» » Әлібай ахун

Әлібай ахун

Қазақ жерінің әр өңірінде ахундар мен ишандардың бейіттері, салдырған мешіттері немесе сол кісілердің атымен аталатын ауылдар болмаса, солар жайлы ауыз толтырып айтарлықтай мәлімет жоқтың қасы. Тек ауыздан-ауызға тараған аңыз әңгімелер ғана. Себебі кеңестік саясаттың күрзісі олар жаққан шырақтың біршамасын өшіріп тастады. Ол соққының қатты болғаны соншалық, әлі де ахундарды мақтан етіп айтуға құлықсыз етті. Киелі Сыр өңірінде отызға жуық ахун өмір сүріп, өз ілімдерінің жемісін сепкен. Солардың бірі – Әлібай ахун.
Бүгінде ахунның өмірі үлкен тарих. Ол әділдікті аттамаған, ісі нық, аты шулы адам болған деседі. Әлібай ахун Қосқұлақұлы 1835 жылы Қожакелді руының ата-мекені Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Шыққан тегі Шөмекей, оның ішінде Қожакелді, Назар-Шотқара. Ол шағын денелі, көп сөйлемейтін, дүниеге құмарлығы жоқ, тек қана құран мен мәселе кітаптарды аудармалап оқитын кісі болған. Айналасындағы адамдарға бас көтеріп тіке қарамаған. Бала күнінен ерекшелігі ерте білініп, мешітке бармай, оқуды бастамай тұрып-ақ білімге бейімділігі байқалған. Тоғыз жасынан бастап ауыл молдаларынан дәріс алып, кейін белгілі ұстаз Ораз ахунға барып оқыған. Әлібай баланың келешегіне көз жіберген ұстазы оған ақ батасын беріп, Хорезм шаһарындағы Ер Сейтпенбет әулиенің әулеті Салқы ишанға оқуға жіберген. Ол арап тіліне өте жүйрік болған. Хорезм шаһарынан діни медресені бітіріп келгеннен кейін «Қурайлы» каналының бойындағы «Қаратөбе» деген жерден Әлібай ахунға жаңа мешіт салғызады.
Мешіттің оннан аса бөлмелері болады. Әр бөлмеде төрт адамнан жатып молдалар дәріс алады. Қазір ол мешіттің орны әлі бар. Ақтөбе ауылында орналасқан, айналасы егіс алқап. Кезінде халқына қалтқысыз қызмет еткен, сарқылмас білім берген, өзінің әруағымен, алымдылығымен, жоғары адамгершілігімен, әділдігімен ел есінде қалған халқы Әлібай ахунға мәңгілік үйтам орнатқан. Мешітке шәкірттерге дәріс айтатын терең білімді, Бұхара қаласынан діни медресе бітірген Әбдікәрім, Нияз, Үбайдулла сияқты парасатты кісілерді алдырған.
Әлібай ахун шәкірті Әбдікәрім, атағы алысқа кеткен Ораз ахунның немересі, Араб, парсы, түркі тілдерін терең білген ғұлама. Әбдікәрімнің білімі қандай дегенде білетін кісілер «несін айтасың Әбдікәрімнің білімі түпсіз терең теңіз» дейді екен. Қожакелді Нияз молданың да білімі Әбдікәрімнен кем болмаған. Әлібай ахунның «Қаратөбедегі» мешітінен елге белгілі азаматтар сапалы білім алып шыққан. Олар – Таубайдың Әбдірахманы, Жөнейт Жансейтұлы, Жұмаділ, Баймағанбет, Жәли, Балтоха, Бақон, Тұңғышбайұлы Тұрмахан, Әлиұлы Машараптар. Бұл азаматтар мұсылманша білімдерін жалғастырып , ел басқару ісіне араласып, бірқатары халық ағарту саласында көп жылдар қызмет етті.
Әлібай ахун шыншыл, турашыл, әділ шариғат жолынан табаны таймаған кісі. Ел билеген қандай қаһарлы адам болса да шындық жолдан шеттемеген. Ешкімнің ығына, ықтиярына кетпеген, тек шариғат жолымен отырған. Ел аузында қалған әңгімелерден сыр шертсек.
Жаз айының бірінде ахун бел баласы Әбдіразақты ертіп, арқадағы Алматтың баласы Самыраттың үйіне барады. Сол үйде қонақта отырғанда Қожакелді Аманжол деген кісі Самыратқа келіп:
– Әкеме ас беріп, ат шаптырғым келіп еді, соны молдаларға айтсам, Сыр молдасы «ат шаптырма», Қыр молдасы «ат шаптыр» дейді, «Қайсысының айтқанын істейін?» десе, сонда Самырат «ас өткіз, аттарды шаптыра бер. Сыр мен Қырдың молдасын екі тақымыма басып отырамын, – деп ірілік көрсетіпті.
Бұл сөзді Әлібай ахун естіп отырыпты. Сәлден соң ол рұқсат сұрап жүрейін деп жатқан кезде Самырат бір буат ақшаны шығарып «бата бер» деп Әлекеңнің алдына қойыпты. Сонда Әлібай ахун алдындағы ақшаны қамшының сабымен ысырып тастап: «Діндар адамды тақымға басу діннен безгендік, мұсылманға шұғыласын шашқан дін исламға қарсылық. Тәртіп алдымен алымнан, халық басқарған әкімнен бұзылса қырық жылға дейін халық қалыпқа келмейді, деген сөз кітапта бар, бұл үйде отыруға болмайды екен» деп шығып кетіпті.
Осыдан кейін оның бетіне ешкім қарсы сөз айтып, жел болып тимеген Самырат сөзден соққы жеп, көпке дейін көңілсіз жүріпті. Біраздан кейін жігіттеріне «Әлібай ахунның жолын тосыңдар, үйіме түсіріп құрмет көрсетіп, кешірім сұрайын, әруағы асқан адам екен, еңсем езіліп қалды» дейді ол. Елге оралып келе жатқан ахунды Самырат зорға дегенде үйіне түсіріп, қонақ етеді. Бірақ Самырат үйге кірген жас балаларды қайта-қайта қуа беріпті. Сонда ахун отырып: «О Самырат, бала періште, ал сіз сол періштелерді үнемі үйден қуып отырсыз, сонда үйіңіз періштеден құр қалады ғой» дейді. Сөзден де істен де тағы жеңілген Самырат ахунды шығарып салып өз елінің жайсаңы мен жақсыларын жиып алып: «Сендер жалғаншы екенсіңдер, тек менің айбатымнан сескеніп дос ретінде ашық айтпайды екенсіңдер, «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген, Әлібай мені жылатып айтты, нағыз адал дос Әлібай екен, барлық қатемді бетіме әділ ашық айтты» деп өкінішін білдіреді.
Кейін Самырат Қазалы елінің «Кеңтүп» деген жеріне көшіп келіп марқұм болар алдында Әлібай ахунға арнаулы адам жіберіп, ақыреттік дос болыпты деседі.
Мына бір әңгімеде 1913 жылы болса керек, Әлібай ахун Мекке қаласына зиярат етуге жолға шығады. Меккеге Стамбул қаласы арқылы жүреді. Ол жаққа жетіп, кейін қайтып келе жатқанда мінген пойызы Ақтөбеге тоқтайды. Әлекең түсіп, дәрет алып, жерде намаз оқып отырғанда пойыз жүріп кетеді. Ахун станса бастығына жолыққанда, станса бастығы орыс жігіт бәйек болып, келесі бір жүрдек пойызға мінгізіп, Жосалы стансасына жедел хат жолдап, күтіп алуды тапсырған. Ол сол кезде бұл кісіні тегін адам емес екенін айтыпты.
Әлібай ахун өте әруақты адам болған. Бірде көрші ауылдың бір бозбаласы ахун ауылының бір қызына ретсіз көңілі ауып, бұзық оймен мезгілсіз уақытта келе жатқанда екі аяғы жансызданып орта жолда жүре алмай қалған екен. Кейін бұл жігітті Марал ишанның ұрпағы Оспан ишан емдеп жазады. Осы сияқты оқиғалар көп болған.
Ахун науқастанып жатқанда інісі Мамыр көңілін сұрап барып отырып: «Әлеке мына Ислам дінінің ықпалы кеміп бара жатыр, келешекте қалай болар екен?» дейді. Сонда ол: «Мамыржан, қатар келе жатқан екі дін бар, бірі мұсылман діні болса, екіншісі орыстың діні. Барлығы Жаратқан жалғыз Алладан, бір себепші өзі. Әзірге кәпірдің діні жеңіп, ислам дінінің бірталай уақытқа дейін тіні жеңішкерер, Алладан күдер үзуге болмайды, түбі ислам діні өз қалпына келеді, әлемді қамтиды, оған қамықпа» деген екен.
Бүгінде Әлібай ахунның тұтынған затынан мұра болып қалған үш диірмені бар. Кезінде ахун бала оқытқанда Ноғай деген кісі алғыс ретінде диірмендерді берген. «Балаларымды тегін оқыттың, боласа да қайтарымы ретінде бергенімді алмайсың. Мына диірменді ал, халқыңды осымен асыра, қызмет ет» деп тастап кеткен екен. Біріншісі – үлкен жел диірмені. Кезінде техникамен оны бұзған кезде ол екіге бөлініп қалған екен. Кейін темірмен құрсаулаған. Қазір ол диірмен зиратының басына қойылған. Одан кейінгісі – бидай тартатын қол диірмен. Ол қазір ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр. Ал үшіншісі – су диірмені. Оның бүгінде қалған жері белгісіз. Жер астында көміліп қалған деседі.

Белгілі ахун тоқсан үш жасында өмірден өткен. Бүгінге дейін ел алдында атқарған еңбегі түгел қамтылған жоқ. Әлі де оның басынан өткен оқиғалары, ұлағатты сөздері ел аузында жүргені анық.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
18 шілде 2020 ж. 1 293 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031