» » » Елі қадірлеген азамат

Елі қадірлеген азамат

Дүйім жұртқа ақыл айтар ұстаз, бірімізге құрметті аға, екіншімізге қымбатты әке болған кезеңге жетіп, қатарларынан  оза шауып, оқ бойы алда жүрген, ел, халықтың, жора-жолдас, достар мен туған туысқандардың абыройына бөленген, ауданның мақтанышына айналған  Өмірбек аға мен Зина апайдың небір асқаралы асулардан асып, қилы-қилы соқпақтармен жүріп өткен жолдары кімге де болса үлгі болғаны шындық.
Өмірдің талабымен ерте есейген Өмірбек ағамыз ұстаздық жолында үлкен жұмыстар атқарды. Бірнеше мектепте басшылық жұмыста, мектеп директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, Ақтөбе ауылындағы қазақ орта мектебінде директор болып, білім саласының өркендеуіне аянбай тер төкті.
Өмірбек Жақпанұлы 1934 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №26 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 1953 жылы Қызылорда қаладағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, химия-биология мамандығы бойынша оны ойдағыдай бітіріп шығады. Институтты бітіргеннен кейін №105 орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызметтер істеді. Ал,1964 жылдан бастап Ақтөбе ауылындағы №109 қазақ орта мектебіне директор болып тағайындалып, ұстаздық,басшылық  жұмысын әрі қарай жалғастырады.
1966 жылы Өмекең партиялық жұмысқа ауысып, аудандағы iргелi шаруашылық «Ақжар» кеңшарының партком хатшысы, одан соң аупарткомның партиялық-ұйымдастыру бөлiмiнiң нұскаушысы, ал 1970 жылдан бастап халық депутаттары аудандық Кеңес атқару комитетінің хатшысы, 1981-1982 жылдар аралығында аудандық тұрмыс қажетiн өтеу комбинатының директоры болып жемiстi жұмыстар атқарды.
Мен Өмекеңді және оның жанұясын  өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бiлетiн едім. Сол кезеңдерде Өмекең Ақжар кеңшары партия комитетінің хатшылығынан Қармақшы аудандық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып ауысса, мен Ленин кеңшары комсомол ұйымы хатшысынан аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру жұмыстары бөлiмiнiң меңгерушiсi болып ауысып келген кезiмде ол кісілермен көрші отырдық. Өмекең өте аққөңіл, ешкiмнiң көңiлiн қалдырмайтын, кімге де болса болсын деп тұратын, қарапайым, кiшiпейiл кiсi болатын. Өткен күнді еске алар болсақ, осы ауданда өзінің өмірі жеткенінше жұмысын адал атқарған, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына өзiндiк үлес қосқан ағаларымыздың бірі Өмірбек Таңқаев болды десек, артық айтпағандық болар еді. Әсіресе, аудандық партия  комитетінің үлкен жиындары мен аудандық Кеңес атқару комитетінің сессиялары мен жиындарында мекеме басшыларын, тағы да баска кiсiлердi шақырғанда сол жұмысқа өте жауапкершiлiкпен, өте шыдамдылықпен, ыждағаттылықпен қарайтыны мені қызықтыратын.
Ол кісінің мекеме басшыларымен,тағы да басқа кісілермен телефон арқылы сөйлесуі өте бөлек болатын. Көбіне менiн байқағаным, қандай бiр үлкен жиындарға немесе сол кезеңдердегі қым-қуыт аудандық Кеңес атқару комитеті араласатын мал төлдетуге адам ұйымдастыру, шөп дайындауға, оны ауыл орталығына тасып  жеткізуге  транспорт ұйымдастыру, аудандық астық қабылдау мекемесiне адамдарды көмекке алып келу, қойшы әйтеуір таусылмайтын шаруалар арасында басшы болып Өмекең жүретін. Өмекеңнің тағы бір іскерлігі – ол шақырған кісілер ешқандай сылтау айтпай, шақырылған мерзімнен бұрын залға еніп, күн тәртібіндегі мәселеге дайын болып отыратынын байқайтын едім. Кейіннен өзім жұмысқа араласып, басшылық жұмыстарда болғаннан кейін Өмекеңнің бұл қасиетін бойына берілген табиғи талант деп есептедім. Себебі, бір шұғыл тапсырмалар болып, соны орындаушыларға жеткізу үшін мекемелер мен кұрылымдарды жинауға тапсырма беремін. Белгiленген уақытында жинай алмай, жиналған күнде де озықты, созықты шақырылған кiсiлердiң тең жартысы келмей, келгендердің неге келiп отырғандарын бiлмей шала-шарпы, тапсырманы түсінбей кетiп жатқандарды да сезіп жүретін едім. Ал мұндай жағдайда Өмекеңнен үйренер iстер көп болатын.
Ол кiсi залға адам шақырғанда өзiне тапсырма берген басшысының белгiлеп берген уақытынан 5-10 минут ерте келiп отыруды қатаң тапсыратын. Егер 1-2 минут кешігіп келгендер болса, залдың есiгiн жауып, оларға бөлек әңгiме жүргізетін.Сондықтан да Өмекең шақырған кісілер үнемi уақытында залда отыратын. Ол жаңағы жоғарыда айтқандай, қым-қуыт шараларды ұйымдастыра жүрiп, олардың жағдайларын да ойлап жүретiнiмен ерекшеленетін. Мысалы, астық жинау науқандары кезiнде аудандық астық қабылдау пунктіне жиналатын, өздерiне тапсырмаларды пысықтап қай жерге транспорт, адам күштерi жетпей жатады, соны жиналып ақылдасып, ұйымдастырып жатқан кезеңдерде оларға арнайы шәй ұйымдастырып, күн-түн демей жұмыс жасап жүрген мекеме басшылары мен транспорт, байланыс, кұрылыс саласы басшыларының да көңiлдерiн аулап отыратыны Өмекеңнiң өзiнше бiр iскерлiгi деп бiлетiн едiк.
Өмекеңнің ерекше қасиеті – өз сөзіне аскан жауапкершiлiкпен қарайтын. Әрi қысқа, әрi нұсқа, байыппен сөйлеп, тапсырмалар беретін. Ол ешкімнің көңіліне тиіп, әңгіме, тапсырмалар айтпайтын. Сөз саптасының тереңдiгi әр сөзiнен байқалып отыратын. Бiз де осылай жұрт алдына шығып, өз пікірімізді ашық айтып, сөз сөйлесек деп армандаушы едік. Ол кісінің жүріп өткен жолы, өмірбаяны, өнегесі өмір атты үлкен жолдағы қажымас мол күш-қайраты мен ерік-жігері кейінгі жастарға үлгі болып қалды. Құдайға шүкір, артында ұрпақ қалды, өшпейтін өнеге, тозбайтын тәлім қалды. Біз кейінгі інілері осыны медет тұтамыз. Ел, халық аман болсын, осындай ақ жүректі асыл ағалар мен аналардың әруағы желеп-жебей берсін.
Нұртілеу САЛЫҚОВ
Қазақстан Республикасының құрметті азаматы   
04 шілде 2022 ж. 515 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031