» » » Ағай айтқан ертегі...

Ағай айтқан ертегі...


«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп бастаған анамыздың түнгі ертегісі ғажайыпқа толы еді. Ұйықтар алдында түрлі қызық оқиғаның куәсі болып, сол ертегі кейіпкеріндей батыр сезінетінбіз өзімізді. Солай қиял жетегінде тәтті ұйқыға бататын едік...
Қазір ше? Ал қазір ертегі айтатындардың қатары сиреді десек, қате болар. Себебі әрбір ана, әже баласы сұраған барлық тақырыпта түрлі ертегіні құрастыра алады. Алайда оны тыңдар кішкентай құлақ «johnny, johnny yes papa» немесе «twinkle, twinkle little star» деген ютубтың хит видеосын көруге, соның әуенін естіп, қосыла айтуға әзір. Арасында Машаның «Баю, баюшки, баюына» ырғатыла билеп, қалай ұйықтап қалғанын аңғармай қалады. Мұның барлығын заман ағымына балағанымызбен қазақ ертегілерінің орны тым бөлек. Өйткені ол –халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Ертегілер халқымыздың тарихын, дүниетанымын, тұрмысы мен салтын, әдет-ғұрпын, нанымы мен сенімін білдіреді. Ал оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі бар екені көңіл қуантады. Біз жазғалы отырған жайт ертегілер әлеміне саяхат емес, сол ертегіні ойдан құрап жазып, балаларға ғажайыппен саяхат сыйлайтын Абылай Шаймерденұлы хақында болмақ.
Ол 1994 жылы Дүр Оңғар ауылында өмірге келген. №107 орта мектептен түлеп ұшып, 2012-2016 жылдары Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Қазір №250 мектеп-лицейде ұстаздық қызмет атқарады. Оның ертегі жазуға деген қызығушылығы бала күнінен басталыпты.
– Бала кезімде әжем ертегі оқып беретін. Әжем екеуміздің кешке дейінгі ермегіміз үйдегі кітаптар еді. Әлі әріп танымаған маған үйдегі сырты көнерген кітаптар сонау ертегілер елінің өзінен келіп түскендей көрінетін. Кешкі ауылдың жанға жайлы тыныштығы мен әжем айтқан ертегінің тылсымы қосылғанда  өзімді басқа әлемде жүргендей сезінетінмін. Одан бері  қандай қызықты кітап  оқысам да сол кездегі әсер қайталанған емес. Сондықтан ойладым, жас баланың тәрбиесінде ақыл-ойын дамытып, бойына ізгілік нұрын себуге ең алғашқы көмекке келетін ертегілер болса,  неге байқап көрмеске? Өзім бала кезімнен өлең шығарғаныммен, ертегі жанрын  ұстаздық қызметті бастағаннан кейін ғана қолға алдым, – дейді жас ұстаз.
Кейіпкерімізге «Балаларға арнап ертегі жазу қиынның қиыны. Тілі жатық, ойы жинақы болуы керек. Қолға қалам алғанда қандай жайтқа баса мән бересіз?» деген сауал қойып едік. Ол еш тосылмастан ойын ашық айтты.
– Менің ойымша, қазіргі қоғамымызда негатив көп. Барлық жағымсыз ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы тез таралады. Бұл санасы енді қалыптасып келе жатқан бала үшін ауыр. Жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқан суицид, нашақорлық – бала кездегі сананың бұзылуынан. Бала шешімі жоқ қиындық болмайтынын ұғып өсуі керек. Мен ертегілерім арқылы бала бойына бұл өмірде ең ғажап нәрсе – жақсылықты армандау, ал ең күшті нәрсе – сол арманның орындалатына сену екенін сездіруге тырысамын.  Ертегі – адамзаттың арманшылдығының көрінісі. Адам болғаннан кейін ертеңгі күннен кешегіден  де көп жақсылық болса деп тұрасың ғой. Тас дәуірінен бері қарайғы адамзат баласын жиырма бірінші ғасырға жеткізген нәрсе –армандау. Ертегілердегі ұшатын кілемдер,қанатты арғымақтар қазір жанымызда жүрген жоқ па? Ертегі – әдебиет саласының ең көне түрінің бірі болса да адамзат үшін өз маңызын жойған жоқ, – дейді Абылай.
Ертегі ойдан құрастырылғанымен оның артында идеология, заман шындығы жатады. Ол рас. «Әр заманның өз ертегісі болады» дейді кейіпкеріміз әңгіме арасында. Сондай-ақ, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу дұрыс емес екенін алға тартады ол.
– Баланы қызықтыра білуіміз қажет. Қазіргі  бала телефон, ғаламтордың әсерінен «кітап оқымайды, кітап сәл уақыттан кейін керексіз болып қалады» деген бос сөз. Технологиясы бізден де дамып кеткен Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та  кітап оқу бүгінгі тілмен айтқанда «модада». Олардың алпауыт кинокомпаниялары өздеріне ұнаған бір кітапты кино немесе мультфильм етіп түсіреді. Кейіннен жастары сол жазушының жаңа кітаптарын  іздеп жүріп оқиды. Мәселен, жастарға дұрыс өнімді  ұсына білуде. Бізде шетелден көргенімізді қайталаймыз деп талпынады, бірақ нәтижесінде дайын болған өнімде бизнес пен идеологияның басы бірікпей жатады, – дейді ұстаз.
Абылай оқушыларға О.Бөкей, С.Бегалин, Қ.Баянбаев, Б.Соқпақбаевтардың шығармаларын оқуды ұсынады. Әрі қазіргі әлем әдебиетіндегі балаларға арналған тамаша дүниелерді  қазақ тіліне уақытында  аударып ұсынып отырсақ керемет болар еді деген ниетін де жеткізді.
– Менің балалар әдебиетіне қалам тербегеніме көп уақыт болған жоқ. Еңбектерім де көп емес, бірақ болашақта ойға алған жоспарларым бар. Жазушы шәкірт дайындайтын деңгейге жету үшін көп еңбек керек. Шәкірттерім арасында  ой-қиялы ұшқыр, кітап оқуға қызығатындары аз емес. Соларды алға жетелей білуім үшін мен үздіксіз ізденістемін. Шәкірттерімнен жазушы емес,қарапайым ізгі жүректі адам тәрбиеленіп шықса сол жетістігім деп білемін, – дейді талапты жас.
Бүгінде оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген Абылай Шаймерденұлы шәкірттерінің сүйікті ұстазы. Оқушыларының ағай айтқан ертегіні асыға күтетіндері де жасырын емес. Ондайда әлемтордың құрығынан алшақтап, қиял әлеміне қалықтаған балалар бір сәтке ертегілер еліне саяхаттап қайтатыны бар.
Иә, қазір балаларға арнап ертегі жазатындар сирек. Оның үстіне бүгінгі заманның балаларын ғажайыпқа сендіру қиынның қиыны. Ал бала күнінен ертегімен өскен біздің кейіпкеріміз өз ертегісімен оқушыларын қызықтырып, жақсылыққа баулуда. Қаламы мұқалмай, әлі талай ертегі еңбегінің авторы боларына сенім арттық.
Айнұр ӘЛИ

Алыптың күші

Ертеде шетсіз, шексіз жазық даланы жайлаған бір бейбіт ел болыпты. Жері үлкен болғанымен адам саны аз болғандықтан өздері бытырап, әр жерде көшіп-қонып жүре береді екен. Содан да болар ел басына күн туатын даулы кезеңдерде әр қайсысы ұлан-ғайыр өлкенің әр шетінде  жүріп бастары да оңайшылықпен  біріге  қоймайды. Осы өлкенің бір қиырында өзінің адамзатта жоқ алып күшімен әлемге танылған бір батыры бар екен. Жыл сайын өтіп тұратын  әлемнің түкпір-түкпірінен  жиналған батырлар сайысында  ол  небір алып тастарды қолымен көтеріп алып  ойнатқанда әлемнің барлық батырлары ішінен оған тең келетін бір жан табылмапты. Қатарынан 12 жыл бойы бұл батырға қарсылас шақ келмей жеңіп кете беріпті.
Бұл жағдайға шыдамаған  бөтен елдің  мақтаншақ патшасы ашуланып, Мыстан кемпірді шақыртады.
– Әй, кемпір! Алыптар сайысында 12 жыл бойы бір аз ғана халықтан шыққан батыр жеңіп келеді. Сол батырдың өз жерінде көтеріп жаттығатын  тау-тасы да жоқ көрінеді. Мына менің бар керегін жинап берген қисапсыз батырларымның ішінен  тым құрығанда бір жеңімпаз шықпай кеткені ме? Қанша керек болса сонша алтын ал, бірақ менің батырларым жеңімпаз болатын болсын! – деп әмір береді.
  Мыстан үйіне бара сала өз сиқырымен бір қоспа қайнатады. Сыпырғышына отырып алып,  бейбіт елге кіріп барады. Оның ұшып келгенін елде ешкім де байқамай қалады, батырдың үйіне байқатпай кіріп, батырдың тамағына  қоспаны салып жібереді де:
– Оу, қараңдар! Біз алып күш деп жүрген адамымыз бізді алдапты. Мен тамағынан сиқырлы қоспа  таптым, –деп айғай салады.
Мыстан кемпірдің жапқан пәлесінен кейін батырдың барлық жеңгені жоққа шығады. Сол-ақ екен,  айналасындағы ел-жұрт та батырдан теріс айналып шыға келді. Тіпті кішкене балаға дейін ендігі жерде батырды көрсе «көзбояушы» деп теріс айналатын болыпты.
Батыр өз халқының өзіне сенбегеніне намыстанып үйінен шықпай жатып алды. Бір күні ел басқарған  елдің  үлкен ақсақалы келіп:
– Мен саған әрқашан сенгенмін, батырым. Әлі де сенеміз. Жала жапқандардан өзіңді алып шығудың бірден-бір жолы тынымсыз маңдай термен жасалған еңбек. Келесі жылғы додада тағы да жеңіп шық, сонда ғана ешкім ешнәрсе дей алмайтын болады, – деп ақыл айтады.
Ақсақал сөзінен қанаттанған батыр күні-түні жаттығуға кіріседі. Арада жыл өтіп әлемдік алыптар сайысы басталады. Ақсақал бұл уақытта барлық ой-қырдағы жұртын жинап, батырға қолдау керек екенін айтып, түсіндіріп, ел-жұртты сендіріп, барлығын сайыс көрермені қылып додаға алып келеді. Бұл жолы да Мыстан қулық жасап батырдың суына ұйықтататын дәрі қосып беріп, батыр сайыс өтетін жерде ұйықтап қалған еді.
   Батырдың шығатын кезеңі келіп, ол кешікті. Бір кезде  батырды қолдауға келген барлық халық бар дауыстарымен айқайлап батырды шақырғанда ғана батыр қатты дауыстан оянып, алаңға жүгіріп шығады. Мұншама қолдаудан ерекше күш-қуат алған батыр бұрын-соңды адам баласы көтермеген салмақтағы үйдей тасты көтеріп алады. Сөйтіп мыстан мен мақтаншақ патшаның барлық амалдары таусылып, батырдың мықтылығын мойындаған екен.
«Алыптың күші білекте, Халықтың күші бірлікте»...
Абылай ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ
21 қыркүйек 2021 ж. 1 034 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031