» » » Хақ дінді асқақтатқан ахун

Хақ дінді асқақтатқан ахун

Сыр елі – Алашқа мәлім шайырлар мен батырлар, ақын, билердің мекені атанса, сонымен қатар ахундар мен ишандар, оқымысты молда, мақсым және ғұламалардың елі. Ғылым саласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы перзенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны биік. Қазақ даласында ағартушылық істі өрістеткен осы оқымысты ғұламалар. Олар ел өміріндегі ықпалды әлеуметтік топ ретінде халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеп, мешіт салдырып, медіреселер ашқан. Осы ғұламалардың қатарында Әлібай ахун Қосқұлақұлының орны ерекше.
Әсілінде ахундар мен ишандардың бейіттері, салдырған мешіттері немесе сол кісілердің атымен аталатын ауылдар болмаса, бүгінде олар жайлы ауыз толтырып айтарлықтай мәлімет жоқтың қасы. Себебі Кеңестік саясаттың күрзісі олар жаққан шырақтың біршамасын өшіріп тастады. Тек ауыздан-ауызға тараған аңыз әңгімелер арқылы көпшілікке танылуда. Ал бабаның өткен өмірі жайында бүгінде газет, кітап беттерінде аз-кем айтылып жүрген жоқ.
«Қожагелді діндар адам Әлібай,
Олар барады жаман жолды танымай»
деген мына бір өлең жолында ахунның әділдікті шын жүрегімен сүйген, болмысы дара тұлға екенін көрсетеді. Әлібай бала күнінде өзгелерден ерекше болмысымен, өзгеге ұқсамайтын мінез бітістерімен дараланған. Ол 1835 жылы Қожагелді руының атамекені Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Шыққан тегі Шөмекей, оның ішінде Қожагелді, Назар-Шотқара. Мінезі кішіпейіл, өте сыпайы болған. Шағын денелі, көп сөйлемейтін, айналасындағы адамдарға бас көтеріп тік қарамаған. Мешітке аяқ баспай-ақ, тіпті оқу оқымай тұрып білімге бейімділігімен танылған. Дүниеге құмарлығы жоқ, тек қана Құран мен мәселе кітаптарды аудармалап оқыса керек. Өзін таза ұстауы соншалық, бірде өзі қатарлы балалармен мұз үстінде ойнап жүргенде өзге балалардың мұз үстіне дәрет сындырғанын көріп қатты қынжылыпты. Сонда өзі де «үстіме шашырайды» деп мұздан аулаққа шығып, жалғыз өзі құмға дәрет сындырады екен.
Әлібай тоғыз жасынан бастап ауыл молдаларынан дәріс алып, кейін белгілі ұстаз Ораз ахунға барып оқыған. Баланың келешегіне көз жіберген ұстазы оған ақ батасын беріп, Хорезм шаһарындағы Ер Сейтпенбет әулиенің әулеті Салқы ишанға оқуға жіберген. Араб тіліне өте жүйрік болған ол өзгелерден дараланып көзге түседі. Кейін білімін шыңдай отырып, оқуын ойдағыдай тәмамдап елге оралады. Ел несібесін көбейткен «Қурайлы» каналы қазылған кезде ел іргесі ыдырап, осы каналдың бойына қоныстана бастайды. Сол кездері ел басқарған халық қамқоры болған Бітеген, Әбдіраман, Тұржан сынды елжанды азаматтар жұртты жұмылдырып, «Қаратөбе» деген жерден Әлібай ахунға арнап жаңа мешіт салғызады. Мешіттің оннан аса бөлмелері болады. Әр бөлмеде төрт адамнан жатып молдалар дәріс алады. Қазір ол мешіттің орны әлі бар. Ақтөбе ауылында орналасқан, айналасы егіс алқап. Сондай-ақ мешітке шәкірттерге дәріс айтатын терең білімді, Бұхара қаласынан діни медіресе бітірген Әбдікәрім, Нияз, Үбайдулла сияқты парасатты кісілерді алдырған.
Ахунның шәкірті Әбдікәрім, атағы алысқа кеткен Ораз ахунның немересі, араб, парсы, түркі тілдерін терең білген ғұлама. Әбдікәрімнің білімі қандай дегенде білетін кісілер «несін айтасың, Әбдікәрімнің білімі түпсіз терең теңіз» дейді екен. Қожагелді Нияз молданың да білімі Әбдікәрімнен кем болмаған. Әлібай ахунның «Қаратөбедегі» мешітінен елге белгілі азаматтар сапалы білім алып шыққан. Олар – Таубайдың Әбдірахманы, Жөнейт Жансейтұлы, Жұмаділ, Баймағанбет, Жәли, Балтоха, Бақон, Тұрмахан Тұңғышбайұлы, Машарап Әлиұлылар. Бұл азаматтар мұсылманша білімдерін жалғастырып, ел басқару ісіне араласып, бірқатары халық ағарту саласында көп жылдар қызмет еткен.
Кезінде Әлібай ахун туралы зерттеулер жүргізіліп, ол туралы аудандық басылым беттерінде ауқымды мақалалар жарияланған. Сонда газеттің тілшісі Шәкизада Шоқпарұлы өз мақаласында былай деп естелік қалдырады. «Ақжар ауылында көненің көзін көрген көптеген халыққа аттары белгілі адамдардың, асыл азаматтардың мұраларын білетін Таян қарттың үйінде жиі бас қосып отырамыз. Тәкең ауылдың шежіре қарты. Өте зерек кісі. Жасынан ауыл молдасынан арабша хат танып, кейін Әлібай ахун мешітінде мұсылманша білім алған. Тәкеңнің бір ерекшелігі жасынан Сыр бойы ақындарының, жыршылар мен шайырлардың терме-толғауын, айтыстарын жатқа білетін. Әсіресе өзімен ағайындас Таубайдың Жүсібінің өлеңдерін мәнеріне келтіріп айтатын. Таян марқұм өз сөзінде Әлібай ахунды табы кішкене шағын адам, көп сөйлемейтін, дүниеге құмарлығы жоқ жан дейтін. Тек қана Құран мен кітаптарды аударып отырады. Адамға бас көтеріп тіке қарамайтын, қараса екі көзі жұмулы болатын. «Бірде намазға дайындық жүргізіп, дәрет алып жатқанда көріп қалдым, екі көзі қып-қызыл екен. Ахунның ағайындары атын айтуға әбестеніп, әрі әруағын сыйлап «Қызыл көз» деп атайтын» дейтін. Олай болса бұл кісінің өмірі, айтқан сөзі, кейінгі ұрпаққа үлгі. Бұл шағын мақаламен Әлібай ахунның халық алдында атқарған еңбегі түгел қамтылмақ емес» дейді.
Сонымен қатар Таян Жүсіпұлының бір дерегінде бабаның тірі кезінде Тобаш деген шәкірт сопысы болған екен. Осы шәкірті Қызылқұмның қиясында «Көкаяз» деген жерде қайтыс болыпты. Сопы өлер алдында ағайындарына «Мені өзіме ұстаз болған Әлібай ахунның қасына жерлеңдер» деп өсиет қалдырыпты. Бір жағынан өсиетті орындау керек, күн де ыстық. Мәйіттің жолда бұзылып кетпеуіне не шара десеңізші. Осыны ойлаған туысқандары әбден басы қатады. Сонда да күмәнді ойларын сабырға жеңдіріп, алыс сапарға жолға шыққан екен. Құзылқұмнан Тобаш сопыны ахунның бейітінің қасына алып келе жатқанда Әлібай баласы Әбдіразаққа түсінде аян беріпті. «Әбдіразақ балам, көтер басыңды, алыстан қонақ келе жатыр, күтіп алуға қамдан» депті. Ол оянса түсі екен. Сонда да бұл түстің жәй емес екенін, қонақ болса күнде келіп жатыр, не болса да бейіттің басына келе жатқандар шығар деген ой келеді. Көп кешікпей Тобаштың да мәйіті жетеді. Түсінде аян берген әкесінің айтқан сөздері ойынан кетпей, мәйітті ел болып жерлеген екен.
Ахун жайында аңызға бергісіз тылсым әңгімелер де бар. Әлібай ахунды кей күндері, әсіресе рамазан айында ауыл тұрғындары «Құран оқып кетіңізші» деп жиі шақыратын болған. Олардың барлығына да «Иә, барамын» деп уәде береді екен. Бірде ахунды бір мезетте, бір уақытта бірнеше адам үйіне шақырса керек. Ол бәріне тағы да «Иә» деп жауап беріпті. Сонда әйелі «Сіз барлығына барамын деп уәде бердіңіз. Ал олардың мекендері әр жақта, шақырған уақыты да бір. Қалайша бір мезетте үлгересіз?» деп таңданыпты. Ахун үндемей шақырған уақытта үйде аят оқып отырады. Бұл көріністі сыртынан көрген әйелі басын шайқайды. Ертесіне үйіне шақырған кісілерден Әлібай ахунның үйге келіп, дастарқан басынан дәм татып, Құран оқып кеткенін естігенде еріксіз үнсіз қалған екен.
Әлібай Қосқұлақұлы 1929 жылы 93 жасында дүниеден өткен. Бүгінде оның мешіті Ақтөбе ауылынан 5 шақырым жерде оңтүстік батыс бөлігінде орын тепкен. Маңайында «Оңталап» шаруа қожалығының егіс алқабы орналасқан. Ал сол мешіттің оңтүстік шығысында 400 метрдей жерде ақ ордадай өте әсем салынған Әлібай ахунның үй тамы тұр. Кезінде халқына қалтқысыз қызмет еткен, сарқылмас білім берген, өзінің алымдылығымен, жоғары адамгершілігімен, әділдігімен ел есінде қалған халқы ахунға арнап үйтам орнатқан. Міне содан бері екі ғасырға жуық уақыт өтті.
Жосалы кентінде Әлібай ахунның атында көше бар. Кезінде 1996 жылы 15 желтоқанда бұрынғы «ХХIV партсъезд» көшесі Ономастикалық комиссияның шешімімен осы бабаның атына берілген.
Жақында Әлібай ахунның – 185 жылдығына орай ұрпақтары еске алып, Ақтөбе ауылында қорымның басында үлкен ас беріп, Құран оқытты. Оған сонау Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан қонақтар келіп, астың куәсі болды. Сонымен қатар облыстық тарихи өлкетану музейінен арнайы келген өкілдерге бабаның өзі қолданған жәдігерлері, тұтынған диірмендері, медресесі таныстырылды. Бүгінде медресенің жыл өткен сайын қабырғасы құлап, жермен жексенге айналуда. Ас барысында Ақжар, Қуаңдария ауылынан келген Тұрабай Сәметов, Ешпан Дүйсебаев ақсақалдар ахун жайында аңыз әңгімелер айтса, Ақтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбай Сәденов, ардагер ұстаз Кәрібай Байғараев жиналған жұртты өнегелі естеліктермен сусындатты. Ас соңында уағыздар айтылып, бабаға арнап Құран хатым оқылды.
Бүгінде ахунның ұрпақтары бабаның қорымын күтіп ұстап, оны сақтауды атадан балаға мирас етсе, рухына тағзым етіп, еске алуды дәстүрге айналдырған.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
18 тамыз 2022 ж. 805 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031