» » » Өшпейтұғын артына сөз қалдырған

Өшпейтұғын артына сөз қалдырған

Біздің қолдан жазу келе ме? Ойым­ды қағазға түсіріп көрейін дедім.  Айтылған естелікті жазып, Ибрагимге жібердім. Менің көңілімді көтергісі келді ме, «Өте жақсы жазыпсың, мені аса мақтап жіберіпсің» деп мені қолпаштап қойды. Көп уақыт өтпей 2021 жылдың 19 ақпанында қимас досым Түркияға емделуге барып сол жақта қайтпас сапарға аттанды. Өмірден өткеннен кейін естелік кітап шықты. Менің естелігім бір жерде көрінбей қалды ма, кітапқа енбей қалыпты. Қағаздарымды қарап отырып, сол естелікке көзім түсті. Биыл аудандық газеттің жарыққа шыққанына  90 жыл толыпты. Журналистердің төл мерекесі қарсаңында марқұм Ибрагимнің алғаш еңбек жолы басталған басылымға осы естелігімді жолдауды жөн көрдім.Ибрагим екеуміз бір ауылда туып өстік. Бір сыныпта оқып, 1968 жылы Ш.Уәлиxанов атындағы №26 қазақ орта мектебін бірге бітірдік.
Ол журналист болуды армандап алғашқы қадамын аудандық газет редакциясында бастады. Мен Алматыдағы зоотеxникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, зоотеxник мамандығын алып шығып, көп жыл өз мамандығым бойынша жұмыс істедім.
Әйгілі  Тұрымбет жырау Салқын­байұлының (Бала жырау) жалғыз баласы Бекмахан ағамыз бен Зағи жеңгемізден тараған аға-інілеріміз Жеңіс, Кеңес, Тыныс, Ибрагим, Әнуар, Марат, Әнет, Ба­уыржан, Ғабит, қарындастарымыз Бану мен Розалар. Осы көпбалалы отбасының балаларының ынтымақ-бірлігіне ауыл тұрғындары ризашылықпен қарайтын және қызығатын.
Бекмахан ағамыз да, Зағи жеңгеміз де сөздің адамдары емес. Үйіне барғанда әрқашан мені өз балаларындай жылы шыраймен қарсы алатын.
Осы аталған аға-інілерімізбен тонның ішкі бауындай, құрдастай араластық. Қызылордаға ет комбинатына мал өт­кізуге барғанда Жеңіс ағай жұмысын тас­тап, менімен бірге мал өткізуге көмек­тесетін, жұмыстан соң үйіне алып кететін.
Оқу бітіріп келген соң ауылда бас зоотеxник болып жұмыс атқардым. Ибрагим редакцияда. Сол кездегі аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетіне Ибрагим мені жеті сайын шығарады. Мен содан қысылатынмын. Өйткені жаңа жұмыс істеген кезім, жұмысым ойдағыдай емес сияқты өзіме. Тіс қаққан ферма бастықтары айтқанымды жүре тыңдайды. Соны намыс көретінмін, баяғы.
Аға-інілері, қарындастары өмірден өз орындарын тапты. Ал Ибрагим болса Қазақстанға белгілі ақын, журналист, жазушы, екі одақтың да мүшесі атанды. Жиырмадан астам кітаптары баспадан шықты. Алғашқы шыққан (1993 жыл) «Шапағат», одан кейінгі «Сағымсары» шағын кітаптарынан бастап, кейінгі көлемді кітаптарының алғашқы даналарын  оқырман ретінде маған үзбей сыйлап келді.
Тұрымбет атамыздың 150 жылдық ме­рейтойы қарсаңында шығарған «Жүй­­рігі едім xалықтың» атты кітабын маған ұсынғанда жазған қолтаңбасында «Кітапты қадірін біліп, оқитын адамға беру керек қой, кітабым иесін тапты деп есептеймін» деп жазып еді.
Ибрагимді этнограф жазушы, Қорқыт ата атындағы университеттің құрметті профессоры, белгілі этнограф Тынышбек Дайрабай ағамыз «Ибрагим, дастан (поэма) жазатын сирек ақындардың бірі» деп бағалаған еді.
Ол атақты би-батырларға, жырау­ларға, белгілі азаматтарға арнап бірнеше дастан (поэма) жазды. Атап айтқанда «Арыстанбай батыр», «Төребай би», «Оңғар жырау», «Кенжалы би», «Нияз молда», «Тұрымбет жырау», «Ыспан қари», «Нар тұлға» атты Е.Сексенбаевқа және Елеу Көшербаевқа арнаған дастандары жарық көрді.
Ибрагим атасы Тұрымбет жырау Салқынбайұлының қайтыс болар алдында айтқан:«Балаларым мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы» деген өсиет-аманатын толық орындады деп айта аламын.
Ол 1993 жылы атамыздың 125 жылдық мерейтойын облыстық дәре­жеде өткізуге, 2008 жылы облыстық дәрежеде 140 жылдық мерейтойын, 2019 жылы атамыздың 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік дәрежеде өткізуге мұрындық болды.
Аталарымыз «Төребай би», «Оңғар жырау», «Тұрымбет жырау» және Е.Сек­сенбаевқа арналған мерей­тойлардың өтуіне және «Елім деп өткен ерлер»  кітабының шығу жұмыстарына, ұйым­дастыру шараларын өткізуге бірге үлес қосқан едік. Ибрагим досым 70 жас­қа қараған шағында дүниеден өтті. Өлмейтұғын артында сөз қалдырған осындай жандарды өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?!
Қашқынбай ТӨЛЕМІСОВ
Алматы қаласы
30 маусым 2022 ж. 574 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031