» » » Даламыздың жыры сенсің, домбыра!

Даламыздың жыры сенсің, домбыра!


Жер бетіндегі әрбір ұлттың өзіне тән ерекшелігі болады. Соның бастысы – оның тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі. Оның ішінде мәдениеті мен өнері сол ұлттың өмір насихатын, айшықты жолын бағдаршамдай жарық етіп көрсетіп тұрады. Бұл жағынан келгенде қазақ халқының негізгі ұлттық аспабы саналатын қос ішекті қарадомбырасы – біздерге сонау тарих қойнауынан сары майдай сақталып жеткен ұлы жәдігер.
Елімізде шілденің алғашқы жек­сенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленген. Айтулы аспапты барынша дәрежелеп, бұлайша мереке етіп тойлаудың тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор. Талай ақын-жырау жырына арқау еткен ұлық аспабымыз – күллі қазақ халқының кешегісі мен бүгінін айшықтап, келешегіне кемел жол сілтегендей.
Домбыра – жай ғана аспап емес. Талай тарихтың қатпарлы қойнауына куә болған, талай тағдырдың өміріне өрнек болып қаланған рухани құндылық. Қасиетті домбыраны төріне іліп, қастерлеп үкі таққан Сыр елінің ұлттық аспапқа деген құрметі мен қошеметін сөзбен жеткізу мүмкін бе екен?!
Осындай қасиетті қазынаны дәріптеп, сан баланың санасына сөз қадірін ұқтырған өңіріміздегі өнер ошағының бірі – аудандық Жыраулар үйі.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, жыршы-термеші Айгерім Ешбаева басшылық ететін өнер мекемесінде бүгінде 8 үйірме жұмыс істейді. 144 шәкірт тәрбиелеп отырған өнер ордасында 6 жыраулық, 1 ақындық және 1 қылқобыз үйірмесі жас өнерпаздарды баулуда.  Қазақстан бойынша бірінші болып ашылған Жыраулар үйінің шәкірттері алдыңғы буын ұстаздарының дәрісін тыңдап, жыраулық өнерді  меңгеруде. Оған қоса, қазақ халқының ұлттық аспабының қадір-қасиетінен де шөл қандырып келеді. Жыраулар үйінде күміс көмей Көшеней Рүстембековтің туған інісі Бидас ағамыз қызмет атқарып, үйірме жетекшілерімен бірге, жас дарындарды баулуда үлкен еңбек сіңіруде.
– Домбыра – қазақтың жаны, рухы. Домбырада халқымыздың ән-күйімен бірге, шетелдің классикалық өнер шығармаларын да  еркін орындауға болады. Айналдырған қос ішектен осыншама күрделі туындылар орындалғанда талай өзге ел азаматтары аузын ашып таңғалған ғой. Домбыра – қазақы болмысымызды сақтайтын, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыратын бірден-бір өнер құралымыз. Қазақтың әрбір қарадомалақ баласы домбыра тартып білуі керек және әрбір қазақтың шаңырағында бір-бір домбыраның болуы міндетті. Ұлттық өнерді бойына сіңірген адам – нағыз пат­риот, елін-жерін шексіз сүйетін азамат. Бізде балаларға ең бірінші Отансүйгіштік қасиетті бойларына дарытсақ деген мақсат тұрады. Дәрісте жыраулық өнер және Сыр елінің мақам-сазын үйретпес бұрын, алдымен осы ардақты аспабымыздың тарихын, тереңнен сыр тартқан шежіресін түсіндіреміз. Әрине, үйірмеге қатысқан оқушылардың келешекте мамандық таңдауына, жоғары білім алуына ықпал жасайтынымыз біз үшін мәртебе. Айта кетерлігі, Ұлттық домбыра күніне орай Қызылорда қаласында өтетін мәдени іс-шараға Жыраулар үйінің 25 шәкірті арнайы шақырту алып, Тұрмағамбет шайырдың "Тәлім" термесін Жиенбай жыраудың мақамымен орындайтын болады, – дейді жырау Бидас Рүстембеков мереке қарсаңында.
"Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі" деп академик Ахмет Жұбанов айтқандай, қос ішектің күмбірімен қазақ халқының өмір айнасын, кең жазық даласын, таулары мен суларын, табиғаты мен орман-тоғайын, сұлу келісті келбетін көз алдыңызға елестетуге болады. Міне, күй, өнер құдіреті. Осындай киелі өнерді паш етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі ұжымының да еңбегі өлшеусіз.
Осы күні өнер мектебінде барлығы 407 оқушы тәлім алса, оның 217-сі домбыра сыныбында оқиды. Төретам кенті мен ІІІ Интернационал ауылында бөлімшелері орналасқан. Сондай-ақ мектепте 25 оқушыдан құралған балалар оркестрі, 15 мұғалімнен құралған фольклорлық және домбырашылар ансамблі, тағы басқа да өнер құрамдары құрылған.
– Біздің негізгі мақсатымыз – ба­лалардың музыкалық сауатын ашу, қызығушылығын арттыру, аспапта ойнауға үйрету және ұлттық музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау. Домбыра сыныбында 18 білікті мұғалім жас шәкірттерге дәріс беруде. Биыл 22 оқушымыз бітіріп шықты. Домбыра бөлімінің жетекшісі – Рашид Ақназар. Оқушы­­ларымыз жыл сайын жетістік­терге қол жеткізіп келеді. Олардың жақсы жетіс­тіктен көрінуіне ұстаздары, апалы-сіңлілі Бағдагүл, Жұлдызай Мәденовалар, Рыскүл Табынбаева, Айгүл Көшекова, Айгүл Жағалова, Хұсайын Тұрсынбаев, Бағдат Жиенбаев, Ғалымжан Шынбаев, Ғабит Сәденовтердің үкілеген жас өнерпаздары жүлделі орындарды иеленіп жүр. Оқушыларымыз – Айдын Тұңғышбай, Шыңғыс Алтайұлы, Хамза Исаев, Айсұлу Көбенова, Дамир Сабитов, Дана Шаухатбекова, Әлима Әділова, Жансая Төлепбергендер үнемі мектебіміздің мақтанышы, – дейді өнер мектебінің директоры Дәулет Байғараев риза көңілмен.
Айта кеткен жөн, өнер мектебінің дарынды жеткіншектерінің биіктен көрінуіне пандемия кезіндегі қиындық­тар да кедергі бола алмапты. Атап айтқанда онлайн жарыста бағын сынаған домбыра класының оқушысы Шыңғыс Алтайұлы (жетекшісі Рыскүл Табынбаева)  Болгарияда өткен "Күн шуақ" фестивалінде І орынды жеңіп алса, Түркия мемлекетінде өткізілген Голд Арт фестивалінде Дамир Сабитов те (жетекшісі Хұсайын Тұрсынбаев) І орынды қанжығасына байлаған.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК  
03 шілде 2021 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031