БАТАЛЫ АТА

Бата – қазақ халқының ертеден атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрі. Талай тағдыр тәлкегін басынан өткізген ұлтымыз ғасырлар бойы дана бабаларымыздың берген ақ батасымен өсіп-өнді. Бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұялаған заманға аман-есен жетті. Батаның қасиетін қадірлей білген қарияларымыз «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп, батаның маңызын жас ұрпақ санасына сіңіре білді. Тілекті әркім айтар, ал, батаны – өмірден жиғаны мен көргені, көкейге түйгені мол аузы дуалы қария береді.


Баталы атаның бірі – Асылбек Ержанов. Жетпістің желкенін тартып, сексеннің сеңгіріне жуықтаған ақсақалдың көкірегі тұнған шежіре. Ол жастайынан кітап оқуға құмар болып өсті. Ақтөбе ауылында 7-сыныптық, кейін келе Бестамнан 10-сыныпты бітірген ол орта білім алған соң, замандастары секілді Ресейде әскери борышын өтеп келеді. Әлбетте, әскер ер жігіт үшін нағыз сынақ алаңы. А.Ержанұлы үш жарым жылын әскерге арнайды. 1964 жылы елге оралып, аудан орталығындағы «автобаза» мекемесінде жалын шарпыған жастың алғашқы еңбек жолы басталады. Білімге құмарлық, өмірге іңкәрлік – қарапайым көлік жүргізушісіне үнемі түрткі болды. Бастапқыда жүк көлігін, сонан соң автобус тізгіндеді. Жолаушы тасымалдап жүріп, Қызылтам, Тышқан тамы, Қызылқұмға дейін барды. «Таңғы сегізден от алған автобус моторы кеш бата бір-ақ сөнетін» – дейді кейіпкеріміз.
– Жүргізуші болып отыз бес жыл еңбек еттім. Бір күнде баталы ата болып шыққаным жоқ. Оған ұзақ дайындалдым. Жас кезде автобус жүргізгенімде біраз жерді жол қылдық. Ұзақ жол адамды зеріктіретіні бар. Сонда көлік «бордачогіне» әркез кітап салып жүремін. Тарихи, шежіре кітаптарға қызығамын. Сол уақыттың тамаша шығармасы – «Бес ғасыр жырлайдының» өзіме керектісін жаттап алатынмын. Одан хал­қымыздың ақын-жыраулары мен сөз зергерлерінің небір тәмсіл, туын­дысын табасың. Рухани қа­зынадағы асыл сөзді үйдегі әке-шеше дәл өйтіп айта алмайды. Адамның көңілі бір қалыпты бола бермейді ғой. Кейде ренжігенде кітаптарымды қолыма алып, оқи бастасам – ашуымның қайда кеткенін аңдамай қалам. Бата беру – үлкен өнер. Ол үшін жаның таза болуы шарт. Мына бір батада:
«Ойлансаң мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам жаңылысып сөз сөйлесе,
Жабылып, мың бір пәле соны қуған»,
– дейді. Бескүндік жалғанда тіліңе ие болмасаң, басың пәлеге қалды дей бер. Ашу – адамның қас жауы. Мұның да жауабын аталарымыз әлдеқашан беріп қойған:
«Ашу дұшпан болғанда, нәпсің жауың,
Ақыл тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру, сауын», – дейді батагөй ата.
Асылбек Ержанов қазір бала-шағасының ортасында. Құдай қосқан жары Торшагүл апамызбен бірге үлгілі отбасын сүттей ұйытып отырған бақытты ата мен әже.
– Бес уақыт намаз оқимын. Алланың нығметіне шүкірлік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Жұмыр бастыға одан артық не керек. Бата – жақсылыққа жетелейді. Бата тілеу – салтымыз. Жалқаулыққа бой ұрмай, табиғатты тамашаласаң – өмір жасың ұзақ болады. Көп еңбектену – адамды табысқа тартады, – дейді көпті көрген ақсақал.
Бәріміздің көктеп-көгергіміз келеді. «Қырықтың бірі – Қыдыр» демекші, сөз соңында қолымызды жайып, атадан бата тіледік. Жансарайымыздың тиегі ағытылғандай болды:
«Отбасың, ауыл-аймақ аман болсын,
Тыныштық баршамызға заман болсын.
Табиғат таусылмайтын ырзық беріп,
Несібемен дәм-тұзын тата берсін.
Тыныштық елімізге бере берсін,
Молшылық елімізге ене берсін.
Соғыстан ел-жұртымыз аман болып,
Қызығын бейбіт еңбек көре берсін!»
Әумин!
ТҮЙІН:
Бірде Омар (р.а): «Сүтке су қоспаңдар» дейді. Ол көптің көзіне түспес үшін күнделікті қарапайым киініп, елді аралайды екен. Алланың сүйікті құлына шек келтірген шаһардың бір әйелі қызына: «Ертең базарға апаратын сүтке су қоса бер. Омар (р.а) өзінің хан сарайында жатып, біздің не істеп жатқанымызды қайдан білсін», – дейді. Анасының сөзін құптамаған қыз: «Омар (р.а) бәлкім білер, білмес, алайда Алла Тағала бәрін көріп тұр» деген екен. Дүниеде жаның да, тәнің де таза болғанға ештеңе жетпейді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
27 қыркүйек 2018 ж. 2 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 547

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 616

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031