» » Бабадан қалған бай мұра

Бабадан қалған бай мұра

Қазақ халқының қанша ғасыр өтсе де бұлжымас салты болып қалыптасқан игі дәстүрінің бірі – бата беру. Кез келген ас, жиын-той, тіпті дастарқандағы күнделікті шайда да бата беріп, ас қайырмай тұрмайтынымыз анық. Осыдан-ақ, қазақ халқы үшін батаның қаншалықты маңызды екенін білуге болады.
Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойда, адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуанышты кезінде қол жайып, бата береді. Сондай-ақ алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілеп те бата берген. Бата берушілер көбіне көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де аузы дуалы билер болып келеді. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды. Бата сөзінің шығу тегі туралы пікір өте көп. Солардың бірі бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша аудармасы екен. Яғни «фатеке» сөзінің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, тілек тілеу.
«Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Баталы құлға бақ қонар», «Бота алғанша – бата ал» сынды мақал- мәтелдер батаның қазақ халқы үшін қандай құндылыққа ие екенін көрсетеді.
Бата мағыналық тұрғыда екі түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз. Ал батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөледі. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы және тағы басқасы. Бұл баталардың ортақ қасиеті жақсы ниетте болу, әрдайым қолдау білдіріп, жақсылық тілеуі.
Осы орайда өзімнің атам Каналбек Сүлейменұлы туралы айтқым келеді. Атамның дүниеден озғанына екі жыл болса да әрбір айтқан сөзі жадымда. Қазір ойлап отырсам, әрбір айтқаны бір нақыл сөз екен. Ол ұзақ жылдар бойы, темір жол саласында қызмет етіп, зейнеттік жасқа жеткеннен кейін бау-бақша өсірумен айналысты. Әртүрлі әдемі гүлдер мен жеміс-жидектің түр-түрін егіп, айналамызды гүлдендіріп отырушы еді. Бізді әрдайым оқу-білім үйренуге, адал еңбекке, үнемшілдікке, ысырап етпеуге үйретті. Өз басынан өткен оқиғаларын "Сендерге мұның барлығы өнеге ғой" деп баяндап беретін. Әр әңгімесінен кейін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін асықпай түсіндіріп, ерінбей сұрағымызға жауап беретін. Атамның тағы бір ерекшелігі – кітап, газет, журналды көп оқитын. Өзінің қойын дәптеріне нақыл сөздерді, қажетті деректерді түртіп жүретін. Әсіресе атам бата беруге келгенде ерекше мән беретін. Әрбір тойға, жиынға өзі арнайы бата шығарып, бетін сипайтын. Сол кезде жазып алған батамды сары майдай сақтап келемін. Қазыналы қарияның мына бір батасы жастарға арналған.

Жастарға бақтан басқа тілемеймін,
Тірлікте өздеріңмен бірегеймін.
Жәннатта жақсылармен бір жүргендей,
Жаныңа ақ батамен нұр егейін.

Күндерің күле шығып шалқып тұрсын,
Гүлдерің жұпар иісі аңқып тұрсын.
Жүректер лапылдаған отша жанып,
Жаныңыз қорғасындай балқып тұрсын.

Барың аз көрген түстей жоқ болмасын,
Басқаның ешқашанда шоқ болмасын.
Ойнасаңыз ойыныңыз от болмасын,
Қорғасын құйылғанмен оқ болмасын.

Тыныштық желсіз түндей тынып тұрсын,
Көңілдер құлазымай жылып тұрсын.
Адалдық ашық күндей күліп тұрсын,
Жолдастың жорғасына мініп тұрсын.

Түйін
Бата беру біздің салт-дәстүрімізбен бірге біте қайнасып келе жатқан дәстүр. Бұдан кейін де жалғасын таба бермек. Өзінен кейінгі ұрпағына ақыл-кеңес беріп, ақ батасымен тілеулес болып отыратын ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз әркез аман болсын!


Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
11 қазан 2019 ж. 2 874 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 001

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031