Ізгілік иесі

Ташкентте жүргенде Нұрсұлу екеуі бірге отбасын құрды. Содан оқу бітірісімен арнайы жолдамамен А.Ойнарбайұлы Түрікменстанның Красноводск облысы, Челекен қаласындағы химия зауытына қызметке орналасты.
Алғашқы қызметін қатардағы инженерден бастап, аға инженер, бөлім бастығы, директордың орынбасары, директор болып ширек ғасырдан астам Түрікменстан елінде абыройлы қызмет атқарды. Жалындаған жастың азаматтық тұлғасы осы кезде танылды. Араласып, хабарласып, кездесіп тұрдық.
Бірде Алматыға Айекең келгенде ұзақ отырып сөйлестік. Дастарқан үстінде, т.б. жерлерде достығымды пайдаланып «...Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген атамыз қазақтың даналық сөзін әзілмен жеткізгенімде: «Айтқаның орынды, өзіміз де Алматыға оралмақ ойымыз бар, бірақ орайын келтіре алмай жүрміз ғой» дейтін өзінің асықпай сөйлейтін қалпын бұзбай.
Сәті түсті ме, болмаса менің сөзім қамшы болды ма? Әйтеуір сол әңгімеден кейін үлкен қызы Гүлнарды Алматыға оқуға әкелді. Осы істің басы-қасында Нұрсұлу жүрді. Содан соң екінші қызы Эльмира медицина институтына түсті. Балаларының алдын Қазақстанда оқыта бастаған А.Ойнарбаев 1982 жылдың аяғына таман Алматыға көшіп келіп, Абай ауылында тұратын менің туған інім – Самалдың қасынан үй сатып алды. Жұмысқа да оңтайлы орналасты. Құрылыс материалдары министрлігінде басшы болды. Мұнда да жаман қызмет атқарған жоқ, абыройлы болды. Жігерлі басшылардың бірі болған Беркімбай Парымбетовтың көмегімен қазіргі отырған төрт бөлмелі үйді алды.
Алматыға көшіп келген 23 жылдай уақыт ішінде өмірінің соңғы күніне дейін сыйласып тұрдық. Бірде оның, бірде біздің үйде қонақта болып дегендей.
Айтекеңнің мұрнының үлкендігіне қарап, мектепте оқып жүргенде «Сенсимон» деп әзілдеп ат қойғанбыз. Күні кешеге дейін «Сенсимон» болмаса, «Айту» деп атын қысқартып айтушы едік. Балалық шақтан басталған өмір жолымыз бүгінгідей көз алдымда. Айтекең көп жыл ауырды. Ауырып жүрсе де ауруға мойымады. Ол балаларының сүйікті әкесі, қамқоршысы бола білді.
Армансыз адам болмайды, тағдырдың жазуы шығар 70 жасын тойлай алмай кетті. Бірақ артында өлмейтін ісі, кісілік келбеті, биік адамгершілік тұлғасы қалды. Тағдыр осылай болды. Нұрсұлуға Айтекеңнің ізін, ісін жоғалтпай жалғастырып балалары және немерелерінің қызығын көруге жазсын.
Камал ОРМАНТАЕВ, академик