Бағасы емес, беделі қымбат басылым
Аудан әкімдігіндегі жалпы бөлімде ұзақ жыл хатшылық қызмет етіп, зейнеттік демалысқа шықтым. Үйде отырған адам не істейді? Теледидар көріп, газет оқиды. Жасым 76-да. Тек аудандық емес, облыстық, республикалық газеттерге жазылып, үзбей оқимын. Атам Кенжалы өңірге белгілі атақты би болған. 2-3 жылдың бедерінде сол жайлы құнды деректерді жинақтап, «Кенжалы би» кітабының жарыққа шығуына жұмыс істедім. Отағасы Қазақ КСР-ке еңбегі сіңген энергетик. Сексеннен асса да көңілі сергек. Күніне 3-4 кітап оқиды. Оқып қана қоймай, немерелерге білгенін айтып береді. Газеттің келесі саны келеді-ау дегеннен көшеге қарап, көргенше алаң болатынның қатарындамыз. Газет таратушылар біздің осы ынтызарлығымызды ескеріп, уақытылы жеткізіп тұруға тырысады.

Басылымға жазылу басталғанын естіп, арнайы редакцияға келдім. Қатарға қосылған тілшілермен танысып, аналық батамды беріп, жұмыстарына абырой тіледім. Кейбіреу теңгесін қимай, газеттің электронды нұсқасын интернеттен көреміз дейді. Мұндайда айтарым, ғаламтор ешқашан кітап пен мерзімді басылымның орнын баса алмайды.
Рәзия Бекенова,
ардагер ана