» » » Артында ардақты ердің қалған сөзі

Артында ардақты ердің қалған сөзі

Т.Ізтілеуов – XX ғасырда әдебиетке келген профессионал ақын. Оның төл туындыларының өзі мол қазына. Қазір баспа бетін көрген ақын шығармаларының өзі, оның творчествосының алуан салалы, бай мұра екендігін танытты. Мысалы, 1972-1982 жылдары ақынның «Назым» деген атпен шыққан екі жинағы бұған айқын куә. Кітаптың атының өзі-ақ ақын шығармаларының көбі лирика дегенге саяды. Сондықтан назым ақынның лирикалық көңіл-күйін білдіреді. Т.Ізтілеуов творчествосы жан-жақты зерттеуді қажет ететін бағалы мұра. Оның шығармаларын өз замандастары да, кейінгілер де жақсы бағалаған.
М.Әуезов: «Т.Ізтілеуовтің творчестволық табысы – өмірінің соңғы кезінде жазған «Рүстем-Дастан» кітабы. Мына тұста Тұрмағамбет тәжірибесінен біз сондай еңбек мысалын көреміз. Сонымен, Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің «Шаһнамасындай» болғанмен, мынау еңбекті Фирдоусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасаған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз.
Тұрмағамбеттің өмір деректерін, шығармаларын жинап, оны жұртшылыққа таныстыруда М.Байділдаев көп еңбек еткен танымал фольклорист. Біз оны Тұрмағамбеттің библиографы деп санаймыз және соған сүйенеміз.
Тұрмағамбет – Абай Құнанбаев дәстүрін мықтап дамытушылардың бірі. Ақын өзінің 1910 жылы жазған «Абайды оқығанда» деген өлеңінде Абайға үн қосып, өнердің мәңгі жасайтынын Абайша түсінген, соған жауап қатқандай.
Артыңда атақты ердің қалса сөзі,
«Өлді» деп өкінбеймін оның өзі.
Қисынсыз кедергінің керегі не,
«Базарлап» болғаннан соң қайтар кезі, – десе,
A.Құнанбаев:
«Өлді» деуге сия ма, ойлаңдаршы,
«Өлмейтұғын артыңда із қалдырған», – дейді. Тұрмағамбет қазақ әдебиетіне өз үлесін қосқан дәуірінің көрнекті ақыны боп танылған. Шығармаларынан ақынның өзіндік беті, стилі айқын көрінеді. Оны тұстас ақындарының ешқайсысымен шатастыра алмаймыз. Өзінің Тұрмағамбет екенін бірден танытып, менмұндалап тұр. Ақынның поэзиясы халықтық ниеттегі, шыншыл, сыршыл туындылар. Оның тұла бойы түгел адамгершілік, ақ ниеттерге толы. Әділет, ар-ұят, иман-моралистік пікірлері қазіргі заман тілегіне үндес. Ақын қазақ өміріндегі әлеуметтік өзгерістер мен қоғамдық қайшылықтарды суреттеуге, еліне адамгершілік тәлім беруге өз үлесін қосты. Зұлымдық пен озбырлыққа қарсы әділеттік идеясын қоя білді. Оның шығармалары бастан-аяқ халқын асыл армандарға жетелеп, адал еңбекпен күнелтуге, жақсылық жолын нұсқайды. Туған елінің ақындық дәстүрін дамыта отырып, оны жазба әдебиетке етене жалғастырады.
Ақын өз шығармаларында қандай мәселелерді көтермесін әр тұста адамгершілік идеяны басым ұстайды. Әрқашан әділет жолын нұсқап, жымысқы жат қылықтарға соққы береді. Халық арасында жайылған өзімшілдік, тәкаппарлық, бұзықтық әшкереленіп, бұл қылықтардың елдік берекесін кетіріп, қасірет-қайғысын молайтып жатқанына күйінеді. Адамгершілікпен түйіндер түйіп, ақыл-нақылдарын жазады. Ел бірлігі, адамдар достығы – берекелі халықтарға тән ең жақсы қасиеттер деп патриоттық ойларын уағыздайды.
3.Ахметов: «Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні. Өлең – өмір, өмір – өлең» деп орынды бағалаған. Тұрмағамбеттің адамгершілікті уағыздайтын шығармаларының көпшілігі балаларға, жасөспірімдерге арналған өлеңдер. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нормаларын насихаттауға арналған оның өлеңдерін жастар тамсана тыңдайды.
Ол жастарға арналған өлеңдерінде адамгершілік рухында тәрбиелеу мәселесі жеке адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне арналады. Адамгершілік асыл қасиетке ие болып, туған елдің қызметшісі болу міндеті жырланады.
«Қайрама халқыңа тісіңді», «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның», «Ой», «Ұядан ұшқанда», «Адам» секілді өлеңдерінде жігіттің бағасы азамат боп ат жалын ұстап мінгенде өзі үшін емес, халқы үшін адал қызмет етумен өлшенетінін ескертіп, елін азат ету, оның мерейін көтеру азамат ердің бірден-бір міндеті деп біледі. Әсіресе, 1905-1907 жылдар қарсаңында жазған өлеңдерінде ұлт-азаттық үшін күрес идеясы көрінеді. Өзінің жеке басын қамдап, қарнын қампитқанына мәз тоғышарларды күлкі етеді.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Адамдық ісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек, қарныңның құр майланғаны.
Ақынның өлеңдерінде көтерілетін көкейкесті мәселесі – азаматтың қайырымдылығы мен мейірбандылығы, елі, жұрты үшін аянбай еңбек қыла білуі. Елге пана, жұртқа дана адамдарды шын жүрегімен бар пейіл, ынтасымен жырлап бағады.
Адамгершіліктің биік нысанасы – шын достық, ауызбірлік, ынтымақ, ұйымшылдық, тілектестік, ағайыншылық депті. Аталған идея – Тұрмағамбет шығармаларының ең биік талғамы.
«Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл» деген өлеңінде ақын:
Бақ қонып, бастарыңа бітсе дәулет,
Көзің сал, көкірегі шерленгенде!
Қолайлы өз халқыңа қызмет қыл,
Белгілі бедеу сыры ерленгенге…
Адам бақыты дәулеттілікпен шектелмейді, халқыңа қол ұшын беріп, қызмет ету жігіттің асыл қасиеттерінің бірі. Сондықтан, басыңа бақ қонса, халқыңнан көмегіңді аяма, қарас демек.
Адам бойында кездесетін кемшіліктер: алауыздық және менмендік, жеке бастың қамын ғана жеп, дүниеқоңыздыққа берілушілік, менмендік, тоғышарлық ерге емес, елге тән қылықтар екендігіне көз жеткізе толғайды. Тұрекеңде даңғойлардың бетпердесін ашып, оны ащы мазаққа айналдыра білетін қасиет қалыптасқан. Дүниеқорлар мен пейілсіздердің адам қоғамы үшін індет екенін танытады. Әділетсіздік пен арамдықтың бәрін солар істеп, елді бүлдіретіндер екеніне көз жеткізеді.
«Қайрама халқыңа тісіңді» деген өлеңінде ақын қазақты осындай «Арам ниеттілерден» алшақтатады…
Қамын ойлап қарныңның,
Қайрама халыққа тісіңді!
Ел ізіңе ермейді,
Тазартып алмай ішіңді.
Қойдырып алып қор болма,
«Арам» деген есімді!
Осы кескінсіз мінездерден ақын оқырмандарын аулақ ұстамақ. Кісілікке шақырады. Кейбір дүние, мал үшін өз ағайындарын жұтып жіберуге даяр қара ниеттерді өле жек көреді. Дүниенің өткіншілігін, дәулеттің тұрақсыздығын ескеріп, санаға жетер ақыл түйеді. Адамгершіліктің ең жоғары сапасы – өнер. Өнер-білімді игеру – байлық. Өмір өзгереді, өмірмен бірге біз де өзгереміз, жетілеміз, ілгерілейміз, өсеміз, жақсарамыз, тазарамыз деп философиялық ой түйеді.
Жастарға арналған өлеңінде адамгершілік рухында жеке адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселелерін қозғайды. Адамгершілік асыл сапаға ие болып, туған елдің қызметшісі болу міндеті мен тәсілі ескеріледі. Оның жеке басының тәрбиесі болашағын белгілейтіні, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халықтық қағиданы қолдайды. Өнер-білімі жоғары, парасатты ұрпақ өсіру. Осылайша қазақ халқының іргелі ел боп, өнерін өркендете беруін керек ету. Халықтың, елдің даңқы тек оның өнерлілігімен шығатынын тани да, таныта да білген көреген ақын. Адамдар бірін-бірі күндемей, барды ортақтаса пайдалануды уағыздайды. Бірін-бірі ағайын тату тұтып, өмір кешуді керек қылады.
Барлық шығармаларында ақын шығыс поэзиясындағы қалыптасқан дағдының ізімен халықты тәрбиелеудің ең жетімді құралы поэзия деп бағалайды. Яғни, ақын адамгершіліктің ең биік сатысына жетуді білім алу деп, білім арқылы рухани сұлулыққа ие болу мүмкіндігі туралы философиялық ойлары шығыс ойшылдарының гуманизмі ең жоғары талабы екенін түсінеді. Оған жетудің бірден-бір жолы – өнер-білімді, ғылымды игеру, рухани баю, жан-жақты жетілген азамат деген атаққа ие болу бүгінгі ұрпаққа адамгершіліктің түпкі мақсаттарын таныту – ұлағатты ұстаз ақынның өмірлік кредосы, оның бар шығармасының идеялық арқауы. Ақынның түгел творчествосындағы айтпағы да адамгершілік жағынан елін жетілдіру, ол үшін білімді, тиянақты меңгеру, аянбай-талмай еңбектеніп, жер жүзілік білімді игеру еді.
Сондықтан, Тұрмағамбет өлеңдерінің барлық нақыл-өсиетінің түпкі ниеті халыққа адал қызмет ету деген түйінге тіреледі. Жастарды өнер-білімге, ізденуге ел алдында адал, ақ ниеттілікпен еңбек ету сияқты ізгі ниеттерге бар талантын арнайды. Тұрмағамбет те адам деген атқа ие болу үшін адамға ең керек нәрсе білімділік, ақылдылық, өнерпаздық, ыждағаттылық, ел-жұртына берілгендік деп біледі. Мысалы, оның «Шәкірттерге» /1905ж./, «Балаларым» /1906ж./, «Ұстаз ұсынысы» /1900 ж./ тағы басқа өлеңдері – түгелдей дерлік адамгершілік ойларға толы шығармалар. Тұрмағамбеттің ойынша адам, өнер-білімге, өзінің жас бала шағынан бастап тәлім-тәрбие алып, оқу арқылы жетілмек. Баланың ақылының өсу, жетілу кезеңдеріне бірте-бірте сіңбекші. Соған сай тәлім-тәрбие беру абзал дей келе, «Балаларым» деген өлеңдегі ақын ұсынар ойлардың төркіні анықталған.
Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,
Төрден жай аласыңдар, тұрмай тыста.
Төр түгіл, төменнен де тимейді орын,
Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста.
Өнерді осы кезден үйреніңдер,
Көңілді жарыстырмай ұшқан құсқа.
Жалқаулық қалайда да бола берер,
Жас жетіп, ұлғайғанда алған нұсқа, –
деген жолдардан ақынның өнер-білім туралы ойларының осы бір қырын аңғаруға болады.
Тұрмағамбеттің өнер-білім тақырыбындағы өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, жастардың келешегі алдында екенін ескеріп, сол келешек үшін жан аямай еңбектеніп, тапжылмай талап қыла түсуін керек қылады.
Ақыл – тон аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ, жер жүзінде озбайтұғын.
Өнер мен кең ғылымға, уақытың барда,
Себеп не, қол сыбанып созбайтұғын? – дейді.
Ақын ақылды тозбайтұғын тонға балаған да, бүкіл ұрпақтар иелігіндегі нағыз кемеңгерлікті меңзейтін сияқты. Адам өзінің ақылымен биік болуын талап еткендік деуге болады. Ал, ғылымда шек жоқ, ол оқыған сайын толысады, өсіп отырады, кеңейеді. Сондықтан, адам соны ескеріп, өміріне керекті ғылымнан нәр алуға ұмтылса, сонда ғана ғылым да, ғалым да жетіледі.
Ғылымның шексіздігін, оны сарқа игеру мүмкін емес, соған орай ол –«ғылым – кен, күнде өніп қолдайтұғын» деп өте дұрыс түсінеді. Ғылымды әбден сарқа игеруге болмайтын себебі, оның күн сайын дамылсыз өсіп, өркендеп, өзгеріп отыратындығында деуі ғажап.
Тұрмағамбеттің өнер-білімді игеру арқылы рухани сұлулыққа ие болу мүмкіндігі туралы айтқан философиялық ойлары шығыс ойшылдарынын гуманизімімен ұштасады.
Тұрмағамбет өлеңдерінде этика мәселесімен қатар эстетикалық тәрбиеге де айрықша мән беріліп отырады.
Мысалы, «Тәлім» деген тақпақ өлеңінде Тұрмағамбет:
«Аға» деген ініні,
«Жаным» десе болады.
Ерін күткен қатынды,
«Ханым» десе болады.
Қызғалдақтай ұл-қызды,
«Сәнім десе болады.
Көктемдегі төл даусын,
«Әнім» десе болады.
Шөлдеп ішкен сусынды, –
«Балым» десе болады.
Ойлы туған ерлерді, –
«Ғалым» десе болады.
 Ел біткенге таратып,
Мәлімдесе болады.
Мұны оқыған әрбір адамзат талантты ақынның толғанысына сүйінбей отыра алмайды. Өлеңнің эстетикалық кестесі де жақсы, жатық. Тілге үйіріліп, көңілге қонып тұр. Аға мен іні арасындағы сыйластық сұлулығы, ері мен әйелі арасындағы жарасымдылық, өмір қызғалдағы, жастықтың сәні, ғылыммен қаруланған асыл ой иесінің аяулы тұлғасын ақындық әсем тілмен өрнектеген. Т.Ізтілеуов поэзиясындағы тағы бір назар аударатын жағы – оның жанр жаңалықтары мен поэзия түрінің байлықтары. Бұрын халық поэзиясында бар: толғау, терме, арнау, айтыс жанрларының үстіне Шығыс әдебиеті өрнектерімен: мысал, тақпақ, рубаят, нақлият, қисса, хикая, дастан, бәйіт / II буынды қысқа шумақтар/ жанрын қазақ жағдайына байланысты бейімдеп алған. Олар шығыстық арнадан бастау алып, қазақтың төл туындысына айналып кеткен. Жанр ретінде ұлттық қорға қосылған. Сондықтан, бұл саладағы ақын ізденістері де нәтижелі боп шықты.
Тұрмағамбет әрі эпик, әрі лирик. Туған әдебиет үлгісіндегі ол толғау, терме, айтыс, мысал, тағы басқа жазса, шығыстан рубаят, хат өлеңдер, қисса, дастандар тағы басқасын енгізіп ұлттық жанр түрлерін біраз байытқан.
Әдебиеттің ұлттық бітім ерекшеліктерін, тіл кестесін, жанрлар өзгешеліктерін, қазақтың ақындық өнеріне сай сипаттап жазуға болады. Оны жеке-жеке зерттеп, бағасын беру келешектің жұмысы деп білемін.
Тұрмағамбет өлеңді өміріне өзек еткен, өлеңді өнер, өнерді өмір деп ұққан өзіндік беті айқын талант иесі.
Т.Ізтілеуов туған халқымыздың терең тамырлы әдебиетімен, батыс классиктері мен шығыс шайырлары әдебиетінен мол үйреніп, әдебиетіміздің алтын қорын байытты.
Ақын поэзиясы – өткір ой мен жылы да нәзік сезімінің поэзиясы. Ол өзі туралы былай дейді:
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
 Өзімнен шебер кім?-деп кебер едім.
 Әр түрлі хикая мен дастандардың
 Ширатқан шым жібектен көгені едім.
Қазақтың бай, сұлу сөздерінен Т.Ізтілеуов салған тамаша бояулы суреттер оқушыны тебірентпей қоймайды.
Ақынның негізгі идеясы – адамгершілік. Оның шығармалары жанр жағынан да сан-салалы, ақыл-нақылдарга толы, пікірге бай. Ол назымның оннан астам түрін қолданған. Өзіндік ақындық ашық стилі бар, басқамен шатастыруға болмайтын, ақпа- төкпе ақын екені бірден сезіледі. Ол – қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін ұштастыруға күш салған ақын. Сөйтіп, қазақ поэзиясына өлең деген өнердің өзіндегі әдемі естілетін айрықша, қайталанбас, өзіндік үнімен келген, айшығы мен өрнегі бөлек сөз кестесін ұсынған. Әдебиет әлемінде өзіне тиіс үлес үні бар, шын мәніндегі талант нелерінің бірі, ақын – Т.Ізтілеуов қазақ әдебиетіне көптеген түрлер мен жанрлар әкелді.
Ақын өзіндік ерекше ақындық сипатқа жету үшін әрине, талай мектептерден үйренді, үлгі алды. Бұл мектептің алғашқы бұлақ көзі – туған халқының бай ауыз әдебиеті, екінші көзі шығыстың классик әдебиеті, белгілі «Мың бір түн», «Тотынама» сияқты туындылар. Шығыстық дәстүрден рухани нәр алған қазақ ақыны өзінің ана тілінде сөз термелеп, өрнек өрбітеді. Ақын стиліне тән нәрсе көп сөзділік емес, аз сөзбен көп мәтелдеп сөз теру, көркемдік айшықтары, тіл ұстарту тәсілдері қайталанбас қасиеттер. Т.Ізтілеуов қосқан үлестің үлкен салмағы – назиралықтық пен «Рүстем-Дастан» сияқты классикалық шығарманы өзінің ана тілінде жырлап, әлемдік асыл мұраны өз халқына тартуы. Бұл сияқты баға жетпес рухани үлес қосқан ақынның шығармаларын түгендей түсу, зерттей беру азаматтық борышымыз.
Біз Т.Ізтілеуов шығармаларына қазіргі қайта құру талабы тұрғысынан қараймыз. Ел тәуелсіздік алғалы өз құндылықтарымыз ортамызға қайта оралды, Тұрмағамбет мұрасы – біздің аса қадірлейтін қымбат мүліктеріміз. Қазіргі жаңаша ойлау жариялылық көзқарасты ұсынып отырған әділеттік тұрғыдан қарағанда Тұрмағамбет мұраларын арнайы зерттеп, ақынның поэтик творчествосына тұтастай бағасын беру ең кезек күттірмейтін маңызды ізденіс, жауапты да ардақты іс.
Ұлжан ЖАНБЕРШИЕВА,
Тұрмағамбеттанушы
07 шілде 2022 ж. 967 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031