» » » Тұғырың биік болсын, төл басылым

Тұғырың биік болсын, төл басылым


Алғаш редакцияға келген күн. Қар борап, мұзды ызғар бетке еседі. Екі бетім алмадай қызарып, бүріскен күйі ішке ендім. Күліп қарсы алған «Қармақшы таңы» газетінің ұжымы біраз әңгімеге тартты. Оң бағытқа бағдар берді, жақсыға жол сілтеді. Көп уақыт өтпей-ақ етене араласып кеттім. Себебі бұл жер – жас маманға жаңа жол ашып, тілшілік тіршілікке бейімдеген білікті сала мамандарының қара шаңырағы.
Қоғамның қозғаушы күші һәм билік пен халықтың алтын көпірі болған мерзімді баспасөздің өзіндік орны бар. Оның ішінде 88 жылдық тарихы бар басылымның бағындырған белесі аз емес-тін.
Аудан тарихында «Қармақшы таңының» ізгілікті ізі бар. Сонау 1932 жылдан бастау алған басылым атауы заман ағымына қарай өзгергенімен, оқырман көңілінен шығып, ауданның айнасы болып келеді. Заманында білікті мамандармен толығып, тұшымды сөз орайын иіре әкетті. Боямасыз ақпарат, шынайы өмір мен қоғамдағы олқылықты қаламмен тебіренте білді. Зұлмат жылдар тұсында да жұртшылықтың жүрегінен орын тауып, көңілінен шығатындай шынайы басылымға айнала білді. Газет беті елдегі ақжолтай жаңалықтармен әрленіп, рухани жаңғырумен көркейді. Ел мен жер тарихы, еңбек адамының еселі еңбегі мен көкейтесті мәселелер қалың жұртқа насихатталды.
Осы басылымда тырнақалды дүниелері жарияланып, газетте қызмет еткен Жарас Ахметов, Әбілахат Жанәділов, Мырқы Исаев, Айжарық Сәдібеков, Ақкөл Отарбаев, Қосылған Әбжанов, Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, сондай-ақ Күлпариза Ахметова, Шәкизада Құттаяқов, Рашид Жарылқасынов, Қанибек Молдахметов, Мағираш Сарикова, Ибрагим Бекмаханов, Шәкизада Әбдікәрімов, Мәди Қайыңбаев, Мырзамұрат Ілиясов сынды қабырғалы қаламгерлер батасымен қанаттанған сөз ұсталарының қарасы қалың. Осалы жоқ. Барлығы да – сөз қадірін өз қадірім деп білген сертке берік сардар.

88 жыл. Бұл – ғасырға жуық өмір сүрген қарт әкенің өмірі. Талай түлек түлеп ұшты. Талай жанның маңдайының тері сіңді. Талай жас мамандар болашаққа қанат қақты. Жанданды, жаңарды. Қайран, уақыт десеңші?! «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйткіген уақыт өзінікін алмай қоймайды. Кейбірі шау тартып, енді бірінің самайын қырау шалған. Тектілікті тұғыр етіп, қалам құдіретін танытқан тарпаңдар...
Газет алғаш «Екпінді» болып шыққан кез. Бұл кездері ұжымдастыру, сауаттандыру саясатының жүзеге асуына үн қосып, халықты соған бейімдей білді. Көрініс «Қызыл ту» мен «Коммунизм шамшырағында» да айқындалды. Ұзақ жылғы шежірелі жолында бас редакторлардың өзіндік қолтаңбасы бар. Жұмабай Есетов, Көшен Алматов, Қанапия Тұрғанов, Нұрділда Жәкеев, Яхия Пірімбетов, Омар Қожахметов, Сахи Жарылқасынов, Сейіткамал Усабаев, Мұрат Нұржанов, Жақсыбай Құлымбетов, Әбдірашит Сатыбалдиев, Қален Әбдешов, Шәкізат Дәрмағанбетовтер басылымның дамуына сүбелі үлесін қосты.
Аудан айнасының одан әрі жандана түсуіне септігін тигізген бас редактор Әзілхан Аманов, Алтай Үсенов, Дастанбек Садықтар талантты жастардың қанатын қомдауға жемісті еңбек етті. Сапабек Махмутов, Қанибек Молдахметов, Бақыт Қаналиева секілді аға-апаларымыз көз майын тауысты. Штаттан тыс тілшілер мен авторлар Нұрлыбай Таубаев, Үрліхан Өндібаева, Дастан Нәзікбаев, Достық Тілеубергенов, Гауһар Раева, Зарипа Тасымовалар сүйікті басылыммен етене араласуда.
2014 жыл. Бұл тұста газет «Сыр медиа» ЖШС-на қосылып, жанынан шығып келеді. Ұжым жан-жақтан жиналған жас тілшілермен толықты. Жаңа толқын қарт басылымға жаңа серпіліс беруде.

ТҮЙІН
28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні. Зұлмат жылдары оқ бойы оза шауып, қиындықпен күресе газет шығарған редакция ұжымы әлемді жайлаған пандемия кезінде де басын қатерге тігіп, жұртшылықты ақпаратпен қамтамасыз етуде. Бұл – журналистің міндеті. Ал «Қармақшы таңы» газетінің мазмұны мен байсалды бағыты аудан жұртшылығының талғамынан шығып, киелі мекеннің айнасына айналуы – ізденіс пен ерен еңбектің жемісі.
Айнұр ӘЛИ












27 маусым 2020 ж. 922 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930