Әлібай ахун

Әлібай ахунның өмірі үлкен өнеге. Ол лебізі шырын, ісі нық, әділдікті аттамаған аты шулы адам болған. Шыққан тегі – Шөмекей, оның ішінде Қожакелді, Назар-Шотқара. Әлібай ахун Қосқұлақұлы Сарықұм деген жерде 1836 жылы дүниеге келген. 93 жасында дүние салған. Әлібай ахуннан Әбдіразақ, Әбдімәлік, Әжмағанбет балалар дүниеге келген. Барлығы да мұсылманша сауатты, оқыған, салихалы, ауданға белгілі азаматтар болған.
Әлібай, бала күнінен бастап ерекшелігі байқала бастаған. Мешітке бармай, оқуды бастамай тұрып-ақ білімге бейім, сыпайы болған. Тоғыз жасынан бастап ауыл молдаларынан дәріс ала бастаған. Кейін белгілі Ораз ахуннан тәлім алған. Әлібай өте үздік оқушы болған. Баланың келешегіне көз жіберген ұстазы Ораз ахун ақ батасын беріп, Хорезм қаласындағы Ер Сейтпенбет әулиенің әулеті Салқы ишанға оқуға жіберген. Әлібай араб тіліне өте жүйрік болған. Хорезм шаһарынан діни медрессені бітіріп келгеннен кейін Сарықұм деген жерде халықтың күшімен қыштан мешіт салдырған. Бұл мешітте көптеген жас білім алған. Кейін ел ырызғысын көбейткен «Қурайлы» каналы қазылған кезде ел іргесі ыдырап осы канал бойына қоныстана бастайды.Сол кездері ел басқарған, халық қамқоры болған азаматтар Бітеген, Әбдіраман, Тұржандар жұртты жұмылдырып «Қаратөбе» деген жерден Әлібай ахунға жаңа мешіт салғызады. Алғашқы кезде мешітте шәкірттерге дәрісті өзі оқыған, кейіннен мешітте шәкірттерге дәріс айтатын Бұхара қаласынан діни медресе бітірген Әбдікәрім, Нияз, Үбайдулла сияқты парасатты кісілерді алдырған. Әлібай ахунның «Қаратөбедегі» мешітінен Жалағаш, Қармақшы аудандарының қамтуындағы белгілі азаматтар сапалы білім алып шыққан. Олар – Таубайдың Әбдірахманы, Жөнейт Жансейтұлы, Жұмаділ, Баймағанбет, Жәли, Балтоха, Бақон, Тұрмахан Тұңғышбайұлы, Машарап Әлиұлы, т.б.
Бұл азаматтар мұсылманша білімін жалғастырып, ел басқару ісіне араласып, бір қатары халық ағарту саласында көп жыл қызмет етті. Әлібай ахунның тірі кезінде Тобаш деген шәкірт сопысы болған. Осы шәкірті Қызылқұмның қиясында «Көкаяз» деген жерде қайтыс болыпты. Сопы өлер алдында ағайындарына: – Мені өзіме ұстаз болған Әлібай ахунның қасына жерлеңдер, – деп өсиет қалдырыпты. Сол Тобаш сопыны Қызылқұмнан Әлібай ахунның бейітінің қасына алып келе жатқанда Әлібай баласы Әбдіразаққа түнде аян беріп: – Әбдіразақ балам, көтер басыңды, алыстан қонақ келе жатыр, – депті. Әбдіразақ оянса түсі екен. Көп кешікпей Тобаш сопының да денесі жеткізіліп, халық болып жерлеген екен, – дейді ахун шәкірті Таян Жүсіпұлы өз деректерінде.
Осы Сыр өңірінде Зарқұм Талқанбайұлы деген сөзге шешен, зерделі адам болған. Бұл кісі кезінде көршілес рулардың малын барымталап отырған. Бірде Қожакелдінің Назар аталығының жылқыларын айдатып алады. Жылқы артынан барған қарапайым адамдарға Зарқұм жөн айтып, жауап бермей қайтарып жібереді. Іс оңға баспағасын осы жұмысқа Әлібай ахун өзі барады. Ахун Зарқұмның үйіне түсіп, әкелген тағамнан ауыз тимей жүгініп төр алдында отырып алады. Ал, Зарқұмның ауылындағы молдалар «бұл кісі қосымша ораза тұтып жүрген шығар» дейді де тамақты өздері соғып алады.Дастарқан жиналғасын Зарқұм отырып: – Е, ауылымның алымдары, молдаларым, мына Қожакелдінің молдасы менің дастарқанымнан неге тамақ алмай отыр, осыны шешіп беріңдер, – депті. Молдалар біраз ойланып, дұрыс жауап таба алмай: – Зарқұмжан біз бұл кісінің осы қылығын түсінбедік, – депті.
– Онда мен түсіндім, – дейді Зарқұм.
– Әлібай ахун менің дастарқанымнан дәм татпады. Себебі сен ұрлық істейсің. Ұрлықпен тапқан табыс арам, ол кісі ақысы мен арамнан ауыз тимеймін, – деп қақиып отыр. Ал сендер болсаңдар тамақты соғып алдыңдар. Міне Әлібай нағыз молда, сендер алым емес алдамшысыңдар, – деген екен. Әлібай ахун бір ауыз сөз сөйлемей елінің Зарқұм ұрлаған жылқысын алып қайтыпты деген ел аузында әңгімелер қалған.
Бүгіндері Әлібай ахунның мешіті Ақтөбе аулының оңтүстік батыс бөлігіне орын тепкен. Маңайының бәрі егіс алқабы. Ал сол мешіттің оңтүстік шығысында 400 метрдей жерде ақ ордадай өте әсем салынған Әлібай ахунның үй тамы тұр. Кезінде халқына қалтқысыз қызмет еткен, сарқылмас білім берген, өзінің әруағымен, алымдылығымен, жоғары адамгершілігімен, әділдігімен ел есінде қалған халқы Әлібай ахунға үйтам орнатқан. Міне содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Ахунның ұрпақтары осы мұраны атадан балаға мирас етіп тапсырып келеді. Жақында осы бабаның айналасындағы қорымды қоршап, сылағы түскен жері қалпына келтіріп, қорымға кірер қақпасына көркемделіп кірпіштен арка жасап, ескерткіш тақта қойылды.
Сәду Әлібаев.
17 қыркүйек 2018 ж. 1 945 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031