» » » Ұрпағымен жайқалған ұлағат иесі

Ұрпағымен жайқалған ұлағат иесі

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, қандай мамандық иесі болсын, солардың барлығын аялы алақанына салып, дұрыс жолды таңдауды үйрететін – ұстаз. Сондай-ақ дана халқымыз «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дейді. Әрбір бүлдіршінді білім әлеміне қанат қақтырып, ғылым әлеміне жол ашатын да ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі. Осы орайда ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгіге ізетін аямайтын, ұрпағына ұлылық ұялата білген ардагерлердің орны ерекше. Өзінің саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, ұлағатты, білімді, еңбекқор, ардагер ұстаздың бірі – Назымкүл Бүркітбаева.
Ел аузындағы мақтаулы ұстазбен жүздесу үшін ардагердің шаңырағына арнайы бардық. Жадырай қарсы алған Назым апай даналық дәптерін парақтап отыр екен. Оған өзі оқыған газет, кітап-журналдан тәлімді сөз бен өнегелі ойды тізбектей беріпті. Маржандай тізілген әріптерге қарап сүйсіндік. «Жазғандарымды арасында осылай оқып шығатыным бар. Бұл деген біле-білгенге үлкен құндылық қой. Аудандық басылымнан деп хабарласқандарыңда, бүгінгі ұрпақ арасынан іздеушіміз бар екен ғой деп бір марқайып қалдым» деп,  ә дегеннен ризашылығын білдіріп те үлгерді.
Өмірі ұстаздық қызметпен өрілген ардақты ұстаз биыл 85 жасын тойламақшы. Жаз мезгілі болғандықтан айналасында немере-шөберелері де жиналып қалыпты. «Бұлар Алланың сыйы ғой. Осыдан артық бізге қандай бақыт керек?!» дейді өзі.

Назымкүл Бүркітбаева 1937 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Ондағы №28 мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны 1956 жылы ойдағыдай тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі деген мамандыққа ие болады. Сол жылы «ХХХ жылдық Қазақстан» ұжымшарындағы Чкалов атындағы жетіжылдық мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке орналасады. 1957 жылы жетіжылдық мектеп қысқартылып, бастауыш мектеп болып қалған кезде осы мектептің меңгерушісі болып 1959 жылдың тамыз айына дейін қызмет атқарған. 1959 жылы бастауыш мектеп Ақжар кеңшары орталығындағы №28 орта мектепке қосылғаннан бастап осы мектепте 1965 жылға дейін бастауыш сыныптарға сабақ береді.
Мектептің қоғамдық жұмыстарына, ауылдың саяси өміріне белсене араласқан. Бастауыш сыныптың үздік мұғалімдері қатарынан көрініп, 1959 жылы сәуір айында Алматыда өткен халық ағарту қызметкерлерінің республикалық кеңесіне аудан атынан делегат болып қатысады. 60 жылдан асса да осы кезде түскен сурет апайдың үйінде әлі сақтаулы екен. «Бұл суреттің мен үшін орны бөлек. Жас маман ретіндегі үлкен жетістігімнің бірі еді бұл» деп суреттегі тұлғалармен таныстырды.
Көкірегінде сәулесі бар әр адам «Зымыраған заманның ағымына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қоймай, бойымдағы барымды, көкейге жиған нәрімді елдің игілігіне жұмсасам» деп талпынары хақ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ұстаздық қызметпен қатар аудандық комсомол комитетінің мүшесі, ауылдық кеңестің депутаты да болған.
– Біз қызмет еткен уақыт мүлде бөлек еді. Мектепке жақындағаннан бастап оқушылар алдымнан жүгіріп шығып сөмкемді көтеруге таласатын. Бір сөмке қайсыбіріне жетсін, әйтеуір көтерген болады. Негізінде мұғалім білімді, таза болуы керек. Өзінің оқытқан балаларын сүюі керек. Ата-аналарымен тығыз байланыс жасауы тиіс. Ол уақыттарда ата-аналар үйге бізді іздеп келетін. Мектепке де жиі бас сұғатын. Балаларының сабақтарына қатысып, тәртібін қадағалайтын. Мұғалімдер оқушылардың үйін аралап, жағдайын көзбен көретін. Көмек қажет отбасыларды ойға алып, мүмкіндік болғанда киімнің тізіміне қосып жіберетінбіз. Ал қазір өзіміз де жиналыс деп шақырмаса, мектепке бара қоймаймыз. Тағы бір ерекшелігі, сол кездегі замандастарыммен әлі араласамыз. Біздің достығымызға көпшілік  қызығушылық танытып, үлгі тұтатын. Арамыздан біршамасы алыстаса да алпыс жылға таяу достығымыз үзілмей қуаныш-қайғымызды бірге бөлісіп келеміз, – дейді өткен күндерін ойға алған ардагер ұстаз.
Назымкүл апай 1965 жылы отбасы жағдайымен аудан орталығына көшіп келгеннен бастап №105 орта мектебіне жұмысқа тұрып, осы мектепте 1993 жылы зейнет демалысына шыққанша үздіксіз қызмет атқарады. Мұнда да білікті, тәжірибелі, еңбекқор ұстаз ретінде қызметтестері арасында абыройға бөленген. Ұстаз алдынан алғаш «әліппені» ашып, әріп танып, тәлім-тәрбие алған көптеген шәкірттері ауыл, аудан, облыс, тіпті республика төңірегінде түрлі мамандық иелері атанып, ел игілігі жолында елеулі еңбек етіп жүр. Көшеде көрсе тоқтай қалып сәлем беретін, алыста жүрсе арнайы іздеп келетін шәкірттері де баршылық. 20,30,40 жылдықтарын тойлауға жиналған түлектердің де алғаш бас сұғатын шаңырағы – осы Назымкүл апайдың үйі. Алғаш қолға қалам ұстатқан ұстазын кім ұмыта қойсын. Мектеп деген әлеммен таныстырған алғашқы ұстаздың орны бөлек қой. Сондықтан да мұндай құрмет пен ізеттің болуы да заңдылық. Ұстаз еңбегінің жемісі міне осылар арқылы көзге түседі.
Ұстаздық қызметпен қатар отбасылық өмірде бақыт тапқан өнегелі жан жолдасы Жаңаберген Сәденов аға екеуі 6 бала тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім беріп, өмірде өз жолдарын табуына қамқорлық жасаған. Үш қызы ата-ана жолын жалғап, ұстаздықты өміріне серік етіпті. Тәлімді тәрбие алған перзенттерінің алды бүгінде немере сүйіп отыр. Шөберенің қолынан су ішіп, олардың былдырын бақытына балаған әжей – нағыз өнегеліктің үлгісі. Аз ғана уақыт әңгімелессек те аузынан «айналайыны» түспеген ақ жаулықты әжейдің өмір жолы жастар үшін үлгі-өнеге болуға тұрарлық. Себебі ол – тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін, білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өткен шәкірттерінің жырын жүрекке түйген үлкен тағылым иесі.
Біздің үйде әліге дейін дастарқан басында артық әңгіме айтылмайды. Өзгенің өмірі жайлы сөз қозғалмайды. Әкелері де артық сөзді ұнатпайтын. Балалардың да бойына осы мінезі сіңген. Бұл қарапайым нәрсе болып көрінгенімен, мұнда үлкен мән бар. Өнегенің барлығы үстел үстінен басталады. Күн ұзақ оқуда, жұмыста жүрген отбасы мүшелерінің басы ас ішкенде бірігеді. Осы жерде есті сөз айтылса, ол естен кетпесі анық. Сол секілді ас үстінде қажетсіз нәрсені айту да әдетке айналып кетеді. Ата-ананың үлгісін әлбетте бала қайталайды. Сондықтан да бала тәрбиелі болуы үшін ата-ана өзін-өзі үнемі тәрбиелеп отыруы қажет. Аллаға шүкір, балаларымыз бізді жерге қаратпады. Керісінше өзгелер «Осы балалар секілді болыңдар» деп үлгі етеді. Оған бір жағынан қуанып, екінші жағынан тәубе етемін. Баланың жақсы болуы – Жаратушыдан берілген үлкен сый емес пе? Оларға жастайынан ағайын-туыстың кім екенін, оларға деген құрметті үйреттік. Балаларымызға дауыс көтеріп сөйлемедік, төмпештеп ұрған да жоқпыз. Бар-білген біліміміз бен жиған тәрбиемізді бойларына сіңіруге тырыстық. Кейде олар менен «сізге не сыйлық алайық?» деп сұрайды. Маған сендердің аман-сау болғандарың үлкен сыйлық деймін. Расымен де маған ұрпағымның амандығы қымбат, – дейді ардагер ұстаз.
Назымкүл Бүркітбаева ауданның білім саласының дамуына қомақты үлес қосқаны үшін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Ұлы Отан соғысындағы «Жеңістің 65 жылдығы»,  «Жеңістің 70 жылдығы» «Жеңістің 75 жылдығы»  медалі, «Текей батырдың 350 жылдығы», «Қармақшы ауданының 90 жылдығы» медальдарын тағынған.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Назымкүл Бүркітбаева – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже, ұлағатты ардагер ұстаз. Жан-жағы ұрпағымен жайқалып отырған Назымкүл апамызға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетпен құт қонған шаңырақтан аттандық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
14 маусым 2022 ж. 721 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031