» » » БАТАГӨЙ ӘЖЕЙ БАЛЫМША

БАТАГӨЙ ӘЖЕЙ БАЛЫМША

Жексенбі. Жауын жауып, күн көзі әлі шыға қоймаған. Көше де жым-жырт, жан адам жоқ. Сірә, жексенбілік демалыста үйдің қызу тірлігіне кіріскендей. Ал біз мереке қарсаңында бата беретін қария іздеп жүрміз. Ел аузынан естіген Балымша әжейдің үйіне бағыттап барамыз. Аудан халқына «Барақ» атымен таныс қуыс-қуыс көшені осыған дейін көрмеген екенмін. Мұнда қабаған ит те де көп. Түс ауа көшеде өткен-кеткен адамнан сұрай жүріп әжейдің үйін әзер таптық.
Балымша әжейдің жасы бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан. Жасы келсе детың, бақуатты. Бата сұрап барған бізді әжей жылы шыраймен «кел, алтыным» деп қарсы алды. Онымен тілдесіп отыра бергің келеді. Өзінің жүзі жылы, әңгімешіл. Әңгімеге үйде тәй-тәйлап жүрген  Диас та қосылды. «әй, әй» деп тілі енді шығып келе жатқан балақай әженің қолдағы шөбересі екен. «Жасаған бере салған» деп еркелеткенін ол да сезгендей әженің маңынан шықпайды. Ауық-ауық келіп иіскелеп құшақтайды. – Аллаға шүкір, осы шөберемді қарауға күш қуат бергеніне, – дейді Балымша әжей.
Халқымыздың ежелден келе жатқан салт дәстүрінің бірі – бата беру.  «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер»,  «Бота алғанша – бата ал» деп тегін айтпаса керек. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Ақ ниетпен бата беріп, жақындарына тілек тілеу қазақтың қанына сіңген дәстүр. «Әже қандай бата білесіз?» деген сұрағымызға кідірместен «Иә, Құдайым оңдасын, еш жамандық болмасын» деп бастап кетті. – Маған ешкім бата үйретпеді. Өзім жүрген жердегі тәуір деген батаны бірден жаттап алып жүремін. Содан санамда сақталып қалғаны ғой,– дейді. Әжейдің батасының көптігі сонша құнды батасынан жаңылып жатқанын да айтты. «Күлсең кәріге күл» деген осы шығар, сірә.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қазақпыз. Иә, қариясы бар үй берекелі, қазыналы. Әженің бүгінде 25 немересі, 18 шөбересі бар тамыры тереңге жайған отбасы қатарында. Қолында немере ұлы мен келіні бар. Балалары оған уақытылы ас-суын дайындап жүгіріп жүреді.
Балымша әжейдің білетін мына баталарын оқырман назарына ұсынамыз. Қажетіңізге жарап қалар. Бата жаттап жүріңіз.  

Алла берсін тілекті,

Көтерейік білекті.
Ақ батаға үмітпен,
Таза ұстайық жүректі,
Қауіп-қатер дегеннен,
Жаппар өзі жақтасын.
Жанұяңды жарылқап,
Бақыттың ашып қақпасын.
Ырыс-дәулет, несібе,
Ой-қырыңнан қаптасын.
Құда-жегжат туысың,
Дәм-тұзыңды ақтасын.
Осы берген батамды
Ақ пайғамбар жақтасын!
***
Дастарханың бай болсын,
Ішіп-жегенің май болсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонсың ұяға,
Қызың қонсын қияға.
Ұлың болсын би-аға,
Келінің болсын би-ана.
Бергенін Алла алмасын,
Аман болсын мал басың.
Көбейе берсін жан басың
Үйің толған жан болсын
Қора толған мал болсын.
Қазаның оттан кетпесін.
Самаурының шоқтан кетпесін.
***
Жарылқат Алла қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет.
Ізет, абырой, бақ дәулет,
Не тілесең Әзірет,
Отыңның басын аман ет.
***
Я, Құдайым оңдасын,
Еш жамандық болмасын.
Бақ пен дәулет басыңа,
Әр уақытта орнасын.
Жорытқанда жолыңды,
Қыдыр ата қолдасын.
Қыдыр қияласын,
Періште ұяласын.
Ақ ордаң аман болсын
Бейбітшілік заман болсын.
P.S. «Бата алғанға бақ бұйырады» дегендей бізді әжей бата беріп шығарып салды. Иә, қартын қадірлеген ел азбайды. «Қариясы сиреген ауылдан ар-иман қашады» дегендей аузы дуалы, сөзі мағыналы Балымша әже секілді қазыналы қартымыздың қадірлей білсек болғаны. Алла деніне саулық беріп, ауыл-аймақтың батагөй қариясы болып жүре берсін демекпіз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
25 наурыз 2019 ж. 6 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031