» » Арман орындалған күн

Арман орындалған күн

Адам баласы қиялдап, армандай білу керек деген. Жалпы бұл тұрғыда хадисте де айтылған. Жаратқан иеміздің «Жақсы жағынан ойлап, армандай біліңдер, тілектеріңнің орындалуы ғажап емес» дегенді бұрын-соңды оқығаным бар. Осындайда өткен шақ тағы да ойға оралады екен.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ.
Ауылда бастауыш сыныпта оқып жүргенімде үйге «Ұлан» деген балалар газеті келетін. Үйдегі мұғалім тәтеміз бізге бола осы газетке жазылатын. Басылымның айына неше рет келетіні нақты есімде жоқ. Бірақ арасы ұзап, кешігіп келетін. Пошта жәшігін күнде қарап, таратушы апайды көшеден күтетінбіз. Жәшіктің ішінен газеттің басы көрінсе дереу алып, сол жерден бастап ішін ақтара қараймыз. Ішіндегі мақаланы асыға оқып, көз тартар суреттерге қызыққанымыз бар. Осыдан кейін «менің де шығармаларым газет бетіне шықса ғой» деген бала қиялдың алысқа қанат қаққаны әлі есімде.
Кейін бастауышты бітіріп, ауданға көштік. Уақыт өте үйге келер газеттің түрі көбейді. Соның ішінде аудандық басылым «Қармақшы таңы» газеті бірінші жүретін. Ішінен таныстарымызды көргенде өзің шыққандай бір марқайып қалатынбыз. Бір күні аудандық оқушылар үйінде мектепаралық қолөнерден жарыс өтті. Алдын ала бізге берілген тапсырма – жасаған бұйымың міндетті түрде электрлі батареямен жабдықталуы керек. Мен қолдан моторлы қайық жасап апардым. Сөйтіп жарыс қорытындысында үшінші орын алдым. Көп ұзамай үйге келген газеттегі мақаладан кешегі шараны оқып, ішінен өзімнің аты-жөнімді таптым. Сонда қатты қуанғанымды-ай. Кейін командалық жайдарманда ойнап, суретім де шықты. Осылайша кезіндегі бала арманның бір бөлшегі орындала бастады. Мектеп бітірдік, оқуға түстік. Кезеңімен жұмысқа да тұрдық. Бірақ жұмыс көрші ауданнан табылды. Бір күні апта соңы болып ауылға қайтқанымда жолда сол кездегі «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Дастанбек Садықты жолықтырдым. Екеуіміз бұрыннан жақсы таныспыз. Ол менің шаршаңқы түрімді көріп «Сен әлі қатынап жұмыс істеп жүрмісің, менде мамандығыңа қарай бір штат бос, маған жұмысқа кел» деп шақырды. Міне қызық. Редакцияда жұмыс істеймін деп кім ойлаған? Келісімімді беріп, шығармашылық ұжымның ортасына келдім. Мұндағы білікті тілші мамандармен етене жақын араласып, қабілетіме қарай мақала жазуды да үйрендім. Жалпы бала кезден өлең жазатыным бар болатын. Соның да септігі тиді. Айтпақшы бұған дейін Алматы қаласында жүріп фотограф ағамнан бір-екі ай суретке түсіруден сабақ алғанмын. Соның да пайдасы менің газетке деген шабытымды ерекше оятты. Фототілші, қазір ардагер Қазбек Тайбағаров ағамыздан мол тәжірибе жинап, үлкен іс-шара, жиналыстарда түсірген суреттерім газет бетіне әлсін-әлсін шығып отырды. Бір сөзбен айтқанда аудандық «Қармақшы таңы» газетінде сонау бала арманым орындалып, жаңа бір қырымыз ашылды. Одан бөлек биылғы тоқсан жылдық мерейтойда жеке басымда жақсы жаңалық орын алып, ұжымдағы әріптесіммен отбасын құрдым. Бұл да бір төл басылымның арқасында үлкен арман мақсатыма жеткен жетістігімнің бір парасы. Абыройы асқақ, мәртебесі биік, тарихы терең ауданымыздың айнасы жасай бер!

29 маусым 2022 ж. 627 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031