» » Назым сөздің шебері – Тұрмағамбет

Назым сөздің шебері – Тұрмағамбет


СЫР БОЙЫ ЕЖЕЛДЕН-АҚ ОРАҚ АУЫЗ, ОТ ТІЛДІ ШЕШЕНДЕР МЕН КӨСЕМ ҚАРИЯЛАРҒА, ЖЕЗ ТАҢДАЙ ӘНШІЛЕР МЕН АҚЫН-ШАЙЫРЛАРҒА, ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАРҒА, САЛ-СЕРІЛЕРГЕ КЕНДЕ БОЛМАҒАН. ӨЗГЕДЕН ОЙЫ АСҚАҚ, БОЙЫ БИІК ОСЫНДАЙ ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТТЕРІН ХАЛЫҚ СҮЙСІНГЕНДІКТЕН ОЛАРДЫ «СҮЛЕЙ» ДЕП АТАҒАН. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ АЙРЫҚША ҮЛЕС ҚОСҚАН, СУЫРЫП САЛМА АҚЫНДЫҒЫМЕН, ЕРЕКШЕ ТАЛАНТЫМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛЫП, «СЫР СҮЛЕЙІ» АТАНҒАН ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВ.
Сыр ақындарының ағасы атанып, поэзия бұлбұлына айналған ақынның туғанына биыл – 140 жыл. Жыр жампозы Тұрмағамбет Ізтілеуов артына тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған. Ақынның шығармалары бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінде тәлімдік мәнге ие болып, халық игілігіне айналып келеді. Сыр сүлейінің өлеңін оқыған әрбір жас жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ұмтылады. Ақын өз өлеңдерінде жүрекке жетерліктей ой тастап, жыр желісімен ғибраттық ой түйеді. Оқырман әрбір шығармасынан өзіндік қорытынды шығарып, өнеге ала алады.
Осындай ойлы өлеңімен, ерекше жырларымен ел есінде қалған тұлғаны бүгінде ұрпақтары ұлықтаудан жалыққан емес. Жақында «Facebook» әлеуметтік желісінде Тұрмағамбет жырларын оқудан челлендж басталды. Күннен-күнге жыр оқуға ниеттілердің көп екені байқалып, қатысушылар қатары артты. Осы игі істі ұйымдастырып, ақын шығармаларының ел арасына кеңінен насихатталуына себепші болған жанның бірі – ақын ұрпағы Амандық Қуандықұлы.
– Жыр күмбезін Сыр елінде көтер­ген, Сыр елінің Фердаусиі болып өтелген, жақұт жырларын ұрпаққа қалдырған, таланты мен тағдырластарын таң қылған, Тұран топырағының жыр жүрегі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармаларын насихаттау, болашақ жастардың жадында қалдыру – біздің бүгінгі парызымыз. Ал бұл челленджге келсек, бізде Тұрмағамбет ауы­лынан шыққан азаматтардың «WhatsApp» желісінде арнайы тобы бар. Сонда ауылға қажетті дүниелерді ұйымдастырып отырамыз. Бір күні ауыл азаматтарына «Біз Тұрмағамбеттің ұрпағы болған соң, шығармаларын насихаттау мақсатында әрқайсымыз бір өлеңін жаттап, челлендж ұйымдастырсақ» деп ой тастадым. Алғашында ақынның 140 жылдығына орай 140 челлендж түсірсек деп жоспарладық. Бұл санға қалай жеткіземіз деген ойдың болғаны да жасырын емес. Алайда бүгінде бұл челлендж республикалық деңгейде жалғасын тауып, құлашын кеңге жа­йып қарыштап бара жатыр. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Қазір ауыл мектептері де қолдау білдіріп жатыр, – дейді Амандық Қуандықұлы.
Челлендждің «Назым сөздің шебері – Тұрмағамбет» аталуының да өзіндік мәні бар. Бұл атауды жырау Алмас Алматов «Жасымнан назым сөзге шебер едім» деген ақынның өз өлеңіне негіздеп таңдап берген екен. Басталғанына бір ай толмаса да бүгінде 158 адам жыр оқып, видео түсірген. Жылдың соңына дейін бұл санның бірнеше есеге артатыны анық. Себебі жыр жаттап, оны оқуға ниеттілердің көп екені аңғарылады.
– Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдері елді береке-бірлікке ша­қырады. Білімді, ғылымды насихаттайды. Білім алып, елге адал қызмет жасауға үндейді. Тұрмағамбеттің әр жыры бүгінгі қоғамға қажетті таптырмас дәрі болып тұр. Әр шығармасына талдау жасаса кандидаттық диссертация қорғауға да болады. Осыған дейін қорғалып та жүр. Ақынның өлеңдерінің барлығы тұнып тұрған насихат. Біздің бір қуанғанымыз – мектеп оқушыларының челленджге қызығушылық танытуы. Ақынның «Қатарың қалмай шауып бара жатса, Арқаңның ауруы не қозбайтұғын» деген өлеңіндей жырсүйер қауымның қатары артқаны көңілге қуаныш сыйлауда. Біздің діттегеніміз – татулық пен береке-бірлікті, адалдықты, имандылықты насихаттайтын өлеңдерді ұрпақ санасына сіңіру. Себебі Тұрмағамбет жырлары – қазіргі қоғамдағы өршіп тұрған жат қылықтан аулақ болуға үндейтін шығармалар, – дейді облыстық филармониядағы жыраулар бөлімінің көркемдік жетекшісі Амандық Қуандықұлы.
Облыстық мәдениет басқар­ма­сында Тұрмағамбеттің 140 жыл­дығына орай арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Одан бөлек, ауыл азаматтары алдағы уақытта Т.Ізтілеуұлы атындағы мектепте бас­тауыш, орта, жоғары сыныптар арасында «Тұрмағамбет оқуларына» конкурс ұйымдастырмақ. Осыдан кейін бұл байқауды қала мектептері арасында жалғастырмақ ниетте. Мұндай шы­ғармашылық байқаулардың жас ұр­паққа берер тәлімі мол. Тұрмағамбеттің қай шығармасын ал­сақ та, бүгінгі заманға айтып кеткендей әсер қалдырады.
– Осы орайда айта кетсем, об­лыстық филармония әр қалада Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлының 140 жылдығына орай дәстүрлі орындаушылардың қа­тысуымен өзге аймақтарға концерт ұйымдастыруды қолға алуда. Мамыр айында Алматыға, кейіннен Нұр-Сұлтан, Павлодар қала­ларына іссапар жоспарланды. Бұлардың барлығының діттегені бір. Ол ақын шығармаларын халық арасында насихаттау. Сонымен қатар, қолдау білдірген ел азаматтарына алғысым шексіз. Тағы бір айта кетерім, челленджге қатысушылар арасында бір өлеңді қайталамауға тырысып жатырмыз. Бір өлеңді жаттап, видео түсіремін дегенше ол өлеңді өзге біреу оқыса, қатысушылар келесі өлеңді жаттауға кірісуде. Осылайша Тұрмағамбеттің 5-6 өлеңін жаттаған жандар да бар. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебі жатталған өлең әрдайым санаңда сайрап, өмірлік азық беріп тұрады. Жамандықтан тиып, жақсылыққа үндейді, – дейді А.Бүрлібаев.
Қарап отырсақ, Сыр өңіріндегі ақын-жыраулардың көкірегінен төгілген жырларын құмның арасынан іздегендей тірнектеп жинап, бұл қымбат қазынаның сыры мен сымбатын жұртшылыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Бұл міндетті арқалаған аға буын осындай игі бастамалар көтеруде. Бізден керегі – қолдау ғана. Тарих қойнауында жатқан өз заманының белгілі тұлғалары ақындар мен жыраулар осылайша халықтан өз бағасын ала бермек. Артында сұлу сөз бен өлместей мұра қалдырған атақты дара тұлғаларды қалай құрметтесек те артық етпейді.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
10 наурыз 2022 ж. 858 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031