ТВ қарап, газет оқитындар азайып барады - TNS Central Asia басшысы
Қазақстанда күнделікті теледидар қарап, газет оқитындардың саны азая түсуде. Бұл туралы бүгін Astana Media Weeк аясында өтіп жатқан «Өңірлік БАҚ» форумында TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның дерегінше, адамдар 200 минутын теледидар көруге, шамамен 150 минутын интернет қарауға жұмсайды. Ал радионы қосқан адамдар оны тыңдауға шамамен 2 сағатын шығындайды.
«Теледидар қарау уақыты да қысқар түскен. Бір түрлі көрінсе де интернетті пайдалану уақытты да азая түскен. Бұл ең алдымен пайдаланушылар санының артуымен байланысты. Егер ертеректе интернетті негізінен белсенді, уақытының көбін соған жұмсайтын пайдаланушылар қолданса, қазір олардың қатарын қысқа ғана уақыт пайдаланушылар толықтырып отыр», - деді TNS Central Asia бас директоры.
Татьяна Старцеваның сөзіне қарағанда, адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына бөлетін уақыттарының шамамен 50 пайызын теледидар алады.
«Екінші орында интернет - 32 пайыз, радио - 15 пайыз, дәстүрлі баспасөз - 3 пайыз. Осылайша, үш жылдың ішінде телевидение үлесі 8 пайызға қысқарып, интернет үлесі 11 пайызға артып отыр. Радио мен дәстүрлі баспасөз үлесі іс жүзінде өзгеріссіз қалуда», - деді ол.
inform.kz
Пікір 1