НИЯЗ МОЛДА

Қызыл Кеңестік дәуір «Дін – апиын» деп ту көтерген кезең болды. Қазақ халқы дінінен безіп, мұсылманшылығынан айырылды. Кеңес адамы деген ортақ мүддеге бірігуге мәжбүр болды. Ұлы жазушы Ғабиден Мұстафин «Көз сәулесінен көңіл сәулесі күштірек» деген екен. Міне, ХХ ғасырдың басында атақты діни білім ордаларына сусындап, мектептік-медреселік негізде ел арасында діни ілімнің шырағданын жаққан ғұламаларды ахундар деп атаған.

Қармақшы топырағында да есімі мәшһүр Әлібай ахун, Алдашбай ахун, Ораз ахун, Қалжан ахун есімді білімдарлар мешіт ашып, ауыл балаларын оқытқан. Елге шырағдан болған тұлғаның бірі Нияз молда Тасболатұлы атақты Қалжан ахунның шәкірті еді. Біз әңгіме еткелі отырған Нияз молда кім?
Нияз Тасболатұлы 1884 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Кіші жүздің Шөмекей руының Қожагелді тармағының Қайдауылынан, оның Пірімбет аталығынан тараған Тасболаттың баласы. Әкесі Тасболат кедей, мал баққан, шаруа адам болған. Ол өлуге таяған шағында әйелі қайтыс болып, 7 баламен қалады. Шешесі өлгенде 5 жастағы Нияз әке соңынан ере жүріп, үлкендерден ұлағатты сөздер тыңдап, тәрбие алады.
Әкесі болса, балаларының ішіндегі пысықтау да алғыр Нияздан көп үміт күтеді, оны 9 жасында ауыл молдасына сауат ашуға береді. Ал 15 жасында қазіргі Жалағаш пен Тереңөзек аудандары аралығында орналасқан Қалжан ахун мешітіне оқуға беріп, білімін жалғастыруға жол ашады.
Қазақ даласының қақ жарып салынған алғашқы Түркістан-Сібір темір жолы сияқты Орынбор-Ташкент темір жолын көрген алысқа оқу-білім іздеп аттанған жастың бірі Нияз еді. Ол осы темір жолмен үстінде оның өміріне үлкен өзгеріс әкелген оқиға болды. Вокзалға келіп, өзі оқитын Қалжан ахун мешітіне бару үшін пойызға отырған Нияздың көңілін вагон ішінде өзара сөйлесіп отырған кісілердің киім киісі мен сөз саптаулары еріксіз өзіне тарта берді.
Ақ сәлделі, ақ шапанды кісілер Ислам, Алла, Құран туралы әңгімелер айтып отырды. Оны қызыға тыңдап отырған Нияз Қалжан ахун мешіті тұсынан өтіп кеткенін байқамай да қалады. Өзінің пойызынан түсе алмай қалған баланы әлгі адамдар әңгімеге тартып, "Келесі бекеттен түсерсің!" деп жұбатады. Олар баладан кім екенін, жолда қандай мақсатпен жүргенін сұрап, білісті. Бала Нияз оларға өзінің ауыл молдасынан білім алғанын, енді Қалжан ахуннан дәріс алып жүргенін, болашақта Бұхараға барып білім алғысы келетінін баяндап берді.
Баланың әңгімесіне қаныққан кісілер сол Бұхараға бірге жүруін, өздерінің сол жақтағы меді­реселерде дәріс беретін ұстаздар екенін айтады. Ал Нияз қуанғаннан келісім беріп қойғанын да байқамай қалады. Мейірім шапағаты түскен әлгі ғалым кісінің өкінішке орай аты ешкімнің есінде қалмапты. Ол кісі бір жыл бойы Бұхара жері, ол жердегі оқу жайлы түсінік беріп, келесі жылы "Мір Араб" медресесіне оқуға түсіреді. Нияз болса, туған еліндегі ағайындарына "Жібек жолы" арқылы өтетін керуеннен өзінің амандығын білдіріп хабар жібереді.
"Мір Арабтағы" оқуының 4-ші жылында әкесі "Тасболат қайтыс болды" деген хабар келеді. Жер шалғай, қаражаты аз Нияз елге келе алмай, оқуын жалғастыра береді. Өмірдің қилы қиындығына қарамастан жас жігіт білім бұлағынан сусындайды. Осы үлкен оқу ордасының "Жаратылыстану" бөлімін 37 жасында бітіреді. Шатырхатпен қоса Мекке-Мединаға қажылыққа баруға ел-жұртына келіп, үлкендерден бата алмақ болады. Қашан да үлкеннен бата алу, сәлем беру – асқан имандылық іс. Осы үрдіспен Нияз да елдегі игі жақсы, үлкен кісілерге сәлем береді. Сондай бір үлкен кісі Қожагелді руының Әнет-Бейімбет аталығындағы Әлібай ақсақал Нияздың ағалары еді. Ол сол кісіге сәлем бере барады. Сол жерде ағасы "Ниязжан, сені шақыртқалы отыр едім. Көршілес Нұра жерінде Алмат, Самырат атты кісілердің інісі қайтыс болып, соның намазына шақырған. Соған бірге барайық", – дейді.
Әлібай ақсақал бастаған бір топ кісі намазға барады. Үш жүздің жақсы-жайсаңдары жиналып үлкен жиын болады. Бұл жиында "Өлікті жөнелту Кіші жүздің Қожагелді аталығынан Кенжалы бидің немересі Нияз Тасболатұлына тапсыралады" деп шешім шығарыпты. Нияз болса өзінің білімінің деңгейін, діни ұстанымымен осы жаназада танытыпты. Өлікті жөнелту, намаздау, жаназасын шығару мұсылман әдебімен өткеріледі. Құран хатым оқу да – үлкен өнер. Сол жерде үш жүздің үлкен-кішісі "Ой, бәрекелді, тусаң ту, Кенжалы бидің артында көзі ашық ұрпағы бар екен", – дейді ел.
Өлікті жөнелтіп, елге қайтар шақта өзін ауыр сезінген Нияз атқа отыра алмай, қиналады. Мұны байқаған Әлібай аға "Алла, тіл-көзден сақта!" деп дұға етеді. Елге жеткен соң үш ай ауырған Нияз киіз үйде жатып ошақтағы оттың жылжып үйден шығып кеткенін көріп, сол үйдің бәйбішесіне:
– Жеңеше, от үйден шығып барады! – деп шошына айқайлады. Жиналған жұрт оның көзінің көрмей қалғанын біледі.
– Шырағым-ай, көзің аман болса болар еді, – деп бәрі басалқы айтады. Тағдырға не шара, Алла жолында өлімге де басын тігуге бар Нияз Құдайдан рақым тілейді.
Нияздың осы жағдайын естіген Бұхарадағы ұстаз­дары, бірге оқыған достары "келсін, емдетеміз" деп шақыру жіберді.
Ауыл болып, ағайыншылып орталарына Шектібай баласы Әліқұл, інісі Жұмабай, Қаратамыр Мәтжан деген кісілерді шақырып, алдына 600 қой салып, мінерге ат беріп Бұхараға аттандырады. Олар 15-17 күн дегенде барар жеріне жетеді.
Осы сапар жайлы әңгіме арасында Мәтжан аға мына бір оқиғаны айтқан еді. – "Қара жолдың үстінде келе жатқан біздің алдымыздан бір жылан тіп-тік болып тұра қалып, ысылдап айбат шекті. Тілім "Ниеке, жылан!" деуге ғана келді.
– Ә, жылан ба? – деп Ниекең ат үстінде дұға оқи бас­тады. Әлгі жылан болса, жөніне жылжып кете берді. Ағаның тегін адам емесін осыдан байқағанмын, – деп Мәтжан аға сөзін аяқтаған.
Қосшылар Ниязды өзінің достарына тапсырып, елге қайтады. Кешегі өзін оқытқан ұстаздары, бірге оқыған достары жақын маңайдағы балгер, дәрігерлерді іздеп талайына көрсетеді. Абырой болғанда Бұхара Әмірін емдеуге келген Англияның үлкен дәрігеріне кездесіп, достары Ниязды соған әкеледі. Дәрігер болса өзінің 5 ай емдейтінін айтады. Айтқан уақытында Нияздың көзі есік-терезені, аяқ жолын шамалайтын дәрежеге жетеді.
Алла несіп етпеген шығар, осыған қанағат деп достарымен қоштасып, ауылына оралады. Келгеннен кейін ол қазіргі Ақжар ауылына тоқтап, Әлібай ахун мешітінде бірге оқыған досы Убайдулла мақсым, Әлібай ахунның өз баласы Әбдіразақ мақсыммен бірге мұсылман дінін, оның шарапатын уағыздайды. Ал, ол кісіден оқып көзін ашқан Рай Қожагелді Жүніс молда, Керейт Құндақбай, Әжмағанбет, Ералы келіні Жамал , Таян, Әлімбай, т.б. адамдар болды.
Қармақшы өңірінің ақиық ақыны, өзі жылдар бойы жас ұрпаққа ұстаздық еткен, Ұлы Отан соғысының ардагері Бисенбай Қасқырбаев Нияз молданы өле-өлгенше өзінің қадірменді ұстазы санап кетіпті. Өзінің жүрекжарды алғысын ол мынадай өлең жолдарымен білдірген:
Халыққа бердің білім молда Нияз,
Үйірдің имандылыққа айтып аяз.
Жаратқан бұл қызметіңді жарылқайды,
Ұрпақтар атыңды айтып, ұйып намаз.
Нияз Тасболатұылының зейінді, білімді болған­дығына тағы бір дәлел келтіре кетейік. Ол кісі араб әліппесін қазақ оқырмандарына бейімдеп отыруды Ахмет Байтұрсыновпен бір мезгілде бастаған. Бірақ бұл кісілердің бірін-бірі білуі мүмкін емес еді. Өйткені, Нияз молда көзінің кемдігінен елден шықпай отырып қалған, бірақ өзінің ағартушылық қызметін тоқтатпаған.
Нияз Тасболатұылының оқымысты молда бол­ғанын ғалым Темірхан Төбегенов "Әлібай ахун Қосқұлақұлы" жайлы мақаласында "Ахундар – алаш­тың ағартушылары" деп атап өтеді.
Ал ғалым жерлесіміз Берікбай Сағындықұлы "Ғаламның ғажайып сырлары" атты кітабында "Мен Бұхара қаласында жиырма бес жыл оқыған Нияз молданың алдында бірнеше рет болып, тәлім-тәрбие алған адаммын" деп, ол кісінің мұсылман ілімін көп білетінін тілге тиек еткен.
Нияз Тасболатұлы көзі қарақты, бойында зор білімімен қоса дәрігерлік қасиеті, айтқаны келетін көріпкелдігі де бар кісі болған.
Бірде Нияз молданы Ақжар ауылындағы Оразбай баласы Өтепберген ауырған соң ат жіберіп алдырады. Апасы Меңешкүл ертіп әкелген соң молда баланың ауырғанына көп болғанын айта келіп, оның кепкен ішін уқалап, төстің үстінен үзеді.
1937 жылы Алаш ақындары қуғынға ұшырап, ұсталып жатқанда діни оқу оқыған Нияз Тасболатұлы да тұтқындалады. Оны Түркістан қаласындағы түрмеге жабады. Отырғандар арасында айтулы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов те бар екен. "Нияздың денсаулығы нашар, еңбекке жарамайды" деген ақын сөзінен кейін тексере келе күзетшінің көмекшісі етіп қояды. Түркістан түрмесіне қамалған кілең қазақ зиялылары Нияз молданы ерекше құрметтейді. Сөйтіп Нияз молда түрмеде отырған азаматтардың талап етуімен түрмеден босатылады. Осының алдында Нияз молда түс көріп, оны достарына айтып берсе керек. "Түсімде Кенжалы атам айтқайлап, түрменің қақпасын ұрып, атам келді ғой, енді босататын шығар деп жорыдым", – депті сонда. Дегендей, көп ұзамай ол түрмеден босап, ауылына келді. Келгеннен кейін Ниязға ағайын-туыстары күйеуі тәркілеуге ілініп кеткен Нақбала деген әйелді қосады. Нияз молдаға ауылдағы әкім "Өлгенге Құран шығарасың, намаз оқисың молдасың" деп кінә тағып, қайтадан қуғындай бастайды. Бірақ ел ішінде ағалық кеңесін аямайтын ағалары мен сөзін сөйлейтін інілері араға түсіп, қорғап отырды.
Екі көзі көрмесе де, көкірегі ояу, көңілі жарық, халқына қызметі сіңген Нияз Тасболатұлы бір күнін де жалғыз-жарым өткізбеген. Ел ақсақалдары Омар мақсым, Омық мақсым, Дүйсенбек, Әжмағанбет молда, Әлиасқар, Ешмағамбет молдалар әрдайым сәлем бере келіп, діни нұсқаларды сұрап, Құран хадистерін қайта оқып, мұсылманшылық насихатын тарататын.
Нияз молда әрдайым "Халық деген теңіз, білім деген нұр, нұр болмаса бүкіл теңіздегі тіршілік атаулы өледі. Адам санасына нұр керек" деп білімді үнемі насихаттап өткен.
Бүкіл саналы ғұмырын білімді, мұсылмандықты насихаттауға арнаған Нияз Тасболатұлы 1958 жылы 1-тамызда дүниеден өткен. Ел жұрты "Балаш келі" жайлауында 16 киіз үй тігіп алымды үлкен құрметпен бақиға шығарып салды. Өмірден өтерінен бұрын Нияз молда өзінің сүйенер сүйеніші болған кітаптарын, діни жазбаларын ұлы атасы Кенжалы бидің бейітінің басына көміп сақтағанын, енді соларды алып, сандыққа салып, өзінің бас жағына қоюын, аяқ асты етпеуді сұрайды. Ағайындары молданың айтқанын екі етпей орындайды.
Негізінен бұл жағрапия, астрономия, химия, жаратылыстану ғылымдары жайлы кітаптар болатын. Кейін молданың жақын інісі Іскендір Бағатов сол кітаптарды бейіттен алып, Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясына апарып, Мәлік Ғабидуллинге тапсырады. Академияда бұл кітаптардың тек діни кітаптар ғана емес, сонымен бірге әр түрлі ғылым саласындағы кітаптар екенін анықтайды. Сондай-ақ, Нияз молданың "Мір Арабтан" алған шатырхаты ол кісінің жаратылыстану, астрономия ғылымы бойынша білім (мамандық) алғандығын дәлелдейтін құжат екендігі белгілі болды.
Нияз Тасболатұлының адамдарды имандылыққа, тазалыққа үгіттеуінің жарқын бір мысалы сол екен, қазір "Нияз ағашы" деп аталатын жер атынан да көрінеді. "Атадан мал қалғанша тал қалсын" деген халық даналығын әрдайым үлгі тұтқан Нияз Тасболатұлы егін егу, ағаш өсіруге көп көңіл бөлген. Сонымен бірге мал өсіруді де, оның қыр-сыры мен пайдасын кеңінен насихаттаған кісі.
Нағима ТОРМАНОВА.
07 наурыз 2019 ж. 1 820 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 002

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031