» » Жаныма жақын басылым

Жаныма жақын басылым

Оқушы күнімнен жаныма жақын аудандық «Коммунизм шамшырағы» (қазіргі «Қармақшы таңы») газеті редакциясына 1974 жылдың 6 маусымында корректор болып жұмысқа кірдім. Одан бұрын әскерден оралып, Жосалы кентіндегі №149 кәсіптік-техникалық училище жанындағы шоферлар даярлайтын курсты бітіріп, аудандық мәдениет бөлімінде автоклубтың шофер-киномеханигі болып жұмыс істеп жүрген кезім. Шығармашылығым да бар, аудандық газетте өлең, мақалаларым жиі жарық көретін...
Бірде малды ауылдан оралып, мекеме ауласында машинамның ақауын жөндеп жатқанмын. Механигіміз Дарияш Ысқақов жаныма тақап келіп, шаң май болған үстіме қарап: «Бауырым-ау, бұл жұмыс қиын ғой... Болашағың әлі алда. Реті келсе мұны қойып, жазатының бар, газет жағына қызметке ауысып кетпейсің бе?, – деп ағалық жанашыр сөзін айтты. Мен ойланып қалдым. Әр нәрсеге бір нәрсе себепші болады ғой. Көп ұзамай аудандық газеттің редакторы Әзілхан Амановтың алдында отырдым.
Мұнда бірден тілші болам деп келгем ғой. Редактор кісі маған көзілдірігінің астынан шұқшия қарап: – Иә, інім, жазу талабың бар. Бірақ, бізге ақын емес, тілші керек. Қаласаң әзірше корректор етіп алайық. Жұмыста жақсы көрінсең бір жылдан соң, әдеби қызметкер болуың ғажап емес, – деп Әзекең маған жылы шырай танытты.
Міне, осылайша мен аудандық газеттің «кухнясына» кіріп, редакторым айтқандай, жұмысты корректорлықтан бастадым. Бірақ, мақала да жазып жүрдім. Редактор сөзінде тұрды. Бір жылдан соң радиохабарын ұйымдастырушы, одан соң тілші, аға тілші болдым. Сөйтіп, мен аудандық газеттің кухнясына сүңгіп кеттім... Сәті келіп, КазГУ-дің (қазіргі ҚазМУ) журналистика факультетіне түстім. Мұнда небір ғұлама ұстаздардың дәрісін тыңдап, журналистиканың қыр-сырына қаныға түстім. Сонда бір есте қалған жәйт: бірде Құсайынов деген ұстаздың: «Аудандық газеттің кухнясынан өтпеген журналист –журналист емес» деген сөзі жадымда қалған еді. Бұл енді тәжірибеден алынған сөз ғой. Шын мәнінде, жас журналистердің басым бөлігі жоғарыда айтылғандай, аудандық газетердің кухнясынан өткендер ғой, көргендер ғой...
Мен үшін де аудандық газет – үлкен мектеп болды. Ол талабымды ұштап, қанатымды қатайтты. Жауапкершіліктің не екендігін сезіндірді. Өз газетім – «Коммунизм шамшырағынан» үйренген тәжірибем мен осындағы аға журналистерден алған үлгі-өнегелер мені әрдайым биіктерге жетелегені рас. Сондықтан да журналистік қызметімнің алғашқы баспалдағы болған аудандық газетті ешқашан ұмытқан емеспін. Әлі күнге дейін ондағы әріптестеріммен тығыз байланыстамын.
Жасыратыны жоқ, біздің кезімізде газет шығаратын баспахананың полиграфиялық жабдықталуы, техникалық жағдайы тым төмен еді. Мақалалар қолмен терілетін. Линотип машиналары жиі бұзылатын. Соның кесірінен кезекшілік таңға дейін созылып, газет тым кешіктіріліп шығатын. Ал, қазіргі жағдай мүлдем басқаша ғой. Ғылым өсті. Жаңалықтар көбейді. Компьютер газет шығару процесін оңайлатты. Интернет жылдамдығы да, тартымдылығы да керемет сипатқа ие болуда. Смартфонның сексендегі қарияның да, екі-үш жасар баланың да қолынан түспейтіні қазір жаппай әдет болып барады. Оның пайдасы мен зияны да бірдей екені ешкімді алаңдатпайтын секілді. Жә, газетімізге оралайық. Біреулер оқырмандар азайып барады деп те қауіптенеді. Бірақ, шын оқырмандар жоғалмауға тиіс. Өйткені баспасөздің де тақырып ауқымы кеңейіп барады. Аудандық газеттерде де солай. Ілгерілеушілік көп. Дәтке қуаты осы.
Аудандық газетте мен істеген жылдары редактордың орынбасары Сапабек Махмутов еді. Өмір көрген тәжірибелі қарт журналист болатын. Марқұм ешкімге қатты сөзі жоқ, парасаты мол кісі еді ғой. Газеттің жауапты хатшысы, тәжірибелі журналист Рашид Жарылқасынов кейіннен облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») гаетінің Қармақшы ауданындағы меншікті тілшісі болып, жемісті еңбек етті. Қазір құрметті еңбек демалысында. Оның орнына сол кезде газеттің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қаршыға Бүркітбаев жауапты хатшы болды. Марқұм қызық кісі еді. Жақсы журналист газет макетіне соны өзгерістер әкелем деп көп жұмыстар жасады. Жалпы іскер кісі болатын. Газетте бұрыннан келе жатқан Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, Қанибек Молдахметов, Бақыт Қаналива, Күлпариза Ахметова, жас буыннан Мейрамбек Битенов, т.б. басылымның мазмұнды да, сапалы болып жарық көруіне өздерінің лайықты үлестерін қосты. Алтай Үсенов, Шегебай Құндақбаевтар да редакторлық қызметтеріне адал болды. Қазір «Қармақшы таңы» жаңарып, жасару үстінде. Басылым мазмұны жағынан да, көркемдік безендірілуі жағынан да сапалық жаңа қасиеттерге ие болуда. Жаңа жылда басшылық жаңарды. Белгілі журналистер Сәрсенкүл Жаудатбекқызы – бас редактор, Гүлжанат Дүзенова оның орынбасары болып бекітілді.
Ұжым жас журналистермен толығу үстінде. Газет редакциясының өзіндік бағыты, ой-жоспарлары, алға қойға тың міндеттері бар. Оны бағындыруға шығармашылық әлеуеттің күші жеткілікті. Газетте тақырып аясы кеңейе түсуде. Ата-бабалар тарихы мен ұлт тағылымына кең орын беріледі. Әсіресе, рухани жаңғыруға байланысты материалдар да оқырман игілігіне айналуда. Ал, ауданның экономикалық-әлеуметтік өміріндегі үдерістер, басқа қол жеткен жетістіктер, еңбек адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігі басты тақырыптар болып қала бермек. Аудандық газеттің әрқашан қадамы құтты болуына ардагер журналист ретінде айтпағым – осы. Оның тарихы нұрлы белестер сырлы-сырлы елестерге толы. Сондықтан да ел тәуелсіздігі тұғырының бұдан да әрі биіктей беруіне аудандық газет журналистерінің де қосар үлесі көп. Ең бастысы, ата-бабалардың ғасырлар бойы армандаған ел Тәуелсіздігі жоғарылай береді деген сенімдемін. Қалам желісті, еңбек жемісті бола берсін!
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылары мен Журналистер
Одақтарының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Алматы қаласы















27 маусым 2020 ж. 817 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031