» » » Өтеген Ерқожаұлы туралы не білеміз?

Өтеген Ерқожаұлы туралы не білеміз?


ӨТЕГЕН ЕРҚОЖАҰЛЫ – 1912 ЖЫЛЫ ТӨРТКҮЛ ӨҢІРІНДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. СОДАН АУЫЛДА САУАТ АШЫП, 1928 ЖЫЛЫ ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МҰҒАЛІМДЕР ДАЯРЛАЙТЫН АҒАРТУ ИНСТИТУТЫНА ОҚУҒА ТҮСЕДІ. ОСЫ ЖЫЛЫ ОЛ НЕБӘРІ 16 ЖАСТА ЕДІ. БҰЛ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫН ҮЗДІК БІТІРГЕН ӨТЕГЕН ЕРҚОЖАҰЛЫ АУЫЛҒА КЕЛІП, МЕКТЕПКЕ МҰҒАЛІМДІК ҚЫЗМЕТКЕ ОРНАЛАСАДЫ.
1936 жылы «Екпінді» газетінің редакторының орынбасары болып қызметке тағайындалады. Бұл кезде газет редакторы Көшен Алматов деген кісі екен. Газетке келген соң Ө.Ерқожаұлы өзінің журналистік шеберлігін күн санап шыңдай түседі. Оның халықтың мұң мұқтажын жырлаған өлеңдері халыққа тез тарап, аты аудан көлемінде танымал бола бастайды. Соның бірі сол жылдардағы жетім балалар үйінің директорының кемшілігін айтып «Екпінді» газетіне бастырған өлеңі екен.
«Жаппар атты інісін
детдомға беріп бұнысын.
Шалбар-шапан пайда ғып,
қарашы еткен жұмысын.
Сот, прокурор қайдасың?
Қақпаны заңның құрылсын». (Исабай Жұмағалиевтың жатқа айтуынан)
Көп ұзамай сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Аққозы Ізбанов Ө.Ерқожаұлын аудандық оқу бөлімін басқаруға тағайындады. А.Ізбанов Ө.Ерқожаұлының білімділігін, еңбексүйгіш қасиетін жоғары бағалаған. А.Ізбанов сол кезде шыққан «Қызыл жар» (М.Дәулетов) деген кітапқа өз қолтаңбасын қойып береді. Бұл жас маманға деген бірінші хатшының ағалық ықыласы еді. Бірақ осы кітапқа жазылған қолтаңба Ө.Ерқожаұлына нағыз бәле болып жабысады. Көп ұзамай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы «Халық жауы» деген айыппен ұсталып, түрмеге жабылады. 1938 жылы маусым айында Ө.Ерқожаұлының үйіне келген қызыл жағалылар оның барлық кітаптарын ақтарып қарап жүріп А.Ізбановтың қолтаңбасы қойылған кітапты тауып алады. Сол жылы «Халық жауының құйыршығы» деген айыппен Ө.Ерқожаұлы да Қызылжардағы түрмеге қамалады. Оны күндіз-түні жауап алып қинайды. Бірақ ол өзіне тағылған айыпты мойындамай күресіп бағады. Сөйтіп, Мәскеуге, Орталық комитетке И.Сталинге барлық жағдайды баяндап арыз жазып, арызды кездесуге келген әйелі Тынымшаға жасырын түрде беріп жібереді. Ал ол хатты Тереңөзек стансасынан пойыздың пошта жәшігіне салып жібереді.
Камчаткада айдауда жүрген Ө.Ерқожаұлы 1940 жылы сәуір айында ақталып, туған елге оралады. Елге келісімен «Комсомол» жетіжылдық мектебіне мұғалімдік жұмысқа орналасады. Ауыл балаларына білім беру жолында аянбай еңбек етеді. Өзінің ұстазы, ағартушы Әбзали Егізбаевпен байланыс жасап, хат алысып тұрады. Оған Ә.Егізбаевтың Ө.Ерқожаұлына жазған мына өлең жолдары дәлел.
«Өтеген болды ма ұмыт өткен күндер,
Қайғылы қапаланған қара түндер.
Жыланның тарқады ма шаққан шәрі,
Науқассыз айықты ма деннің бәрі.
Жыл жүріп, сегіз күндей келді хатың
Артына Өтеш деген жазған атың».
Бұл жанашыр ағаның Өтеген ақталып шыққан кезде жазған сәлем хаты еді. Бұдан олардың жанашыр, дос адамдар болғаны айқын аңғарылады.
Ө.Ерқожаұлы сол кездегі зиялы қауым өкілдерімен бірге қоғам өміріне белсене араласып, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлға. Оған дәлел 1936 жылы сол кездегі айтулы ақын Бисембай Қасқырбаев Ө.Ерқожаұлына хат жазып жібереді.
«Екпіндіге» жаздым сәлем,
Ескерсін деп Әбіш, Әбен
Әбілхайыр Жанәлиев,
Алматұлы, әл Өтеген.
Жан жолдастар жаныңдамын
Шыңырауға салсаң шегі,
Көпшіліктің көмегіне
Сөздерің жөн жарыс деген».
Мұнда аты аталған кісілер сол кезде баспасөз жұмысына жиі араласып халыққа танымал болып жүрген №4 ауылдық кеңестің төрағасы Әбіш Еспанов, ағарту саласының қызметкері Әбен Ниетбаев, аудандық прокурор Әбілхайыр Сәтбеков, Қызылтам стансасындағы мектептің мұғалімі Ешмұрат Жанәлиев, газет редакторы Көшен Алматов және оның орынбасары Өтеген Ерқожаұлы.
Қарымды қаламгер 1941 жылы майданға аттанады. Қанқұйлы жаумен шайқаса жүріп, ол алғашқы шегініс зардабын тартқанмен ауылға Жеңіске деген сенімі мол жігерлі хаттар жазып, елді қарқынды еңбек етуге үндейді.
Әсіресе, сүйікті жары Тынымшаға жазған хаттары, елге деген сағыныш, туған жерге деген ыстық ықылас, бесікте қалған кішкентай сәбиі Зинаға деген әкелік махабатқа толы.
1942 жылы 15 қарашадағы жазған хатында ол Тынымшаға:
«Қарғаның қара түнек бұлтын құрап,
Қайғырма, қапаланба елден жырақ.
Өткен іс жүз мәртебе өкінгенмен
Орнына өркен жайып келмейді бірақ.
Жақсылап анамды күт, жақсы сыйла,
Керегесін үй-ішінің теріп жина.
Әйтеуір екі жарты бір бүтін боп,
Күн көріп, күнелтіңдер етіп ала.
Анамның ол-пұл сөзін бөтен көрме,
Адасып ақылыңнан ашуға ерме,
Мұншама неге хатта жылайсың деп,
Шапаттап ақ Зинамды ұрып жүрме» деп жазады. Бұл сөзден жарға деген қамқорлық, анаға деген асыл сезім, сәбиге деген жылы жүрек төгіліп тұрған жоқ па?
Тағы бір хатында:
«Кел, Тыным, тәуекел деп белді байла,
Толықсып толқығанмен болмайды айла.
Қайғыға қарсы тұрып күресе біл,
Сыр бермей ағайынға гүлдей жайна».
Бұл бүкіл ауылдағы жары жауға аттанған жас әйелдерге қуат беретін жыр-хат еді. Соғыста жүрген Өтеген Мәдірәйім әулиенің рухына сиынып, одан медет тілеген екен. Оны мына «Еліме хат» атты өлеңінен білеміз.
«Қош, сау бол, туған елім, аға-інім,
Кездесіп көрісерміз туса күнім.
Сіздерден көп өтініш кешіріңдер,
Өрескел өте бұзық болса мінім.
Ғажайып бір сапарға қадам бастым,
Белгісіз не болары мүшкіл бастың.
Ой менен ақылымды егестіріп,
Қайғыға қарсы тұрып қайнап тастым.
Тарихтың ақтарсақ та құпиясын,
Көрмеген ешкім мұндай қан ұясын.
Білмейді ешқандай жан не боларын,
Кезсең де тау, даланың не қиясын».
Жауынгер ақынның 1943 жылы 28 шілдеде жазған соңғы хаты елге «Полевая почта №30763» деген дерекпен келген. Содан кейін одан хат болмаған. Есіл азамат майдан даласында Отанын жаудан қорғап жүріп қаза тапты.
Міне, азамат, басшы, майдангер Ө.Ерқожаұлының қысқа өмірі осындай қажырлы күрес, қызу еңбекпен өткен. Оны ауыр жұмыс та, от жалынға оранған майдан өмірі де жасыта алмады. Небәрі 31 жыл өмір сүрсе де артына мол мұра қалдырған, елі үшін аянбай еңбек еткен, жазықсыз жазалауға ұшыраған. Оның есімі ұлықтауға әбден лайық.

Деректерді жинақтап дайындаған
Рауабану ШҮКІРБАЕВА,
№107 орта мектептің
тарих пәні мұғалімі
12 қазан 2021 ж. 918 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031