Жырау құрметіне арналған жыр кеші
К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде жырау Шамшат Төлепованың 90 жылдығына арналған "Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары" атты дәстүрлі қыз-келіншектердің жыр фестивалі өтті.
Облыстық жыр фестивалінде қармақшылық жырау Зәуре Кәрібаева, "Нұртуған" жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова, "Нартай" жыр мектебінің өкілі Ақмарал Ноғайбаева, "Жиенбай" жыр мектебінің өкілі Мариям Кетебаева, қармақшылық Ұрхия Жұмабекова, республикалық байқаулардың жүлдегері Әйгерім Ешбаева, Арал ауданынан Гүлжамал Бейісова, Нұр-Сұлтан қаласынан Күнсұлу Түрікпен, жас жыршы студенттер Ақсұңқар Бүркітбай, Жұлдызай Тұрлығұлова, Малика Алдамжарова, Фариза Балтабайқызы, Шұғыла Мархабатова, Арай Оңғарқызы мен Айдана Амантай өнер көрсетті. Шараға Шамшат Төлепованың бел баласы Еркін Атабаев, жырау Бидас Рүстембеков, жыраулар үйінің директоры Амандық Бүрлібаев пен Еркінбек Ерсұлтанов арнайы қатысты.
– Жыр фестивалі бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл анамның 90 жылдық мерейтойы. Осыған орай аудандық жыраулар үйі облыс көлемінде шара өткізуде. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Шараға Шамшат анамыздың өнер жолын жалғаған қыз-келіншектер, шәкірттері қатысуда. Оларға сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін, – деді фестиваль шымылдығын ашқан Еркін Атабаев.
Қыз-келіншектер өнерін ортаға салған фестиваль соңында қатысушылар арнайы алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ