» » Ғасыр - ғұмыр

Ғасыр - ғұмыр

Абайдың бірде «Мына өмірде аз көрдім бе, көп көрдім бе?» дейтін жері бар еді. Сол ғұламаның толғанысы ойыма түсіп отырғаны. Сонда адам баласы өзінің қаншалықты білікті болғандығын, өскендігін, азаматтық тұлғасын танып білу қиын болғаны ғой. Ал саған басқа біреудің баға беруі одан әлдеқайда оңай екендігі рас. Шамасы жетсе де, жетпесе де көңіліне түйгенін қотара салуы мүмкін. Жас кезінде адам ештеңені елемейді екен. Алдыңда сөз айтатын да, жол бастайтын да адам көп. Не алаң бар? Жүре бер. Жоқ, жүре беру де жөн емес. Тек алдыңдағы ағалардың сөйлеген сөзін пайымдап, жүрген жолын бағала, көңіліңе түй. Ол басқа үшін емес, өзіңе керек. «Адам болатын баланың адамменен ісі бар», деп аталарымыз тегін айтқан жоқ. Кім болғанда да көру, көңілге түю арқылы өседі. Қазір бізде ел ағасы жасқа келдік. Бұрынғыдай бейқам жүре алмайсың. Өткеніңмен ойланасың, түйгеніңмен толғанасың. Алдыңғы толқынның азайып бара жатқандығын көресің, сезінесің. Алаңдай бастайсың. Уақыт ешкімге бағынбайды. Құлағы керең, түсінігі жоқ, мейірімі аз адам секілді алған бетінен қайтпайды. Әуре болма. Қамыңды жаса, заманның салмағын көтер. Осы өмірде көп кісілермен пікірлестік, араластық, таныдық. Оған да шүкір. Бойымызда жинақталған жақсы қасиет болса, сол ағаларымыз бен көкелерімізден көргендеріміз, жиғандарымыз екендігі анық. Олардың көзі болмаса да сөзі қалды, адами тұлғасы есімізде таңбаланды. Бәрін бірдей айту қажет те емес шығар. Алла бұйыртса, ойлағанымыз болса, бәрі келер күннің еншісінде болмақ. Жақында маған Бақытбек Бектібаев ағам телефон арқылы хабарласты. Жағдай сұрап, аз-кем әңгімелескен соң, хабарласқан себебін айтты. Айтуынша, биылғы жылы әкесі Шәкіман 100 жасқа, ағасы Раушанбек 70жасқа, інісі Жұмабек 60 жасқа толады екен. Бұл кісілер өмірден өткенмен, артында іздеушісі бар жандар. Сол себепті осы күнді атап өтіп, оларға ас беріп, құран бағыштайтынын айтты. Содан соң Шәкіман ақсақал туралы аз-кем білгенімді жазып, елге ұсынуымды сұрады. Айтушыға айтқанша салмақ түссе, айтылған соң оның жүгі өзіңе ауатыны белгілі. Мақала жазу да оңай шаруа емес. «Таппай сөйлесең келеке қылатын» халық бар. Аға сөзін жерге тастау да қиын. Сонымен келістім. Қолыма қалам алдым.
Мен білетін Шәкіман Бектібайұлы жастайынан қиындықты көп көрген адам. Себебі, қоғам, заман дүрбелеңге толы кезең еді. Қытайлықтар жек көрген адамына «Өтпелі кезеңде өмір сүр» дейді екен. Дәл сол өтпелі кезең феодализимнен социализмге ауысу уақыты Шәкең ақсақалдың тағдырына бұйырған екен. Әкесі Бектібай елге белгілі, білімді, ақылды, әділ және көреген адам болса керек. Елге сол қасиеті ұнап болыс болған. Социалистік қоғамның басты қасіреті – қазақ халқының сан жылдар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен халықтың бетке ұстар азаматтарын жойып жібергені. Бұған тарих куә. Оның орны толар-ау бір күні. Бірақ, оған көп уақыт керек. Әкесі Бектібай да жазықсыздан – жазықсыз қудаланып, содан бойына ауру жамап, ақыр соңында бұл пәни дүниеден ақыреттік сапарына аттанып кете барады. Шәкеңнің айтуынша, одан соң Қазалыдағы балалар үйіне қарындасы Роза екеуі орналасады. Ол жердің жағдайы да оңды болмай, балалар аштан өле бастайды. Қарындасы Роза аурулы болып қалады да, жағдай оңалмаған соң бала Шәкең қашып шығады. Көп қиыншылық көріп, Қармақшыға да жетеді. Қиындық көре жүріп құрыштай шынығады. Соғыс басталғанда жас жігіт оттың ортасына түседі. Оқ тиіп өлімші болып жараланады. Тағдыр жазып аман-есен туған еліне де оралады. Еңсе көтеріп елге қызмет ете бастайды. Аяқтан шалу да болмай қалмайды. 1953 жылы аудандық партия комитетінде қызмет етіп жүргенде «болыстың баласы» деген желеумен жұмыстан шеттетіледі. Алмасты қайраған сайын өткірлене түседі. Шәкең де сол алмастай қайралды. Нардай болып ауыр сан сынақтан қайыспады. Төзімді адам, ақылды адам қай кезде де мақсатына жетеді. Тәңірде адам маңдайына бірыңғай қиыншылықты жаза бермейді. Қиындықтан өткен адамның да құлашын кеңге жаятын, қазаны қайнап, берекесі артатын шағы келеді.
Біз білетін Шәкіман ақсақал сондай адам еді. Ал, мен жазған өткен өмірі ол біздің естегеніміз бен оқығанымыздан барып білген, түсінген жайымыз ғана. Ұл өсірді, қыз тәрбиеледі. Барлығы да ұрпақ көшін ілгері апарып, шаңырақ көтеріп, әулеттің даңқын асырды. «Әр нәрсенің қайыры бар» деп қазақ осындай жағдайды айтқан болуы керек. Мен білетін Шәкең ақсақал көп сөйлемейтін, бірақ, айтқан сөзінде қуат бар, ұлағат пен ақылға суарылған әңгіме айтатын адам еді. Біреуге жағымпазданып қадірін кетірмейтін, өтірік сөйлемейтін, бойында бекзаттық, ойында адалдық, ісінде жасандылығы жоқ кісі еді. Өмірден өткенінше қолынан қаламын тастамай өлең өлкесінде өз желкенін керіп, «қазақтың күпі киген қара өлеңін» қадірлеп, толғанып, толымды дүниені артына мұра етіп қалдырды.
– Арамдық етсең адамға,
Тапталарсың табанға.
Мейірімді болсаң ел сүйіп,
Атың шығар әманда, – деп бір толғап қояды.
– Өтірік, алдау, зұлымдық,
Жаман әдет, құр қылық
Бәрінен де аулақ бол,
Айтқан сөзді жүр ұғып, – деп жаманнан жирендіріп, адами асыл қасиетті бойға берік байлам етуді кейінгі ұрпаққа насихат етеді. Өлеңдерін талдап, таразылап қарай бастасақ тым тереңге кетіп қалатынымыз анық, оны зиялы оқырманның өз еншісіне қалдырған жөн болар.
Кітабын ақтарып, өлеңінен өзін танып, Шәкіман ақсақалмен қайта қауышқандай күй кештім. Бір бетінде келіні Анарға жазған ризашылық лебізі бар екен. Жасы жүзді алқымдап барып өмірден өткен көкеміздің барлық жағдайын жасап, балаша күткен келіні ғой. «Мені өзінің әкесіндей сыйлап, «көке» деп барлық құрметін көрсетеді. Сондықтан менің денсаулығым жақсы болып, көп жасауға ықпалын тигізді» деп аталық алғысын алғаусыз түсірген. Анар да текті жерден шыққан қыз ғой. Тәрбиесі мен тәлімін көрсетіп, қазақи келіннің үлгісін жасағаны бізді де сүйсінтті. Бұл іс – басқа қазақ келіндеріне де жұғысты болса, ғанибет емей немене?! Шәкіман ақсақал үлкенге – ізет, кішіге қамқорлық жасап елдің ықыласына бөленген адам болды. Артынан ерген інілері Жаңаберген Сәденов пен Нұртілеу Салықов ағалары жайлы естеліктерінде толымды ой толғайды. «Ісі мен сөзінен айнымай, бір қалыпты жүрісінен танбай келе жатқан беделді де абыройлы ақсақал» деп Жаңаберген ағамыз баға берсе, Нұртілеу ағамыз да «парасатты, адамгершілік болмысы биік адам еді» деп жазады. Бұның өзі артынан ерген інілерінің ыстық ықыласы мен сыйластығын, олардың жарасымды ғұмыр кешкендіктерін білдіреді.
Раушанбек ағамыз да 70 жасқа толады деп айтып қалдық ғой. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген қанатты сөз бар. Сол сөз ағамызға арналғандай. Аз ғұмырында азаматтығымен де, қарымды қаламгерлігімен де қазақ тарихында, әдебиетінде қалды. Атағы бар, даңқы бар қазақтың небір марқасқа азаматтарымен тең жүрді, олардың ыстық ықыласына бөленді. Солардың біреуін ғана атап өтсек, атақты жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен туған інісіндей сыйласып, пікірлесіп, мүдделері мен өмір танымдары жарасым тапты. Азаматтық тұлғасы, артында қалған мұрасы елмен бірге жасай беретініне күмән жоқ. Ерназар деген кісіден Алдашбай, Қуанышбай туады. Алдашбайдың Бұхарада діни медіресе тәмамдап, Ислам дінінің үлкен ғұламасы болғаны, көптеген шәкірт тәрбиелегенін ел біледі. Ал Қуанышбайдан Бектібай, одан Шәкіман, Шәкіманнан Раушанбек туады. Ағамыз да аталары секілді атағын шығарып, әдеби мұрасын елге мәңгілік мұра етіп тастап кеткен азамат.
Үйдегі шаңырақтың егесі қазақта кенже ұл болып қалатыны белгілі. Сол ата жолымен үйге егелік жасап, Шәкіман ақсақалды бағып өмірден өзі өткенінше бірге болған Жұмабек еді. Жұмабек жұбайы Анар екеуі ақсақалмен бірге болды. Жоғарыда Анар туралы айттық. Жұмабекті де жақсы білуші едім. Өмірден бұл да ертерек кетті. Ақкөңіл біреуге жамандығы жоқ, өмірге өзіндік байыппен қарайтын азамат болатын. Кенже бала болғасын еркелігі де болды. Шәкіман ақсақалдың жазбасында «Жұмабек Анарды жақсы көреді» депті. Араларында сыйластық болғаны ғой. Жұмабектің де ұрпақтары азамат болды. Ол да көңілге медеу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Балаларына бақыт беріп, жастарын ұзақ қылуын тілейік.
Бір мақалада бар нәрсені қамту мүмкін емес. Бұл кісілер туралы әлі талай толымды дүние жазылатынына сенемін. Ойымызды түйіндер болсақ, ұрпағының жасап жатқан игі шарасын Тәңірім қолдасын. Әкесі мен балаларының жатқан жерлері жайлы, жандары жұмақта болғай!

Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
25 сәуір 2020 ж. 1 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031