» » » БАТАЛЫҒА БАҚ ҚОНАР

БАТАЛЫҒА БАҚ ҚОНАР

Қазақ даналығының бір сипаты – бата беру. Халықтың ойынан шыққан, оған қызмет еткен жанға қашан да ақ бата берілсе, керісінше өз пайдасы үшін өзгені орға жыққанға теріс бата берген. Бүгінде батаны кім, қалай түсінеді? Бата алудың жөн-жосығы бар ма? Айтылған тілекке бет сипай салу батаға жата ма? Осы жөнінде айтатын боламыз. 

Мақтағанымыз ем­ес, үлкенге қа­ра­ғанда қазір бата мен тілекті жас ұрпақ жақсы ажырататындай. Бұлар тәуелсіздіктің төл тумасы ғой. Аға буынға  той-томалақта «бата беріңіз» десе, сасқалақтап, қысылып қалады. Осыны көргенде қымыз бен шұбат ішіп, имандылықты бойына дарытқан ата-бабаның асыл мұрасы неге құлдырады   деген ойға қаласыз. Оның басты себебі – ұлттың рухани иммунитетін әлсіретіп, әл-ауқатын түсірген кешегі кеңестік кезеңде шұбатты – шарапқа, ағарғанды – арақ­қа алмастырғанымыз. Енді осындай олқылықтың орнын толтыра алмай әбігерге түсудеміз. Қазақтың қанына сіңген бата беру дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек. Осылай етпесек, келер жиырмажылдықта бата мәтінін ғаламтордан іздеп кетпесімізге кім кепіл?
Халқымызда бата дегеніміз не? Оны кімдер береді?  
– Ата-бабадан қалған із – бата беру дәстүрі. Қазақ халқының жоралғысында  батаның алатын орны ерекше. «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп сөз қадірін қастерлей білген қазекемнен мұраға қалған да осы бата. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша батырларымыз батасыз жауға да, дауға да шаппаған. Адамның дүниеге келгеннен бастап ана дүниеге аттанғанша көгеріп-көктеп бақытқа қол жеткізуі – ақ батаның арқасы. Сол себептен де халқымыз: «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», – деген. Ба­таны әдетте кез келген адам емес, көпті көрген ақсақал мен кемеңгер, дуалы ауыз­ды кісілер берген. Бата –  қысылғанда жанға қуат, қиналғанда кө­ңілге медет. Өйткені ол адамның әрбір іс-әрекетіне даңғыл жол ашып, оны бәле-жаладан қорғайды, – дейді Боранкүл Кенжеқызы.
Халқымыз батаны екіге бөлген. Негізгі бата – халықтікі де, лебізді бата – халықтың жастарға тапсырған аманат-тілегі. Негізгі бата халық өзі қастерлеген басшысына адалдығы, тазалығы үшін берген. Сол себептен де ел басқарған көсем де, қысылтаяң шақта сөз бастаған  шешен де халықтың батасын алуға тырысқан. 
Сондай-ақ қайсыбір істі бастамас бұрын да алдын ала бата алу кең тараған.  Қазақ атамыз дүниеге келген нәрестеге, отау тіккен жас жұбайға, ұзатылып бара жатқан қызға, босаға аттаған келінге де елдің сыйлы, беделді азаматының батасын беруді парыз санаған. Сол секілді жолға шыққанда сапар, жаңа жылға аман жеткені үшін жыл басы – Наурыз, рамазан айында ораза айт батасы мен жарапазан батасын алуды да ұлттық құндылық есептеген. Сол себептен: «Баталы ер – арымас, батасыз ер – жарымас» деп қара қылды қақ жара сөйлеп, үлкен ойды бір ауыз сөзге түйіндеген.
Батаның идеясы – адамды адам­гершілікке баулуда жатыр. Осы арқылы ұрпағын жақсылыққа бағыттап, иман­дылыққа, ақыл-парасаттылыққа тәр­­­бие­леген. Батамен рухани күш-жігер беріп, бақыт тілеген. Мысалы ұзатылғалы тұрған қызға келін болудың сыры мен қыры, түпкі мақсаты түсіндірілген.
Кейбір бата батырлар туралы әңгімелер арқылы бізге жеткен. Соның бірі – Аңырақай шайқасында ерлік көрсеткен Қойкелді батырдың ерлігіне тәнті болған Төле би батырға арнап батасын берген. Есесіне, теріс бата да қатар жүрген. Ел ішіне іріткі салып, бірлігіне сызат түскенде үлкендер жағы қолды теріс жайып, қарғау, лағынет айту мағынасында берілген теріс батаны «Қыз Жібек» тарихи фильмінен көре аламыз. Төлеген батырдың ту сыртынан жебе суырған Бекежанға «Қара жебе» жазасы қолданылса, Жібекке үйленуге келісімін бермеген Төлеген батырдың әкесі баласына теріс батасын береді. көптің көзінше келеке етеді.        
Дәстүр бойынша батаны барып алатын да кез болған. Бірде Шақшақ Жәнібек  елуді еңсерген Төле биге: «Уа, биеке, бозбала болдым, ерлік қылайын ба, әлде сізден үлгі алып билік құрайын ба, батаңызды беріңіз?» деп келіпті. Сонда Төле би: «Өгізіңді өрге салма – қанатың талар, наданға көзіңді салма – сағың сынар, досыңа өтірік айтпа – сенімің кетер, дұшпанға шыныңды айтпа – түбіңе жетер, қыс – қарға жығарын, ұрыншақ – жарға жығарын ұмытпа, тұмаудың түбі – құрт, тұманның түбі – жұт, ақылдың түбі – құт қарағым, менің батам осы», – депті. 
– Көпшілікте жасы үлкеннен бата сұрау о бастан әдет-ғұрпымызда бар. Айтулы дәстүріміз бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл жөнінде «әттеген-айымыз» да жоқ емес. Кейбір қария батаның мақсатын түсінбейтіндей. Шұбатылған қара сөзбен халықтың төзімін тауысып, жалықтырып жібереді. Мұндайдан шаршаған халық: «Бұл не? Бата ма, басқа ма?» деп реніш тудырып жатады. Батаның орнын «тост» басатын да жайттар бар. Ондайда тіпті қынжыласың. Өкпелейтінің – ата сақалы аузына түскен атаның бата беруді білмей тұрғаны былай тұрсын, орашолақ сөз айтып, батаны бұрмалайтыны, – дейді кент тұрғыны Қонысбек Тұрғанов. 
Бата – қазіргі тілмен өрнектегенде, мотивация. Яғни, болашағымызды жақ­сы бағдармен көмкеріп, келісті оймен келешегімізді кестелеу. Бата беретін қария шешен болмаса да, қазақ әдебиеті мен шешендік өнерден хабары болуы керек. Суырып салмалығы болмаса да, ойын орайластырып, орын-орнымен жеткізе білсе, бата да жақсы шығар еді. Осыны үлкендер жағы есінде ұстаса, нұр ұстіне нұр.  
Жүзге толған әжеміздің айтқаны бар еді: «Қайда жүрсеңдер де бата берушіні өздерің сұрамаңдар. Оны үйдің иесі өзі таңдауға құқылы. Өйткені, оған бата берушінің сөзі ұнауы немесе өзі ұнауы мүмкін. Болмаса тектілігі. Бата берушінің имандылығына, адам­гершілігіне, сон­дай-ақ ел арасындағы сый-құрметіне баса  назар аударыңдар», – дегенді жиі айтады.
Түйін
Бата беруде Шәмші Қалдаяқов, Мұзафар Әлімбаевтар қалыс қалмаған. Дарабоздар қысқа әрі нұсқа болып келетін бата беруде көптің ықыласына бөленген. Айта берсек, бата туралы әңгіме жетерлік. Бірақ оның түйіні бір. Әрбір бата адам өмірі үшін аса маңызды. Сол себептен де, оның мазмұны мен мағынасына ұқыппен қараған жөн. Бата сұрады екен деп сөзбұйдаға салып, созудың қажеті шамалы. Елдің алтын уақытын бағалап, тиімді пайдаланған дұрыс. Өйткені, бата беру – жиналыстың күн тәртібі немесе тойдың сөзі емес, ескіден келе жатқан аталы сөз екенін естен шығармасақ қанеки.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК 
11 шілде 2019 ж. 1 469 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 007

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031