» » » Абзал азамат атындағы олимпиада

Абзал азамат атындағы олимпиада

Әрбір ұрпақ өз мемлекетінің өркендеуіне үлесін қосады. Отан үшін бар күш-қуатын, жігерін жұмсаған адамдардың еңбегін кейінгі буын білуі тиіс. Міне, сондай жандардың бірі – «КСРО білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев еді.
Ол жастайынан туған жердің тарихы мен танымал тұлғасын ұлықтап өскен ұлағатты ұстаз. Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, кейін келе Ақжар, Т.Көмекбаев, сондай-ақ №183 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарған. Ұстаз ретінде талай шәкіртін білімге баулыса, туған жердің перзенті ретінде оның бай тарихын зерттеп, аянбай тер төкті. Әсіресе Сыр бойында Ислам дінін таратып, адамзат руханиятына кіршіксіз қызмет еткен діни ғұламаларды зерттеп, зерделеуде үлкен еңбек атқарған. Көптеген мақала жазып, игі істің бас­тамашысы да болды. Соның бірі – өзі басшылық жасаған №28 орта мектепте қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылығын дәріптейтін музейдің ашылуы болатын.
Сол кезеңдерде республикада Халық ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, орта мектептерде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды. Осы бағдарламаның мақсатын ең бірінші болып іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан Қармақшының қиян шеттегі ауылы, «Жаңақала» кеңшарындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болатын. Кабинеттік оқу жүйесі жөнінен іс-тәжірибесін көрсету сайысында алдымен ауданнан, сосын облыстан, онан кейін республикадан І орын иеленіп, КСРО Халық ағарту министрінің орынбасары К.Ножко және Республика Компартиясы хатшысының Құрмет грамоталарымен марапатталады. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады.
Өткен ғасырдың 1960 жылдарында ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, өткенімізді ұмытпай, тарих сабақтарынан тағылым алуға, рухани дүниемізді жаңғыртуға шақырып, жас ұрпақтың жанына шырақ жаққан еді. Мұндай кемел ойлы, кең кеуделі кісінің өнегесін насихаттау кейінгі ұрпақтың ұлт рухын бойына сіңіріп өсуіне ықпал етері сөзсіз. Адамгершілік қасиет пен имандылықты жоғары қойған С.Нұртаев өз шығармаларында достықты, адами мінез-құлықты, адалдықты  баяндайды. Үлкен жүректі ұстаз өмірлік жары Ақбалыш апаймен бірге ұл-қыз өсіріп, олардан өнегелі ұрпақ сүйді. Жаны ізгілік пен мейірімге толы Сәден Нұртайұлының жүрегі 2002 жылы мәңгілікке тоқтады. Бір кезде тарихты зерттеп, ұрпаққа өшпес мұра қалдырған С.Нұртайұлының өзі де бүгінде тарихтың толғаулы тұлғасына айналды. 
Жыл сайын ұлағатты ұстаздың атында олимпиада ұйымдастырылып тұрады. Бастапқыда  облыстық деңгейде өтсе, бүгінде республика  көлемінде ұйымдастырылып ауқымы арта бастады. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ еліміздегі ғылым мен білімді насихаттау. Жалпы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы тарих пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында олимпиаданы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Аймақтағы алғашқы цифрлық форматтағы Олимпиадалар Қармақшы ауданының Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында өткізілген болатын. Өйткені С.Нұртаев осы мектептің директоры болып абыроймен қызмет атқарған еді. Бұл олимпиадалардың басты ерекшелігі – адам факторының ешқандай әсері болмауында. Оқушы тек компьютермен ғана байланыста болады, нәтиже заматында халықтың алдында жарияланады. Егер оқушыға көмектесе алатын бір адам бар десек, ол – тек оқушының өзі.
Былтыр республикалық олимпиада әлемде және елде орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланыс­ты онлайн форматта институт базасында өткен болатын. Білімділер бәсекесі жоғары деңгейде өтіп, талай жүйріктер оза шапты. Биыл да сол, ұлағатты ұстаз атындағы олимпиада жалғасын тауып, ұйымдастырылмақ.
Иә, әрбір іс-шараның өз шарапаты бар. Демек, жүзден жүйрік шығып, білім бәйгесіне түскен тұлпарлардың шабысына қарап тағы бір мәрте шаттанбақпыз.
Айнұр ӘЛИ
07 мамыр 2022 ж. 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031