» » Отты жылдың батыры

Отты жылдың батыры



Кешегі Кеңес үкіметіне үйірілген алапат соғыс байтақ елімізбен қатар сол кездегі болашақ ұрпақтың, әрбір отбасы мен жекелеген адамның тағдырын ойрандады. Соғыстың зардабын, қайғы қасіретін, жан жарасын ешкім әліге дейін ұмыта алған жоқ. Сол жылдары соғысқа қатысқан батырлардың есімі бүгін елдің есінде қалып ұлықталса, ал хабар-ошарсыз қалып, есімі ескерусіз қалғандар қаншама.
Әнеугүні кент тұрғыны Алпамыс Нұртазаұлы редакциямызға келіп, соғысқа қатысып, есімі елеусіз қалған әкесінің ерлігі жайында біраз шер тарқатқан-ды. Бірі – білсе, бірі – білмес соғыс ардагерінің бұлай ескерусіз қалғанына бізде таңданыстық. Шүберекке түйілген медальдар мен «Жеңістің – 50 жылдығына» тарту еткен куәлігінің өзі айтқызбай-ақ дәлел. Бүгінгі мақаламыз соғыс ардагері Нұртаза Әлменов жайында болмақ.
Н.Әлменов 1899 жылы бұрынғы «Ақтайлақ кезең» деген жерде (қазіргі Жаңақала, Қуаңдария шаруашылығында) туған. Ол кісі сол кездегі сауда мекемесінде агент (товаровед) болып қызмет істеген. Сауда мекемесінен азық-түлік, айна-тарақ басқа да елге керек заттарды түйеге артып, теріге, жүнге және басқа заттарға айырбастап, өткізіп отырыпты. 1929 жылы Ақшай есімді қызға үйленіп, отау құрады. Әке-шешелерінің қалаулары бойынша азын аулақ малымен Энгельс ұжшарына қоныс аударады. Сол уақытта елде коллективтендіру, колхоздастыру және байларды конфис­келеу науқаны қызып тұрса керек. Бұлардың малдарын ауыл белсенділері орталыққа түседі деп тартып алып, «сендер сотталдыңдар» деген жаламен қуып жібереді. Осыдан кейін ағамызды еш жерге жұмысқа алмайды. Содан елде ашаршылық бас­талып, халық бас ауған жаққа босып кетеді. Нұртаза ағамыз елден ұзамай осында қалып күн көреді. Қара шеңгелді аударып оны қора қылып, ішін қарық қылып қазып, қолға түскен тұқымды егеді. Арасында жаяу Жосалыға келіп, базарға әкелген заттарын бидайға айыр­бастап, оны диірменге тартқызып ұн қылады. Күніне бір мезгіл ғана майға шыжғырып атала жасап, бір кеседен ғана жүрек жалғап отырыпты.
Уақыт өте қораға еккен 40 күндік әңгелектері пісіп азық болады. Артынан қауындары да пісіп, ақырында әл бермеген соң одан қауынішек жасап, оны қайнатып қауынқұрт алады. Еккен бақша өнімі жақсы шыққасын оның тұқымын қалдырмай жинап қояды. Сөйтіп қысқы азығын молынан жинайды. Осылайша аштықтан аман-есен өтеді.
1932 жылы ұжшарда жұмысқа шақыру басталып, Нұртаза жұмысқа орналасады. Ол кезде ақшаның орнына еңбек еткен күніңе байланысты астық беріп отырса керек. Жыл жылжи кенет 1941 жылы сұрапыл соғыс басталады. Әскерге жарамдыларды соғысқа әкетеді. Ол кезде тек 40 жасқа дейінгілер ғана әскерге алынады. 1942 жылы немістер жағы күшейіп, Мәскеуге және елге қауіп төне бастайды. Сол жылы Сталиннің жарлығы бойынша «50 жасқа дейінгі азаматтар соғысқа алынсын» деген бұйрық шығып, Н.Әлменов қараша айын­да әскерге алынады. Қасында Өтеген Ерқожаұлы деген кісі екеуі бір ауылдан аттанады. Өтеген 1912 жылы туған, өте сауатты, орыс, неміс тілін меңгерген болса керек. Ағамыз сауатсыз болғасын оны қасынан тастамай, киімін басқа да заттарын алып беріп, көмектесіп отырған. Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектептің аты кешегіге дейін Өтеген Ерқожаевтың атында болды. Сөйтіп әскери дайындықтан өткен қос сарбаз атқыштар полкінде болып, соғысқа кетеді. Сол уақытта Смоленск қаласында қатты соғыс болып жатады. Немістер Мәскеуге осы облыс жағынан кірмек болады. Мәскеудегі бүкіл мекемелер мен зауыт, фабрикалар Куйбышев қаласына көшіріледі. Тек қаладағы ерікті жасақшылар ғана қалып, жаумен шайқасады. «Немістермен арамыз 200 метрдей болатын. Олардың мергендері талда отырып, окоптан бас көтерген біздерді атып тастап отырды» деп айтып отыратын әкем деді батырдың ұрпағы. Тіпті талдың басында радиосы болыпты. Олар «Біз Ресейдің барлығын және Мәскеуді де алдық. Енді сендер қалдыңдар. Мұсылмандар сендерге тиіспейміз, елдеріңе қайтарамыз, беріліңдер!» дейді екен.
1943 жылы қатты ұрыс кезінде окоптан шабуылға шыққан Нұртаза ағамыздың оң иығына оқ тиіп жұлып әкетеді. Қатты жарақаттан құлаған оны қасындағы Өтеген окопқа сүйреп түсіріп, медқызметкерді шақырып, жарасын таңдырады. Жарасының аса ауыр екенін көрген олар госпитальға жеткізу керегін айтады. Сонда Өтеген «қасында бірге болып, мен апарып тапсырайын, ағам еді» деп сұранғанда оны жібермейді. Сол арада Өтеген ағамыз Нұртаза ағасымен қайыр-қош айтысып, «елге сәлем айт, осы жарақатыңмен ауылға қайтасың» деп қоштасып қалады.
Жауынгер Нұртаза госпиталь жағалап емделіп, соңында Молотов қаласындағы комиссияға түсіп, ондағылар ауылына қайтарады. Жолда стансалардан тоқтап, тамақ ішетін қолына карточка береді. Сөйтіп 1944 жылдың наурыз айында елге келіп, еңбекке араласады. 1974 жылға дейін ұжшарда еңбек етіп, зейнетке шығады. Осынша қиыншылықты көре жүріп жары Ақшаймен 6 бала тәрбиелеп өсіреді. Кейін бейбітшілік өмірді көріп, 1980 жылы сексеннен асқан шағында дүниеден өтеді.
Батыр Нұртаза Әлменовтің артында қалған ұлы Алпамыс пен қызы Жамал бүгінде ұрпағымен мың жасап жатыр.

Ерсін ӘЛІБАЙ
20 шілде 2021 ж. 637 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031