» » » Өмірдің мәнін еңбектен тапқан

Өмірдің мәнін еңбектен тапқан

«Дидарғайып» журналының биылғы шыққан бірінші нөмері сол күйімен  Қармақшы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Жалғасбаев ағамызға арналған екен. Журналдың бірінші бетіндегі басталған мақала «Мен өзімді ұрпағыммен бақыттымын деп есептеймін»  деген Жақсылық ағамыздың сөзінен туындаған тақырыппен басталған.
Бұл сөздің өзінің жәй айтыла салмағандығын және оны жәй адам  айтпағандығын сезуге болады. Қайсы бір ел, елді мекен, орта болмасын олармен үлгі тұтатын, ұстанар тарихи тұлғалар, әулие, би, батыры, құрметті, сыйлы адамдары болатыны белгілі.  Ондай тұлғалардың қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан кезеңнің өзінде барлығы мәлім. Алыстан іздемей-ақ өзінің еңбек, өмірлік тәжірибесімен  үлгі тұтарлық, адалдық, адамгершілік қасиеттерін  жоғары ұстанған кісілердің ортамызда, қасымызда жүргендігін атап өткенді жөн көрдім.
Жақсылық Жалғасбаев 1934 жылы Қармақшы ауданының бұрынғы Сталин атындағы колхозында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, үлкендермен бірдей ауыл шаруашылық жұмыстарын атқарған. Қызылорда мелиоративті техникумын,Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп алған техник мелиоратор-ирригатор, агроном мамандығына сай  1956 жылдан  моторист, гидротехник, 1962 жылдан  1977 жылға дейін «Ақжар» ұжшарында егін шаруашылығының  бөлімше меңгерушісі, гидротехник, бас инженер, өндіріс бригадирі қызметтерін абыроймен атқарған. Жұмысты тындырымды атқаруы, ұйымдастырушылық қабілеті шаруашылық, аудан, облыстық  басшылықтарымен оңды бағаға ие болып,  1977 жылы Жақсылық ағамыздың Чапаев  атындағы ұжшардың (қазіргі Ақтөбе ауылы) партия комитетінің хатшысы қызметіне, ал 1979 жылы Жосалы ұжшарының директоры қызметіне тағайындалуының негізі болды. Ауыл шаруашылық басшысы қызметінің  қыр-сыры көп болады. Бұған дейін атқарған қызметтеріндегі жетістіктері оңай жолмен келмегені, жастайынан білуге,  үйренуге, қай мәселе болса да оны игеріп әрі қарай алып кетуге, оны дұрыс ұстану, жаңалыққа деген құштарлық,  маңдай термен еткен таза еңбек, жұмысты дұрыс ұйымдастыру арқылы оңды нәтижелерге  қол жеткізілгені белгілі.
Кісіні абырой мен даңқтың биігіне асқақтатып  шығаратын оның еткен еңбегі, ел алғысы және өзінің адамгершілік болмысы. Кеңшар директоры қызметі ол егін мен мал шаруашылығынан басқа да толып жатқан әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық, жеке адамдар мәселесі, тағы басқа шешілуге, орындалуға жататын жағдайлар екені белгілі.  Жәкең осылардың барлығын қарауындағы жұмысшы қызметкерлерімен бірге ұштастырып, шаруашылықты сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарына қосуға қол жеткізген. Күріш егістігінің көлемі 700-ден 1600 гектарға дейін жеткізіліп, әр гектарынан 57 центнерден  өнім алынған. Ұжшардағы 37 бас сиыр 1600 басқа көбейтіліп, оның 600-і асыл тұқымды сиыр болған. Шаруашылықта еңбек ететін адамдар саны 700-ден 1200-ге өскен.  Сол кезде ұжшарда 120 түрлі маркадағы трактор, 78 комбайн-жатка, 60 су көтергіш насос, 2 чехиялық насос, 4 типтік дала қосы, 300 бастық механикаландырылған сиыр қорасы, 57 шақырымдық электр жүйесі, 1 жем дайындайтын цех, механикаландырылған қырман, 200 үйге есептелген жылу қазандығы, бассейн, жылыжай, сауда орталығы, 400 оқушыға арналған типтік мектеп үйі болған.
«Қай заманда  да басшыға керекті бірінші қасиет – әділ болу. Әділ болған адам бәрін жеңеді, жұрт алдында  бедел жинайды. Шынында да, әділдіктің тоны тозбайды, аты арымайды»  дейді  Жәкең ағамыз.
Ол 15 жылдай ұжшар директоры қызметін абыроймен атқарып елдің алғысына  бөленді,адал еңбек ету, әділдік, адамгершілік қасиеттің жоғарғы үлгісін көрсетті. 1993 жылы атқарған директорлық қызметін өз еркімен қойып, өмірін жаңа бетбұрыс жасап, қолына кетпенін алып жеке шаруашылық тіршілігін бастап кетті.
Жақсылық ағамыз әрдайым берген сұқбатында, «Адам адал өмір сүрсе, қашанда Алланың қамқорлығында жүреді. Өзін өзі сыйлайтын, өзін қастерлейтін адам баласы үшін адал өмір сүргеннен артық мәртебе жоқ. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады» деп  айтып жүреді.Осы тұжырымның өзінен бұл кісінің өмірлік ұстанымы –еңбек, от басын құру, ұрпақ тәрбиелеу, өсу, өрлеу, қиындықтарды жеңу жолдарында бұлжымас қағидасы болғаны анық байқалады.
Пионер, комсомол хатшысы, партком, бас инженер, шаруашылық директоры қызметтерін атқарған, Кеңес дәуірінде тәрбиеленіп  шыңдалған кісінің үлкен қызметті тастап, кетпен ұстап кетуі әрине кімді болса да таңдандыратыны белгілі. Мұндай шешім қабылдау үшін тиімді тұжырым, қабылдаған шешіміне деген сенім болу керек сияқты. Ондайдың болғанынЖәкеңнін бүгінгі қарт шағына дейін атқарып жатқан тіршілігі дәлел болады.
Жеке тіршіліктің ешкімді аш қалдырмайтынына сенген Жәкең ағамыз міне, 27 жылдай сол ұстаған кетпенін қолынан тастамай көкөніс дақылдарын егумен айналысуда. Бұл тіршілікке бүгінде балалары ғана емес, немерелері де тартылған. Отбасылық құрылған «Шабан ата» шаруашылық қожалығының төрағасы өзі болып, 450 гектар жерді жалға алып, оның 30 гектар жеріне бақша дақылдарын егу, 80 бас сиыр малын бағу, бордақылау, жоңышқа, басқа да мал азығы  түрлерін өсіру, әзірлеу жұмыстары атқарылуда. Әр істің көзін білу ол өмірлік тәжірибеден екені белгілі. Ал еңбек тәжірибесі, жерге, суға, дақылға, техникаларға қатысты бұл кісінің білгірлігі, іскерлігі талай адамнан алда екенін өз көзіммен көріп, білген соң міне, нағыз үлгі тұтарлық еңбек адамы, жарасымды ақсақал қасымызда жүр демекпін.
Ағамыз құрметті Люба апамыз екеуі 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығының ортақ қасиеті – біліктілігі, еңбек сүйгіштігі, адалдығы, сенімге беріктігі. Ұлдан үлкені Жомарт – әке өмір мектебінің озат шәкірті, әке бастамаларының бірінші қолдаушысы, алған тәлім-тәрбие, тәжірибесінөмірде ұқсатып, өзі де үлкен шаруашылықты басқарып  қызметін оңды атқаруда. Нұрлан, Ерлан, Владимир,  қыздары Зинайда, Дина, Светлана, Алмалар ата-аналарын үнемі қолдап, үміттерін ақтап таңдаған салаларында абыроймен қызмет атқаруда, үздік білім алуда. Келіндері Ләззат, Гүлнұр ата-енесінің адал көмекшілері. 25 немеренің ішінде Ергош полиция майоры болса, Абзал атасымен ұйымдастырылып жүргізіліп отырған шаруашылық қожалығының келесі төрағасы болуға икемділігін білдіріп, еселі еңбек етуде.
Осы мақаланы жазып отырған кезімде айтулы ақсақалдың байсалдықпен, бақшалық басында қарық, атыздарды аралап, кетпенімен кем-кетік жерлерді түзелеп жүргеніне сенімдімін.
Атқарған ісі мен  тіршілігі, өмірлік ұстанымы мен көзқарасына сай, байсалды, әңгіме сөздері мәнге толы, үлгілі отбасы иесі, әулет тірегі, өмірдің мәнін еңбектен тапқан Жақсылық Жалғасбаев ағамыздың  86 жасқа қараған шағында да еңбектен қол үзбей, епті сала қызмет етіп жүргені қызығарлық шаруа.
Міне, осындай еңбек, өмірлік тәжірибесі үлгі тұтарлық құрметті ақсақал ортамызда, қасымызда жүр.

Рахат МЕДЕШОВ,
еңбек ардагері, заңгер
30 маусым 2020 ж. 1 046 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 125

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930