» » » Өмір жолын – ұлы жолға айналдырған

Өмір жолын – ұлы жолға айналдырған

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесінтәрбиелейтін, оқытып-үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі – ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алтынша Кенжеева да – өмірінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз, бүгінде шәкірттерінен бөлек, аудан халқы құрметпен бас иетін аяулы педагог.
Бұл күнде қасиетті Қармақшы жерінде Алтынша Нағашыбайқызын білмейтін жан жоқ. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ауданның білім саласында Алтынша Кенжееваның төккен тері мен еңбегі ерен екенін көзі қарақты адамның бәрі біледі.
Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Алтынша Нағашыбайқызы екінің бірінің қолынан келе бермейтін, қызығынан қиындығы көп, көзге көріне бермейтін осынау салада талай ұйқысыз таң атырды, демалыссыз күндерді басынан кешірді. Оқыту сапасын арттыру арқылы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру жолында өлшеусіз еңбек етті.
Қарап отырсақ, кейіпкеріміздің білім саласындағы 35 жылдық еңбек өтілі тынымсыз тірлікпен, жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкірттердің бойына дарытумен өтіпті. Солай болуы заңды да. Себебі, Кенжеева Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын үздікке бітіріп, 1985 жылы ең алғашқы еңбек жолын №183 мектепте мұғалімдіктен бастаған кезде-ақ алдында жауапкершілігі зор үлкен жол жатқанын ұққан. Ал, үлкен жолдың тақтайдай тегіс, ертегідегідей әдемі әрі тура болмаса белгілі.
Алтынша Нағашыбайқызына өзі қалаған осы үлкен жолда қиын да бұралаң, тұманды да жаңбырлы кездер мен бірде сүріндірген, бірде күйіндірген сәттер көп кездесті. Еңбек жолы өмір жолына ұласып, қиналды да шыңдалды, бірте-бірте асулар мен шыңдарды бағындырды. Бастысы – қандай қиындық кездессе де, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беруден танбады.
Осылайша, Алтынша Кенжееваның №183 мектептен бастау алған ұстаздық жолы кейіннен №26 мектепте жалғасып, 1994-1999 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. 1999-2001 жылдары аудандық Сырттай оқытатын мектептің директоры болса, 2001-2005 жылдары аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі болып еңбек етті.
Қашан да қарапайымдылығынан танбаған, бір-бір үйдің еркесін туған баласынан кем көрмеген ұлағатты ұстаз С.Есқараев атындағы №27 орта мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып та жемісті жұмыс жасады. Ал 2011 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа шыққанға дейін Ү.Томанов атындағы орта мектептің директоры болды. Қарапайым мұғалімдіктен педагог-зерттеуші дәрежесіне дейін көтерілді.
Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны. Себебі, мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады.
Осындай ұлы есімді арқалап, қай мектепте, аудандық білім бөлімінің қай бөлімінде еңбек етсе де, шәкірттің екінші анасындай болған, білім ордасының «жанына» айналған Алтынша Нағашыбайқызы қат-қабат жұмысының арасынан қоғамдық жұмыстардан да қол үзбеді. Мәселен, 11 жыл бойы Қармақшы ауданы бойынша педагогикалық кеңестің хатшысы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық білім бөлімі бойынша бастауыш ұйымының төрайымы, 2008-2011 жылдары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі болып ауданның дамуына көп еңбек сіңірді.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, білім мен тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Алтынша Нағашыбайқызының тәлімін көрген шәкірттері де аудандық, облыстық, республикалық білім байқауларында топ жарып, ұлағатты ұстаздың даңқын асырды, мерейін өсірді.
Бүгінде ардақты ұстаздың осындай шәкірттерінің арасында республикалық «Үздік жас зерттеуші» ғылыми жұмыстар байқауының жеңімпазы Асылжан Сармолдин, «Нұрлы болашақ» республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпаздары Нұрила Бектай, Динара Тушкеева, Айбек Нұрғалиев, Асылжан Амилаева, Ғанижан Қуандықов, «Бастау» аудандық олимпиадасының жүлдегерлері Назым Сәлім, Бағбан Бектай, математика пәнінен республикалық олимпиаданың түрлі орын иегерлері Әлия Мұрат, Қуаныш Тасбергенов, Елдос Тушкеевті ерекше атап өтуге болады.
Уақытпен санаспай «ұстаздық» атты ұлы жолға бар өмірін арнаған Алтынша Нағашыбайқызының өзі де марапаттан кенде емес. Олардың бәрін тізіп шығу да мүмкін емес. Ең негізгілеріне тоқталсақ, 2014 жылы республикалық «Үздік педагог-зерттеуші» байқауының жеңімпазы атанса, 2016-2017 оқу жылының қорытындысымен ол басқаратын №183 мектеп елімізде «Үздік білім ордасы – 2017» аталымының иегері атанды. Ал, 2018 жылы «Үздік директор – 2018» республикалық байқауының жеңімпазы болды. Бұдан бөлек, ұлағатты ұстаздың түрлі ғылыми мақалалары республикалық басылымдарды үзбей жарық көріп, авторлық бағдарламалары мен әдістемелік құралдары аудан ұстаздарына көмекші құрал ретінде таратылып берілді.
Мына қызықты қараңыз. Алтынша Нағашыбайқызы – №183 мектептен қанат-қағып ұшып, ең алғашқы еңбек жолын осы қарашаңырақтан бастаған. Кейіннен осы білім ордасының тізгінін ұстап, осы мектептен зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ұғына білген адамға мыңның біріне ғана бұйыратын бақ, ерекше әрі әдемі сәйкестік емес пе?!
Зейнеткерлік демекші, Алтынша апайымыз құрметті еңбек демалысына шықса да әлі күнге дейін білім саласынан, өзі басшылық еткен мектебінен қол үзбеген. Үнемі Үсен Көлдейұлының есімін еншілеген мектептің ұстаздарымен, шәкірттерімен тығыз байланыста болып, оқушылардың жылт еткен жетістіктеріне балаша қуанып, тілекші болып отырады. Сондықтан да, бүгінде 60 жастың асқарына шығып отырған ардақты да аяулы ұстаз Алтынша Кенжееваға деген шәкірттері мен ата-аналардың, әріптестерінің құрметі бәрінен биік тұруы заңдылық.
Себебі, ол ерен еңбегімен өмір жолын – ұлы жолға айналдырған ұстаз.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист
12 желтоқсан 2020 ж. 1 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031