» » » Санамда сайраған атамның радиосы

Санамда сайраған атамның радиосы


Аядай ғана шағын бөлме. Көпті көрген көнекөз сандық. Жиылған жүкті әлі де көтерер шамам бар дегендей міз бақпайды. Бір бұрышта әжемнің артынан келген қоңыр шкаф. «Мен де көп нәрсе білемін» дегендей сықыр етпейді. Біздің көзімізге ескі көрінгенмен, әжем үшін құнды әрі бағалы. Сол сәтте телефон қоятын үстелде тұрған атамның айнымас серігіне айналған кішкентай ғана радио көзіме оттай басылды. Радионы көрген сәтте атам туралы естеліктер көз алдымнан кино лентасындай өте берді, өте берді...
Иә, ол кезде біз кішкентай бала едік. Радионың не деп сайрап жатқанын түсінбесек те, атаммен бірге тыңдаймыз. Атам – осы өңірдің тумасы, өмірін адал еңбекпен өрнектеген Каналбек Сүлейменов. Жаңалықты жібермейтін ол радиосы бұзылса ары шұқып, бері қарап, әуре-сарсаңға түсіп, әйтеуір жөндеп алатын. Қолынан келгеніне атам қуанса, радиодағы жағымды дауыстың қайта естілгеніне біз де мәз боламыз.
Үйде теледидар болғанымен, одан көрі радионы хош көретін атам оны жанынан тастамайтын. Далаға барса да, бақ ішінде жүрсе де қолында кішкене радиосы. Бақ демекші, атам бау бақша өсіргенді жаны сүйетін. Бала күнімізде «бұлар ертең үйді қоршап тұратын биік ағаш болады» деп жас шыбықтарды отырғызғаны әлі есімде. Сол кезде екінші сыныпта оқысам керек. Мектептен «кімнің үйінде қанша түп ағаш бар?» деп, санын айтуды тапсырған болатын. Атама айтқанымда жас шыбықтарды екеуміз ерінбей ауланы айнала санап шыққанбыз. Барлығы – 58 түп. Сыныптастарымның алды болғаныма ерекше қуанғаным рас.
Жақында барғанымда сол кездегі теректің биіктігі 10 метрден асатынын байқадым. Бойшаң терекке бой созып тұрғанымда, желмен тербелген жапырақ атама деген сағынышты жылт еткізді. Айналаны қоршаған биік теректер мен жемісі төгіле иілген ағаштарға қарап «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалдың мәнін түсінгендеймін.
Таңғы шайдан бастап, кешкі ұйқыға кеткенше атамның қолынан түспейтін радио да бірде әндете, бірде жарыса жаңалықты жеткізетін. Кешкі уақытта ертегі айтатыны тағы бар. Сондай-ақ атам радионың әсем әуеніне елітіп отырып, бізге арнап мәсі де тігіп беретін. Немерелерінің бәріне жыл сайын арнайы мәсі тігу – ол үшін қалыпты жағдай еді. Кейде тіпті қазақы оюмен де өрнектейді. Қызылды-жасылды оюға қызыққан біздер, оны аяғымыздан тастамай киюші едік.
Атам радио, теледидардан естіген жаңалықты талдап, өзіндік ой қорытып, бізге түсіндіретін. Ал газет-журналдан оқығандарын қойын дәптеріне түртіп жүретін. Сол кезде оның құнын балалықпен түйсіне қоймасам керек. Оның ішіне нені түртіп, нені шимайлап жүргеніне мән де бермейтінбіз. Бүгінде сол қойын дәптер менің үйімде. Іші толған қазына дерсіз. Әр бетінде жақсылыққа түрткі болар даналық сөз бен өмірдің соқпақ жолында жол көрсетер аталық нақыл бар. Атамның болашақ ұрпағыма «қажет болар» деген шимай-шатпағын, бүгінде мен қажетіме жаратудамын.
Ата-әжемнің бауырында болғандықтан ба, менде олар туралы естелік өте көп. Соның ішінде, күннің ыстығы мен суығына қарамай қалташамын жарқыратып мектептен алып қайту үшін күтіп тұратыны ерекше есімде қалыпты. Екінші ауысымда оқығандықтан, біздің сабағымыз кеш қарая аяқталатын. Сонда атам менің амандығым үшін сонша жерден ерінбей келіп, алып кететін. Аталық қамқорлық деген осы болар. Ата-әженің мейірімін сезініп өскен жан мендей-ақ болсын. Бүгінде атам ортамызда жоқ. Бұл өмірмен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанғанына да үш жылға жуықтапты. Өмір естелігімен мәнді деген осы шығар, бәлкім.
Иә, қазір радио тыңдамайтыным рас. Алайда атаммен тыңдаған радио үні, оның келелі кеңесі мен аталық ақылы өмір бойы санамда сайрап тұратынына сенемін. Атама деген жарқын естеліктерімді ойыма оралтқаның үшін, рахмет саған радио!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
08 тамыз 2020 ж. 1 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031