін ағалар шеберлік мектебінен өткізді. Мақалалары ауыздан ауызға іліккен қарт қаламгер журналистердің біразы қазір арамызда жоқ. Бірақ олар жазған мақалалардан ізгілікті, парасаттылықты, адамгершілік қасиетті көреміз. Ағалардың мамандыққа деген адалдығы, шығармашылық талапшылдығы, еңбекке көзқарасы, өмірге жалынды жігері, ізденімпаздығы ойымызда қалды. «Қанибек шопандардың бала-шағасына дейін таниды» дейтін Әзілхан аға» деп жазады. «Ол уақытта сауда орындарына жиі-жиі рейд жасалып тұратын. СЭС мамандары, штаттан тыс халықтық бақылаушы, ардагерлер арасынан өкілдер, т.б. міндетті түрде газет қызметкері бар құрам кез келген дүкенге келіп, сауда тәртібі қалай екенін бақылайды. Осындай бір рейдте Ә.Аманов ағаның зайыбы Қаршыға апаның дүкеніндегі кемшіліктер жазылып, газетке шығып кеткен жағдай болды. Жазған тілші апайды танымаған, ал редактор біле-тұра жарыққа жіберіп, зайыбының ренішін тудырғанына куә болып едік». Өмірдің өз суретіндей болған сол бір жылдардағы газет шежіресі осындай шынайылығымен қымбат-ақ.
Жасыратыны жоқ, бұл жылдары газет шығаратын баспахананың полиграфиялық жабдықталуы, техникалық жағдайы тым төмен еді. «Макалалар қолмен терілетін. Линотип машиналары жиі бұзылатын. Сондайда кезекшілік таңға дейін созылып, газет тым кешіктіріліп шығатын» деп еске алады ардагер журналист Ибрагим Бекмаханов.
Газетте қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен, «газетім – өмірім» деп білетін Бақыт Қаналиеваның «...Ол жылдары баспахана қызметі өте ауыр, әріптер қолмен терілетін. Бөлшектер жетіспейді, терім машиналары жиі-жиі істен шығатын. Соның салдарынан газет шығару ісін кей күндері таңды атырып, жаңа жұмыс күні басталып жатқанда әрең дегенде бітуші едік. Осы қиындықты баспагерлермен бірге кезекші журналист, жауапты хатшы, редактор да бастан өткізеді. Сонда да сол бір күндер қайтқан құстай қанат қағып ойға орала беретінін-ай. Баспахана директоры Шайхыслам Садықов, Жұматай Аймаханов ұжымда еңбек ететін жиырмаға жуық қызметкердің әрқайсысымен тіл табысып, қате жібермеуге, газет басудың полиграфиялық сапасын жақсарта түсуге ден қоятын. Жұмыс беймезгіл уақытқа созылса да әріп теруші, бет жасаушы, газет басушы қызметкерлер Тынымкүл Алдажарова, Күнсұлу Есмамбетова, Нұрсұлу Сұлтанова, Шәрікүл Молдабекова, Арыстан Қожабаев, Төлеген Сайтов, Дина Жөнейтова, Әсем Әбжәлиева, Шәмшагүл Битенова, Меңлібек Төлеков, Тынымкүл Иманбаева болсын қабақ шытуды білмейтін» деген естелігі де жоғарыда айтылған ойды толықтыра түседі.
Жастармен толыққан шығармашылық ұжымның әлеуеті «Әдебиет» (ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған), «Жігер» (жастарға арналған бет), «Өркен» (оқушылар шығармашылығына арналған бет), «Халықтық бақылау» (ауыл шаруашылығы, сауда, білім т.б. салаларда орын алған кемшіліктерді түзетуге арналған), «Жазира» (малшыларға арналған бет), т.б. жаңа беттер арқылы көрініс тапты. Бұл арнайы беттер аудан оқырмандарының көңілінен шығып ғана қоймай, облыстық деңгейде де оң бағаланды. Сол жылдарда аға басылым облыстық «Ленин жолында» (қазіргі – «Сыр бойы» ред.) аудандық газеттерге шолу жасалатын, соның бірінде «Коммунизм шамшырағының» «Жігер» бетіне жақсы пікір білдірілген. Бұл жайында ең жас маман ретінде «Жігер» бетін жүргізу жауапкершілігі жүктелген Бақыт Қаналиева «Бірде «Ленин жолы» газетінде «Жігер» деген арнайы бетімізге шолу жасағанын көріп, ондағы мақтау сөздерге қатты қуанғаным бар» деп жазады.
25 тамыз 2022 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 294

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 390

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930