Ана жырау

Қазақ КССР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, жырау Ш.Төлепова туралы бір үзікестелік-сыр)«...Үкілі домбыра алса, қырандайын,
Буынын балқытатын көктегі Айдың.
Шамшат бұл – шын асылдың сынығындай,
Ұрпағы – Ешнияз сал, Жиенбайдың...
Тыңдаған жан даусынан, марқаятын,
Жүрекке жадыратар бал құятын, Табиғи талантына тәнті болып,
Ұсынған домбырасын Нартай ақын.
Бойында өнер десе, талмас қылық,
Жанына шайыр сөзді жолдас қылып,
Атақты Сыр бойының жыр-мұрасын,Келеді моншақ тағып, жалғастырып!»
Бұл жергілікті ақын Сәнтөре Пірмановтың Шамшат жырауға шашқан жыр шашуы еді.
– Паһ, шіркін! – десеңші! Сол күні Қармақшының ең үлкен жыр сарайына жиналған дүйім жұрт алдында жыр-терме дегеніңіз сел боп аққандай еді-ау! Сахнаға үкілі домбыра ұстап кезек көтерілген кілең «сен тұр, мен ата­йындар» өнерімен көпке танымал қыз-жігіттержыр мерейін бірінен-бірі жарыса асырысты. Мақам сазына әбден елітіп, еліріп алған қалың көпшілік бірде:
– Ой пәлі! Ее-де! Ә-дерсің! – деп көтермелеп, әбден жондары қызып алған.
Бұл жүріп жатқан республикаға танымал жырау Шамшат Төлепованың 60 жасқа толуына арналған жыр кеші еді. Алшынбек, Орақ, Бидас, Қасарбек, Жарқынбек, Ақерке, Зәуре, Несібелі...
Сахнаға бірінен соң бірі көтерілген жыраудың ізбасарлары, әріптестері мен шәкірттері неше түрлі әуен мен әнге, қайырымға, мақам мен нақышқа салып Сыр сүлейлерінің, жыр дүлейлерінің терме, жырларын төкті-ай келіп!
Енді бір сәт сахна төріне ауданның бас ақыны Қали Шыңғысов шығып:
«Паш етті ақын көмей Сырдың атын,
Сырдағы сан өнерді жыр қылатын.
Жүсіптер, Омар, Оңғар, Балқы Базар,
Дүр еді, Тұрмағанбет – дүлділ ақын....
Жыраулар – Молдахмет, Рүстембек,
Қалдырған оза шауып,тұрғыласын.
Шамшаттың әуеніне келтірем деп,
Талайлар домбырасын мың бұрасын!» деп қоңыр дауысымен кең залды күмбірлете арнау жырын оқыды.
Не керек, сол күні бір «ақ түйенің қарны жарылып», ақ жарылқаған күн болды.
Сахна төріндегі құрметті орында отырған Шамшат жыраудың құшағы гүлге толды, зал толы отырған, орын тимей тікесінен-тік тұрған жыр құмар жұртшылықтың кеудесі жырға толды.
Енді бір мезетте жиналған көпшілік дүр етіп, ду қол соқты да, әп сәтте тыншып, тылсым тыныштық орнады. Осы сәт сахнада домбыра тізгінін Шамшат жыраудың өзі алған еді:
А-а-а-аа-аа-е-е-ей!
«Сөйле» десең сөйлейін,
Көңілді сөзбен делбейін.
Жез бұйдалы мен Наршаң,
Қосыңды артсаң жетелеп,
Елпеңдеп неге ермейін.
Көптен бері сағынып,
Бас қосқан соң сендермен,
Барымды бүгін серлейін!
– Паһ-шіркін! Десе – дерсің! – десіп, дүркірей көтермелеген жұртшылық тез тыншып, сілтідей тынды. Енді бір сәт жырау тың ырғақ, екпінмен, жаңағыдан да гөрі әуелете, ашық дауыс, кең тынысты үнімен шалқыта төкті жырды:
...Құмарың тарқар халайық,
Керектерің сөз болса.
Аздыра ма халқыңды,
Ішіңнен шыққан ер болса.
Намысыңды жібермес,
Екі талай жер болса.
Жөнге басады жұмысың,
Талабы ердің оң болса!
Айтушысы келіссе, жыр-құдірет! Домбыраның сыршыл күмбір сазына еліктіре ертіп, бара-бара дараланып, әуелете көтеріліп барып көмейден бүлкілдете қайырып, шалқыта-баяулатып, әрлі әуенмен тербеген жыр сазы – сенің жан сарайыңды ашып, тазартып, бойыңдағы қаныңды қыздырып қуалап, жүрегіңді «шым» еткізе бұлқынтып, оятып алып, сосын жайлап-жаймен өз ырғағына, өз мақамына, өз қайырым-иіріміне сенің жан дүниеңді, бар бітім-болмысыңды тәнті ете елжірете кете барар-ды! Осылайша бір мезет бүтіндей бір басқа әлемге енесің. Жыр көгінде қалықтап ұшып жүргендейсің!Жыр аяқталмаса екен деп тілейсің іштей, әйтеуір жерге түскің жоқ!
Сол кезде жұрт дүрілдете қол соғады. Сөйтіп, жырауды дүрліге көтермелеп дуылдасқандармен бірге шаттана қол соғып жырдың неғылып аяқталып қалғанына өкінішің басылмай жатып, жырау келесі жырды бастай жөнеледі.
Жыраудың домбыра қағысы, жыр сөзін айту мәнері, мақам мен қайырым сазының кезектесіп келер үндестік-үйлесімі де құтты теңселген жорғадай тербейді сені. Жоны қызып алған тарлан жырау да көп қолқа салғызбайды. Базар мен Омардан бастандырып алғасын Тұрмағамбетке, Нартайға, Асқарға ау­ысады. Осылайша сен бұл күні жан дүниең ерекше түлеп, сезім-санаң кіршіксіз тазарып, жасарып, бір жасап қаласың.
Мұның бәрі жырдың құдіреті, жыраудың құдіреті! Иә, нағыз жырау, бұл – жыршы ғана емес, ол құдіретті де киелі тоғысқан-толымды өнер иесі. Ол – күйші, әнші, ақын, композитор, әртіс, батагөй-дана, абыз-ұстаз да. Сен бір мезетте бір адамның бойына біткен бірегей өнері арқылы осы мамандық иелерінің барлығынан тең де кең ұлағат-дәріс алып шығасың.
Сенбесең Шамшат жырауды тыңдап көр.
Шамшат Төлепова нақ осындай дара жырау. Даралық Шамшат жыраудың өзіндік, өзгеше, қайталанбас әуезді, ырғақты үнінде. Даралық жыраудың өзі тәлім алған Сыр сүлейлерінің «боздама», «маңырама», «гөй-гөй» мақам-саздарын әсем нақышта сыры мен сынын үйлестіре түрлендіріп, бебеулетіп асқан шеберлікпен құлағыңа құйып, көкірек көзіңе сіңіре, айызыңды қандыра келістіріп жырлау шеберлігінде.
***
Шамшат анамыз 1930 жылы Тұрмағамбет ақын дүниеге келген «Ақтайлақ-кезең» деген жерінде туған.
«Әкем Байтоқов Төлеп ән салып, күй шертетін кісі еді. Әкеден 3 ұл, 3 қыз болсақта, арыстай үш ағам бірдей майданнан оралмады. Кіші ағам – Әбіләкім талантты жырау болып танылып қалған шағы еді» дейтін әңгіме суыртпақтаған бізге кезінде. Туған ауылым, өскен ортам ақын-жыраулардың бесігі десе болғандай. Жасымнан Тұрмағамбет, Рүстембек Жиенбайұлы, Тұрымбет, Мұзарап Жүсіпұлы, Молдахмет жырау, Нартай ақындарды тыңдап өстім. Ұлы Отан соғысы кезінде майданнан жауынгерлер жазған хаттың көбі өлең болып келетін. Мен соларды ауыл адамдары жиналған жерде дауыстап оқып жүрдім, келе-келе домбыраға қосып жатқа айтып беретін болдым. Өнер жолына нық түсуіме ақиық ақын Нартай Бекежанов ықпал етті» дейтін бір сұқбатында.
Ең алғаш Нартай ақынды 1940 жылы шілде айында ауыл еңбеккерлеріне өнер көрсетуге келгенде көргенін айтқан. Қасында Әлібек, Жалдыбай, Мырзабай деген кісі әйелімен, Бәтима, Күлән есімді өнерпаз қыздар бар екен. Ел жайлауда отырған. Кешке қарай Нартай сырнайына қосылып ән салғанда Қарақұм мен Қызылқұмның түйіскен жеріндегі кең жайлау әнге елітіп,мақамға маужырап, тынып қалған еді.
Ал екінші рет 1948 жылы Қызылорда қаласына әкесімен бірге қыдырып барған жерінен іздеп келіп, «қызыңды менің қарамағыма беріңіз, таланты бар бала екен, тәрбиелейін» деп әкесіне қолқа салған. Содан әкесінің рұқсатымен 1948 жылы Н.Бекежанов бригадасына мүше болып, бригада құрамында жүріп Шымкент, Жамбыл облыстарын, Өзбекстанның Ташкент, Бұқара облыс­тарын аралап концерт қойған. «Мен Нартай бригадасында жүргенімде Сыр бойының атақты шайырлары мен сүлейлерінің жырлары мен сан түрлі мақам, әуез, нақыштарын үйрендім. Көптеген айтулы жыраулардың дауысын тыңдадым. Ол жылдары Нартай бригадасында – Әбужүсіп Баймұратов, Мырзабай Әділов, Төлеген Қаражанов секілді ақын-жыршылар мен Кәделі, Нәзен атты әнші қыздар бірге болды. Мен Нәкеңнің бригадасынан 1950 жылы қыркүйек айында, әкемнің қатты науқастанып, үйдегі жас балалар мен қарттарды күту менің мойныма түсуіне байланысты ауылға келдім» деп айтқаны бар.
* * *
Содан біраз жылдар бойы Шамшат апа тағдыр тауқыметіне орай, жыр айтудан уақытша қол үзеді.
Үйлі-баранды болады, ұл-қыз өсіреді дегендей. 1970 жылдары Лениннің 100 жылдығы, Қазақстанның 50 жылдығы, Жеңістің 25 жылдығы мерекелері аталып өтеді. Осы кезде Шамшат есімі қайта ауызға ілініп,облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанады.
Жырау 1974 жылы Алматыда Кененнің 90 жылдығында теледидарға түсіріледі.
1976 жылы Бүкілодақтық халық творчествосы I фестивалінің лауреаты атанады. 1979 жылы Ташкент қаласындағы студиядан жеке және топтама әнтабақтарға дауысы басылып шықты. 1980 жылы фольклоршы ғалым Р.Бердібаев өзінің «Жыршылық дәстүр» деген еңбегінде «Терме сазының ел таныған айтулы шеберлерінің бірі – Шамшат Төлепованың есімі өлкесіне көптен қанықты, әрі сүйікті. Бұл күнде оның термесін грампластинка, радио арқылы бүкіл республика жұртшылығы ести алатын болды» деп жазса, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері М.Қарақұлов та «Қазан төңкерісіне дейін аты шыққан жырау әйел аз болды. Ал, Кеңес дәуірінде біздің білетініміз тек осы Шамшат қана десек, асыра айтқандық емес» деп жазған еді.
1984 жылы Алматыда шығарылған «Қазақстан өнері» деген жылнамада Б.Сарбалаевтың «Сыр сүлейі» деген Шамшат жырауға арналған мақаласы жарық көрді. Осылайша Ш.Төлепова есімі республикаға кеңінен танымал болды. Жырау Кенен ақынның – 90, 100 жылдық, Нартайдың – 90, 100 жылдық мерейтойлары мен Тұрмағанбеттің – 100 жылдығына, Манаптың 50, 60 жылдығына арнайы шақырылып, өнер көрсетті.
Республикалық мерзімді баспасөз бен теледидарда оның есімі жиі аталатын болды. Осылайша жырау Ш.Төлепова республиканың мәдени-қоғамдық өміріне соңғы 20 жылда белсене араласты. Кейінтөл шәкірті Ақерке Өтепбергеновамен қысқа метражды телефильмге түсті. 1986 жылы ауданда алғаш рет жыраулық мектеп ашты. 1987 жылы өткен Бүкілодақтық II халық творчествосы фестивалі шеңберінде өткен фольклорлық өнер байқауына қатысып, шәкірттері – Несібелі Нұралиева, Зәуре Кәрібаевалармен бірге ІІ фестиваль лауреаты атанды.
Қазір Қармақшы ауданында осындай үлгіде құрылған бес жыраулық мектеп жұмыс істейді.
1990 жылы Қазақстан үкіметі оның халықтық өнер жолындағы көп жылдық еңбегін жоғары бағалап, «Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген құрметті атақ берді. Сол жылы күзде – Ленинград қаласына барып, сондағы Қазақ мәдени орталығының ашылу салтанатына қатысты. Белгілі өнертанушы Алма Құнанбаева мен Мәскеулік фольклоршы ғалым Б.Малыцкаямен халықтық жыраулық өнер жайлы пікір алмасулар өткізді.
Осы сапар кезінде қызылордалық атағы алысқа кеткен танымал жырау – Алмас Алматов, аралдық Рысбек Әшімов, қармақшылық дарынды жырау Қуандық Бүрлібаевтың ұлы Амандықпен бірге көптеген кездесулерде Сыр сүлейлерінің, халық ақындарының жыр термелерін нәшіне келтіреорындап, Ленинградтық зиялы қауымды бір дүр сілкінткен еді. Бірқатар жырлары сәті түсіп, әлемдік музыка қорына жаздырылды.
Иә, Шамшат Төлепова – тума талант иесі. Ол бүгінгі таңда өнер әлемінде сирек кездесетін күміс көмей жырау. Көпті көрген, көпті тыңдаған, көпке тыңдатары да бар дара жырау. Саналы ғұмырында 4 бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйді, ондаған шәкірт тәрбиелеп ұшырды. Сыр өңірі қашаннан талантқа кенде болған емес. Бұл өңірде талай-талай «бала жыраулар» іңгәлап дүниеге келіп, елді жырымен тербеп, мақам-әуенімен әлдилеп дана жырауларға айналды. Артына өлмес мол мұра қалдырды. Сол жыр-мұраның жалғасындай болып бұл күні өнер көгінде Ана жырау Шамшат Төлепова есімі қалықтайды. Өзі өмірден өтсе де, артына өшпестей із тастады.

Тынымбай ДОСБАТЫР,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Ақмола облысы, Зеренді ауданы
17 қараша 2020 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031