» » Жақсылардың бірі азайды жердегі

Жақсылардың бірі азайды жердегі

Осындай тақырыппен жерлесіміз Абдолла Дастановтың әлеуметтік желіде қалдырған жазбасын көріп, есеңгіреп қалдым. Жұмыстан үйге кірген бойым еді. Мүмкін емес, мүмкін емес дей беріппін. Сірә, ондай тау тұлғалы азаматтарды өмірден өтпейтіндей көрсем керек.
Өткен жылдардан естелік, рухани әңгіме мен тарихи, танымдық мақалалар қажет болса «бір білетін жан болса ол осы кісі деп» арқа сүйеп үйренген біздің қабырғамыз құлап қалғандай. Сенбей, жазбаны қайта-қайта оқимын. Салауат айтқан адамдардың көптігіне қарап жазушыны жек көрген адам жоқ шығар дейсің. Рас, ол сондай кең жүректі, ініге ізет, үлкенге құрмет көрсете білген жан еді.
«Түркияға кетіп барамын. Ота жасатуға. Алла амандығын берсе келген соң жаңа мақалаларымды жіберемін. Әзірше осыларды жариялай бер, көкем». Иә, бұл ақтөбелік ауылдастар, қармақшылық жерлестер, біздің «қармақшытаңылықтар» үшін аса қымбат жазушы Ибрагим Бекмахановтың соңғы рет телефон арқылы тілдескендегі сөзі еді. Жеті сайын хабарласып ауыл-елдің амандығын сұрап тұратын. Сол сапарға келмеске кетіп бара жатқанын білдік пе? Жетпіске жеткен шағында соңғы демі Стамбұл қаласында үзіліп, рухы көкпен ұшып Алматыға келді. Дерттің азабын тартып жүрсе де дымын білдірмеуші еді. Күні кешеге дейін қолынан қаламы түспеді. Өзі еңбек еткен газеттің қазіргі құрамын жақсы білетін. Жас журналистердің бәрін көзбен көрмесе де жазбасын газет сайтынан оқып, алыста болса да танып, тілек білдіріп отыратын. Өмірдің ағымына ілескен бағыты, жаңалықты меңгеруге жүрексінбейтін жігері, өз мамандығына адалдығы бізге үлгі болды. «Көзімнің көруі нашарлап барады. Қатесіне мұқият қараңдар» деп әр жазбасына қырағылық танытуымызды қадағалайтын.
Ибрагим Бекмаханұлы – 1951 жылы 22 маусымда Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Еңбек жолын туған ауылында киномеханик болудан бастаған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекттік университетінде оқып, журналист маман атанады. Баспасөзде 1974 жылдан еңбек еткен. 1974-1979 жылдары аудандық «Коммунизм шамшырағы» (қазіргі «Қармақшы таңы») газетінде корректор, тілші, аға тілші қызметтерін атқарса, 1979-1984 жылдар аралығында Қармақшы аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аупарткомда нұсқаушы болған. Кейін Торғай, Жезқазған облыстық газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», республикалық «Азия-Транзит» газеттерінің Жезқазған өңіріндегі меншікті тілшісі, «Наз» газетінің редакторы, «Сарыарқа» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшысы жұмыстарын абыройлы атқарды. Осы тұста газет жұмысынан қол үзбей, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып, 14 жыл қызмет атқарған. «Орталық Қазақстан» газетінің экономика және өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, 2011 жылдан «Қазақ газеттері» ЖШС-інің «Экономика» газетінің бөлім редакторы болып «Жеті жұрт» республикалық газетінің тілшісі болып еңбек етті. Зейнетке шыққаннан жеке шығармашылығына көңіл бөліп, бірнеше кітап шығарды.
Оқушы кезімізден ұстаздарымыз ауылдан шыққан өнер, еңбек майталмандарын айтып, танытып өсірді. Жоғары оқу орнын Жезқазған қаласында жалғастырдым. И.Бекмаханұлы ол кезде Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде жұмыс істейтін. Газетті қолыма алып, оның аты-жөнін көрсем, «менің ағам» деп марқайып отыратынмын. Бірде газет редакциясына бардым. «Ағаңды іздеп келген талабыңнан айналайын, өркенің өссін» деп батасын берген-ді. Бала кезде журналист болам деп армандағаныммен «Мұрағат ісі» мамандығында оқитын менің сол кезде жазуға деген қызығушылығым үдей түскен еді. Жаны таза, рухы биік арқадағы ағама еліктеп өлең жазып жүрдім.
Ибрагим Бекмаханұлы – атақты жырау Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбаевтың туған немересі. Ол атасының әдеби мұраларын жинақтап, 1993 жылы 125 жылдық мерейтойына орай «Талайды таңырқатқан жырау едім», 2008 жылы 140 жылдығына «Атандым жас күнімнен бала жырау», 2018 жылы 150 жылдық республикалық мерейтойына «Жүйрігі едім халықтың» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Белгілі қаламгердің «Шапағат», «Сағымсары», «Сыр мен Арқа саздары», «Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Қасиетті мекен», «Жүректегі ырғақтар», «Сырдария-Ұлытау» атты поэзиялық, «Сыр мен Қырдың перзенті», «Дария көңіл, тау мүсін», «Дария-ғұмыр», «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр», «Қарсақбайлық қай сар ұл», «Бекзат болмыс», «Кенжалы би», «Ыспан қари» атты прозалық, көркем-публицистикалық және «Жалмауызға да жан керек» атты сатиралық кітаптары жарық көрген. Республикалық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері болды. Журналистикадағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен, Жезқазған қаласы, Қарағанды облысы әкімдері мен Мәслихаттарының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Иә, Ибрагим ағаны үлгі тұтатын, сыйлайтын, құрметтейтін қаламгерлерге, әсілі қармақшылықтарға қазасы ауыр тиді. Жетпісіне жетпеген жақсылардың бірінен тағы айырылдық, жерлестер...
Бақұл болыңыз, ардақты аға!

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
23 ақпан 2021 ж. 1 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031