Таратушының бір күні

Бір қарағанда, газетті таратып шығу оңай деп ойларсыз. Әсілі, қай жұмыстың да жеңілі жоқ. Өзіне тән қызығы мен қиындығы бар. Шынтуайынтында газет таратушының кезігер кедергісі көп. Жұмысы да қым-қуыт қамасқан қарбаласқа толы.
Сағат 9.30. Біз ырғақты тіршілігі көзге іліне бермейтін, жауапкершілігі мол, ісі тыңғылықты, көпке үлгі, газет таратушы Арыстанбек Қанағатовтың соңына ілестік. Арқаға қара сөмкені асынып, ағамыз велосипедіне мініп алды. Алғашқы бағытымыз – Өміров көшесі. Бірді-екілі үйге газетті апарған соң абалап үрген иттің дауысы қатты шықты. Үйдің маңына келіп, газетті пошта жәшігіне салғанша әлгі иттің үрісі үдеген жоқ. Анадайдан қарап тұрған біздің өзіміз қорқақтап тұрдық.
– Мына тұрған үйдің иті үріп көшеден жүргізбейді. Бүгін байлап қойыпты. Әйтпесе газетті пошта жәшігіне салғызбай біраз әуреленетінмін. Уақытты да ұстайды, – дейді газет таратушы Арыстанбек Қанағатов.
Кент тұрғындары Арыстанбек ағайдың жұмысқа деген жауаптылығына тәнті болып, ризашылығын білдіреді. Газет келген бойда күннің ыстық-суығына қарамай таратып жүретінін көзіқарақты оқырман жақсы білетін болар.
– Газетіміз уақытылы келіп отыр. Таратушыларға үлкен алғысымды айтамын. Рас, кей тұрғындар итін бос жібере салады. Әрине, көшеде иттен жүре алмай әбігерге түсеміз. Таратушыны да жақсы түсінемін. Ит қауып жазым болса қайтпек керек?! – дейді кент тұрғыны Өміркүл Сатыбалдиева.
11.00. Күн көзі көрінгенмен ызғары басым. Ал таратушы ағамыз әлі газет таратып жүр. Кей үйлерде тіпті пошта жәшігі жоқ. Мұндай жағдайда газетті есікке қыстырып кетеді. Сол себепті оны уақытылы алу керек.
– Бірде бір жеті ауылда болмай қалдым. Кетерде газетімді жинап қоярсыз деп таратушыға ескертіп кетіп едім. Сөзімді жерге тастамай, келген бойда барлығын әкеп берді. Аудандық басылым болған соң газетті асыға күтемін, – дейді А.Бақытқызы.
Түскі үзілістің уақыты да таяп қалды. Алда әлі 200-ге жуық үй бар. Оның барлығын кешке дейін үйді-үйге тарату керек.
Күн қысқарып келеді. Дегенмен рухани жан азығы саналатын мерзімді басылымдарды әрбір таратушы ауа-райының қолайсыздығына қарамай оқырманға уақытында жеткізуге аянып қалмауда.
Ақнұр САҒЫНТАЙ