Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ: Өмірімнің өзегі

Бұл газеттің төрт бет болып шыға бастаған кезеңі. Менің алдымда ғана кенттегі орта мектепті бітірген екі жас түлек осында бірі корректор, екіншісі әдеби қызметкер болып орналасыпты. Олар Мағираш Сарикова мен Өтеген Күмісбаев. Бәріміз де бір-бірімізбен жақсы таныс едік. Шүйіркелесіп қалдық. Осылайша жаңа өмірдің өзегі өрісін кеңейте түсті.
Өмір-өзен ағып жатты. Бірде баяу, бірде арынды. Мағираш, Өтегендер оқуға кетті. Мен осындағы қызметімді жалғастыра отырып, университеттің филология факультетіне оқуға сырттай түстім.
Өмірдегі өзгерістер көз алдымда. Даңғаза дәуірі, тоқырау заманы дедік. Қайта құру деп кеуде қақтық. Ақыр соңында кеңестік кезеңнің де Маркс айтқандай елес болып өте шыққанының куәгері болдық. Ең бақыттысы Тәуелсіз ел болғанымызға ештеңе де жетпейді.
1975 жылы облыстық "Сыр бойы" газетіне қызметке ауыстым. 1995 жылға дейін сол басылымның Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін 20 жыл бойы үзбей атқардым. Зейнеткерлікке шықсам да өзім қызмет атқарған басылымдардан қол үзіп көргенім жоқ. Олар - өмірімнің өзегі.
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ