» » » ЖАН АМАНИИ: ЕРТЕГІ БАЛАҒА МЕЙІРІМ ҰЯЛАТАДЫ

ЖАН АМАНИИ: ЕРТЕГІ БАЛАҒА МЕЙІРІМ ҰЯЛАТАДЫ

Бала тәрбиесінде әдебиеттің алар орны айрықша. Бүгінгі таңда балаларға арналған дүниелер тақырыбында қалам тербеп жүргендер қатары санаулы ғана. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сол санаулылардың ішінде ерекше дараланып жүрген жан. Жан Амании – ертегі әлеміне есік ашты. Кейіпкеріміздің ойынша, «Кез келген бала кітаппен ерте жастан дос болуы тиіс». Қалайша? Қызыл-жасыл әлем баланың санасын қалай жаулап алады? Ертегілер әлеміне баланы қайтсек қызықтыра аламыз? Біздің кейіпкеріміз бұл жолды неге таңдады? Жан Аманиимен бірге балалар әлеміне бас сұқтық.
Қызыл-жасыл әлем неге қызықтырды?
Балалар әдебиетіне келуіме аналық махаббатым түрткі болған шығар. Үш баланың анасымын. Жастайымнан кітап оқып, жазуға құмар едім. Балаларға арнап әңгіме, ертегілер жазып жүргеніме 10-15 жылдың жүзі болыпты. Десе де, кітап шығарамын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген жоқ. Байқағаным, қай кітап дүкеніне кірсеңіз де, Ресейдің қызылды-жасылды кітаптары еліміздің кітап нарығын жаулап алған. Балалар әдебиеті, соның ішінде ертегілер – бала тәрбиесінде маңызды орын алатын үлкен идеология құралы еке­нін есте ұстаған абзал. Бүгінгі бүл­діршіндеріміз неге шетелдің құбыжық ертегілерін сүйсіне оқып, соның мультфильмдерінен көз ал­майды деп таңғалатынымыз рас. Жауабы айқын – сондай дәрежеде қызықтыра ала­тын отандық өнім болмауы се­бепкер. Кіші ұлыма қы­зықты дүниелерді іздеу бары­сында осыны аңғардым. Осылайша, «жаңа ер­тегілер жазып, оны халыққа неге таныс­тыр­­мас­қа?» деген ой келді.
Осы уақытқа дейін төрт кітабым жарық көрді: «Да­ниялдың ға­жайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария», «Қы­зыл бәтеңкенің басынан кеш­кен­дері», «Шымыр атты марғау». «Да­ниял­дың ғажайып әлемі» мен «Алуан түсті балықтар және Дария» кітап­та­рының аудиотаспасы бар. Ау­диотаспа да, кітаптар да – үш тілде.
Тілді еркін меңгеруге жол сілтейді
Әр кітапта қазақ және орыс тілінен бөлек, шет тілдерін беру арқылы балалардың тілді тез әрі жетік меңгеруіне септігін тигізеді деп ойлаймыз. Алғашында бірнеше шет тіліндегі ертегінің аудармасын қатар беру, балаға ауыр бола ма деген қауіп болғанын жасыр­май­мын. Балалармен өткізген кезде­сулерден, керісінше, өзге тілдерді меңгеруге деген ынта-ықыласы ауғанын байқадым. Содан кейін ертегілерімді мүмкіндігінше көп тілге аудару керек екенін түсіндім. Поляк, неміс, француз, араб, қытай, итальян тілдеріне аударға­нымыз да сол себептен.
Сонымен қатар өз шығармала­рыма ұлттық бояу мен ұлттық реңк беруді назардан шығармаймын. Кітабымды оқып шыққан өзге елдің бүлдіршіндері елімізбен танысса деймін. Бүгінде шығарма­ларым арқылы кең байтақ Қазақ­станы­мызды дүниежүзіне таныту – үл­кен мұратым. Тағы да айта кете­тінім, шет елдерге жиі сапарға шы­ғып тұрамын. Қай елде жүрсем де, кітаптарымның таныстырылы­мын ұйымдастырып, балаларға Қа­зақстан жайында мол мағлұмат беруге тырысып жүремін. Бірнеше тілде жарық көрген кітаптарды сатуға да қолайлы. Шетелде қан­шама қандасымыз тұрады. Оларға да мұндай туындылардың пайдасы орасан зор. Ана тілін, мәдениетін, әде­биетін ұмытпайды. Ресейлік әріптестеріміз Қазақстанда осын­дай сапалы, суреті көзтартар дүние шығаруға болатынын көріп, таң қалды. Лондон мектептерінде осы наурыз айында кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Бала тілі – бал. Еркін, әдемі, сауатты, бала тілін­де сөйлеген шығармаға кез кел­ген ұлт өкілдері қызығады. Тіпті британ жұртшылығының да бұл кітаптарға назары ауып отыр.
Ертегі қандай болуы керек?
Балалар ертегілерді визуалды түр­де қабылдайды. Яғни, суреттер­дегі қимыл-әрекет, түстердің үйле­сімділігі, әрбір кейіпкердің бет-әлпеті – барлығы табиғи әрі баланы қызықтыра білуі керек. Кез келген бүлдіршін бірінші кезекте кітапты қолына ала салысымен суреттерді ақ­тарып шығады. Сондықтан су­рет­терді неғұрлым жылы етіп беру – маңызды. Ертегі өте қысқа әрі тілі балаға ұғынуға жатық болға­ны абзал. Олай болмаған жағдайда, бала ертегіні оқымайды.
Бүгінгі таңда 1-3 жас аралығын­дағы балаларға арналған қазақ тіліндегі ертегілер жоқтың қасы. Міне, осыдан балаларымыздың ті­ліне, сөйлеу мәнеріне көңіліміз тол­май жатады. Ойлау, сөйлеу дағ­дылары ертегілер арқылы қалып­та­сады. Сондықтан туынды­ларымның басым бөлігі 1 жастан 5 жасқа дейін­гі балаларға арналған. Кейін мистикалық, қиял-ғажайып дүние­ле­рін де шығаруды жоспарлап отыр­мын.
Мектептерде кездесулер өткізу барысында аңғарғаным, бүгінгі балалар жаңа кейіпкерлерді, жаңа ертегілерді үлкен қызығушылықпен іздеп, оқиды. Ертегі балаларды із­гілікке, мейірімділікке, бауырмал­дылыққа тәрбиелейді. Бала жүрегі әрбір кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп, бір ізгі дүниені түртіп алуға дайын. Балалар қиял-ғажайып, фан­тастика жанрындағы кітаптарға көңілі ауатынын түсіндім. Расында, қиял-ғажайып дүниелер баланың ой өрісін дамытады.
Тағы бір қынжылтатыны, ұлан-ғайыр жерді аман сақтап қалған қазақтың батырларын, би-ше­шен­дерін бүгінгі бүлдіршіндерге лайық­тап неге ертегі кейіпкеріне айнал­дырмасқа?! Қаншама бай тарихи мұрамыз бар. Бүгінгі заманның мүм­кіндіктерін пайдаланып, за­манға лайықтап, балаларымызға өткен тарихымызды, мәдениетімізді ұлықтау – үлкен парыз. Алдағы уақытта Алтын адамды негізгі кейіп­кер етіп, ертегі жазу да ойымда бар. Абай, Ыбырай, Шәкәрім бабаларымыздың балаларға арнаған шығармаларын қайта жандан­дырып, жаңа иллюстрациямен неге ұсынбасқа?! Жамбыл Жа­баев­тың жазғандарын да бүгінгі бүл­діршін білу керек.
Балалар индустриясы қалай дамуда?
Шынын айтсақ, біз кітаптарды 2000 не 5000 данамен шығарып жатырмыз. Бұл бүкіл Қазақстан үшін өте аз. Сондықтан кітаптардың бағасы осыған да байланысты. Кітап шығару – үлкен еңбек. Тіпті өз-өзін ақтамайды. Ресей кітапта­рының таралымы 100-150 мыңнан асып жығылады. Тара­лым көп болғасын бағасы да арзан­дайтыны анық. Кітап индустриясы оларда әлдеқайда жолға қойылған. Қа­лыптасқан негіз бар. Мәселен, соң­ғы кітабымыз «Шымыр атты мар­ғау» туындысына екі жыл­дай уақыт кетті. Шығарманың өмірге келген кү­нінен бастап, кейіп­керлерін, обра­зын өмірге әкеліп, оқырманға жеткізуге дейін ұзақ уақыт кетеді. Жоба жетекшісі Қалдыгүл Жаны­баева аударма, иллюс­трация мә­се­ле­леріне маман­дарды іздеуде олар­дың кәсібилігіне ерекше мән бе­ре­тінін айта кеткен жөн. Бұл – үлкен еңбек. Тағы бір дүние, отандық иллюстра­торлары­мыз шетелдіктер­ден артық болмаса, еш кем емес еке­нін аңғардық. Кі­табымыздың ерек­шелігі, дизайны, суреті, қаға­зына дейін – барлығы отандық өнім. Сондықтан өзге ел­дерде мақ­та­нышпен таныстыра аламыз. Кітап­ты шығармас бұрын, Кембридж, Лондон кітап дүкендерін аралап, қағаздың сапасы мен түс­тердің үйлесіміне дейін қарадық. Біздің отандық өнім де бәсекеге қабілетті болатынына мән бердім. Шетелдік өнімді зерттеп, саралап болған соң ғана, кітап шығаруға кірістік. Қағаздың қауіпсіздігін, су­реттердің көзді ауыртпайтынын да қадағаладық.
Ертегілер қалай таралады?
Соңғы екі айда мектептерде, ба­ла­бақшаларда және балалар үйінде кездесулер өткізіп, кітабымызды таныстырдық. Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында, Ұзынағашта болдық. Жыл сайын жаңа мектептер ашылып жатыр екен. Бір ауылдың өзінде 9 мектеп бар. Қуантатыны, демографиялық жағдайымыз түзеліп, бүлдіршіндері­міз көбейіп келеді. Кездесулер өте жылы өтті. Жас өрендеріміздің шет-шетінен өнерлерін ортаға салып, кітапты талқылағаны көңіліме жылу сыйлады. Тағы бір таңғалға­ным, балалар жазушы болғысы келе­тіндерін, шығармашылық жолды қалай бастау керегін сұрады. Көздерінен от байқадым. Барлығы қиял-ғажайып ертегілерін көбірек оқитынын айтты.
Қазір қай телеарнаны аш­саңыз да, құбыжық кейіпкерлерді бай­қайсыз. Балалар сол құбыжық кейіпкерлерге де үйренген, тіпті ойыншықтарын арнайы іздейтіні жасырын емес. Балаға мейірім ұяла­ту үшін кейіпкерді солай жасағаны­мыз дұрыс.
Мультфильм түсіру де ойымызда бар
Бұл да алдағы уақыттың енші­сіндегі дүние деп ойлаймыз. Ұсы­ныстар түсіп жатса, неге отандық мультфильмдер жасамасқа?! Шы­нын айтсақ, ертегі кейіпкерлерінен ойыншық жасауды ойластырған­мын. Қытайдағы ойыншық фабри­касына да бардық. Алайда ойын­шықтың өтімді болу-болмауы екі­талай екенін ұғындым. Себебі, бала алдымен ертегі кейіпкерімен кітап арқылы танысады. Одан кейін оны мультфильм кейіпкері ретінде теледидардан көріп, көзін үйретеді. Міне, содан кейін ғана ойыншығын іздейді екен. Бұл да – бала психо­логиясының ерекшелігі.
Жуырда қазақтың тазысы ту­ралы әңгімемді аяқтадым. Биыл бұл шығарма кітап болып басылады де­ген үмітім бар. Бұл әңгіме тек қазақ тілінде шығады. Одан кейін ғана кітаптың орыс және ағылшын тіліне аудару мәселесін қолға аламыз.
 
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК
27 қаңтар 2018 ж. 2 363 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031