МҰРА НАСИХАТТАЛДЫ
Аудандық мәдениет үйінде қыз-келіншектер арасында өткен облыстық жыр фестивалі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылды. Шара шымылдығы жыраулық өнерде Сыр еліндегі қыз-келіншектердің көшбасшысы, 12 жасынан бастап өмірінің соңына дейін қолынан үкілі домбырасы түспеген жыр бұлбұлы – Шамшат жырау жайындағы бейнебаянмен ашылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, І-ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы, «Ғасырдың өнер шебері» атанған Ш.Төлеповадан дәріс алған Ақерке Өтепбергенова, Жарқынбек Тұрымбетов, Бақыткүл Ысқақова, Серіккүл Есіркегеновалар бүгінде жыр сүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген белгілі өнер иелері.
Жыр жүйрігі – Шамшат жырауға арналған фестивальде жыраудың ізбасары, ұлағатты ұстаз Зәуре Кәрібаева, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, мәдениет саласының үздігі Майра Сәрсенбаева, аралдық ару Зәуре Ізекешова, халықаралық фестивальдердің лауреаты Әйгерім Ешбаева, қазалылық өнерпаз Сандуғаш Бисенбаева, «Мен Қазақпын» халықаралық мегажобасының бас жүлдегері Күнсұлу Түрікпендер жиылған қауымды жырмен сусындатты. Сондай-ақ бүгінде еліміздің өнер ордаларында білім алып, жыршылық дәстүрдің дәрпін қыздырып жүрген жастарымыз Көркем Сәндібек, Тоғжан Бақытова, Ақсұңқар Бүркітбай, Нұрай Өркенбекқызы, Жұлдызай Тұрлығұлова, Малика Алдамжарова, Фариза Хасенова, Динара Шоңбаева, Арай Оңғарқызы және тағы басқасы жырдан шашу шашып, көрермен қошеметіне бөленді.
Фестивальде жырау Бидас Рүстембеков, сондай-ақ Ш.Төлепованың ұрпағы Еркін Оразбекұлы, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Әбдірахман Құлдүйсенов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Күлжауһар Раевалар жырау жайында өнегелі естелік айтса, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева жыршы қыз-келіншектерге марапаттау рәсімін жасады.