» » » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Елбасының «Игі Алашты құрметтеу ең алдымен, туған өлкенің тарихын түгендеуден, табиғатты танудан, сол жерге қатысты жәдігерлерді жинақтаудан, халыққа белгілі тұлғаларды тал ұрпақтың жадында жаңғырту мен ардақтаудан басталады» деген тағылымды сөзі бар. Бұл сөз әрбір азамат үшін туған жердің киелі де қасиетті екенін анықтап тұр. Дана халқымыз да туған жерді, ауылды алтын бесікке теңеген.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының кейінгі жастарға берер тәрбиелік маңызы ерекше. Бұрынғы өткен аталар жолы адалдық, адамгершілік, тәрбиелік қасиеттері кейінгі ұрпақтарға үлгі.
Бүгінгі біздің әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз осындай жақсы қасиеттерімен жастар тәрбиесіне үлгі боларлық, халықтың, елдің ауызында жүрген, ұмытылмас қасиеттерімен танымал болған Отан соғысының, еңбек майданының ардагері ерекше мамандық иесі Сәдуақас Баймаханұлы жайлы болмақ.
Сәдуақас Баймаханұлы 1904 жылы Иіркөл ауылында, ұста жанұясында дүниеге келген.
Атасы Бекпенбет қасиетті, көріпкел әулетіндегі киелі кісі болған екен. Күндердің бірінде түсіне Дәуіт пайғамбарымыз еніп, аян беріпті. Сен мына қышқаш пен балғаны қолыңа ұста, мен айтқандай етіп ұсталық көрікті жаса деп құрулы тұрған ұста дүкеніне әкеліп жұмыс істеп тұрған көрікті көрсетеді. Осы жерде іс соғудың қыр-сырын айтып, соғылған зат болаттай берік болу үшін оны суару тәсілдерін көрсетіп, ал енді анау тұрған түйелерге мініп жолға шық, осы жолдың бойында сексеуіл бар, содан көмір жасап алып келесің деп қалай темір жасау керек екенін түсіндіріп, батасын беріп оятып жіберген екен. Ертесіне түсінде айтылған нұсқауларды мүлтіксіз орындап ұстахана ашқан.
Мінеки, бабадан қалған қара көрік небір батпан темірді қамырша илеген қара төсте ата дәстүрді жалғастырып іс соға бастапты. Алғашқы ұжымдастыру, ұжшар құру жұмыстарының бел ортасында еңбек етіп, үйіндегі жалғыз сиырын ортаға салып екі-үш ұжшардың жұмыстарында ұсталық қызметті көрсетеді.
Ол кезде техника жоқ, шаруашылық жұмыстарының барлығы қолмен атқарылады. Жер өңдеуге кетпен, егін оруға орақ, ағаш кесуге балта, шөп оруға бел орақ қажет. Оның үстіне арба, шана, өгізге тіркеп пайдаланатын тіркеме құралдарын жасау барлығы да Сәкеңнің қолынан өткен.
1941 жылдың маусымында неміс басқыншылары Кеңес еліне шабуыл жасады. Барлық ел азаматтары Отан қорғауға аттанды. Соғыс майданы қызу жүріп жатты. Елде еңбек майданы. Онда Сәкеңнің орны ерекше. Дегенмен соғыс майданына аттануға тура келді. Бұл жайлы тыл ардагері Әнуарбек Сыздықов өзінің «Сарбаз Сәдуақас» жайлы мақаласында былайша баяндайды: Ел іші, абыр-сабыр. Соғыс. Бұл 1942 жылдың шілде айының аяғы болатын. Менің бала кезім. Соғыс басталған жылдары 10-11 жастағы қарасирақ бала болатынмын. Соғыс жылдары бізді тез есейтті. Сол кездегі «Қызылжұлдыз» ұжшарына қарасты ел көп жайлайтын «Баутабан» тоғайында екі-үш күннен бері ығы-жығы халық. Бала болсақ та ішіміз сезеді. Яғни соңғы жинау елде қалған бұрынғы жасы жетпей немесе жасы асып кеткен азаматтарды соғысқа алу, соларды аттандыру кезі болатын.

Отан үшін отқа туссең күймейсің,
Ал, қорқау боп тіршілікте жүрмейсің.
Мені жаз деп келді міне ағамыз,
Қоштасты да Жұмагүлдей жарымен.

Өз қолымен жалғызын соғысқа шығарып салу оңай дейсіз бе? Үй ішімен шұбырып жүрген халық. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан маза кеткен. Жылау-сықтау. Жалғызым үйге аман-сау оралар ма екен деген күпті көңілдер. Осындай абыр-сабырдың ішінде «Әкеміз Баймахан ұстадан қалған «жалғыз тұяқ» ағамыз Сәдуақас ағай да бар еді.Жеңгеміз Жұмагүл бибі-Фатима кісі болатын. Таңертеңгі шайды ішіп болған соң бүкіл ауыл болып Қармақшы қыстағына жаяулап, Отан қорғауға ағамыз Сәдуақасты және Спан ағамызды шығарып салған.
Аға-әкелерімізді аттандыруға жолға шықтық. Вокзалдың маңы аяқ асты көрінбейтін тола халық. Қармақшы ауданы бойынша Отан қорғауға жарамды барлық азаматы мінгізіп 10-15 қызыл вагон жолға шықты. Қызыл вагон. «Аман кел, жалғызым» деп аңыраған аналар. Сәкең Сталинградтың Дубовка деген жерінен бірнеше күн әскери тәртіп алып, жаттығулар жасап соғысқа араласқан.
Сталинградты жаудан босатып немістерді әрі қарай қуу үшін әскерлерді Волга өзенінің екінші жағына шығару жұмыстары жүргізіліп жатқан. Көптеген кеме, қайық әскерлерді өзеннің екінші бетіне тасымалдауда жау ұшақтары үсті-үстіне осы жерді бомбалап әскердің өтуіне кедергі жасап көп шығын болған. Осы солдаттар ішінде Сәкең аман қалып, жағаға шығып жан-жағына қараса Еділдің бетін қан басып, мыңдаған қаза болған азаматтар су бетінде қалқып барады екен. Оны көріп аман қалғандары еңіреп жылап тұрып, қош бауырлар деп қала берген.
Сәдуақас алғашқы кезде ұста болып, атты әскерлердің атын тағалауға кіріскен. Шеберлігіне көңілі толмай орыс ұстасының қолынан балғаны жұлып алып, аттың тағасын қолайлы етіп жасаған. Оны көрген командир арқасынан қағып осы жұмысты тез, сапалы істеуді тапсырған. Сәкең бұл істі үш ай атқарып, бірнеше мамандар даярлап өзі майданға аттанған. Дондағы Ростов қаласы маңындағы қиян-кесті ұрыстардан келіп, Сталинград шайқасының қанды қырғынында болған қазақ жауынгері оқ пен оттың ортасында жүрді. Осындай бір қырғын шайқаста оқ Сәкеңнің оң қолынан тиіп оң жақ бүйірін опырып өтіп кеткен. Қансыраған жауынгерді майдан даласынан алып шығып емханаға жөнелтеді. Содан азапты емдеу басталады. Кейін Ашхабадта екі ай емделіп 1944 жылы елге Отан соғысының мүгедегі болып оралады.
Осы емделу кезінде елге Сәдуақас Баймаханов майдан даласында ерлікпен қаза тапты деген қара қағаз екі рет келеді. Бірақ ағайындары бұл хабарды отбасына көрсетпей жасырып ұстайды.
Сәкең ақсақал ауылға келісімен қолының жарамсыздығына қарамай ұсталық жұмысына қайта кіріседі. Кейін аудан орталығындағы халықтың тұрмыс қажетін өтеу, «Вперед» деп аталатын ательеде, оның ізімен құрылған комбинатта ұзақ жылдар темір ұстасы болып еңбек демалысына шыққан.
Сәдуақас ұста десе ол жылдары жұрттың бәрі білетін. Өйткені оның қолынан халыққа қажетті заттар соғылып шығатын. Сәкең домбыра, қобыз, сандық жасаудың да шебері. Қазіргі уақытта Сәкеңнің қолынан шыққан мүйізден жасалған домбыра, ерекше өрнекті қобыздар әлі күнге сақтаулы. Ұсталық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Міне, әке-баба өнері Баймахановтар әулетінде осылай жалғасын табуда.
Сәкең Құдай қосқан қосағы Жұмагүлмен 1930 жылы бас қосып өмірдің талай қиындығын бастан өткерді. Ол кезде таңның атысы мен күннің батысына дейін ауыр да қиын ұжшардың қол жұмысы. Екеуі де бар күшін еңбекке жұмсады. Соғыс алдында Шиелі каналы құрылысы жүргізіліп, оған бүкіл облыс еңбекшілері қатысқан, ұзындығы 103 шақырым канал қазуға 17000 адам, 50 автокөлік, 325 ат, 400 өгіз, 6450 есек қатысты. 40 күнде канал қазылып аяқталған. Жұмагүл апай да осы жұмысқа бастан аяқ қатысып, ер-азаматтармен қатар тұрып топырақ атқан. Сол кезде жарма қазушылар арасында «Отелек тартқан өлгенін білмейді» деген мақал шыққан. Осылай өлгенін білмей отелек тартқанның бірі осы біздің Жұмагүл апай болған. Кейіннен осылайша қазылған Сталин атындағы канал құрылысына да қатысқан. Осылайша еңбек ете тұрып жеті бала тауып тәрбиелеп, өсірген ана. Бүгінгі күні сол балалар өсіп-өніп, Сәдуақас, Жұмагүл ұрпақтары алпыстан асты. Міне жапырағын жайған ағаштай үлгілі отбасының тамыры әлі де кең жайыла берері сөзсіз. Қыздары Шолпан, Балкүл, Балыштар ардақты аналар, ал ұлдары Мүсілім, Асылбек, Қанибек, Кәжденбектер бұл күндері жоғарғы білім алып, жауапты жұмыстар атқарып жүр.
Сәкең өте қарапайым, мінезге бай, сабырлы, салмақты,табиғатынан көп сөйлей бермейтін азамат болды. Артық сөзі жоқ, ойланып сөйлейтін, қатар құрбы-жолдастарға сөзі өтімді, жүрек жылытар сөзімен, ыстық ықыласымен басқа жұртты өзіне тартып алатын. Балалары, немерелері ата Отан соғысында көрген, білгендеріңізді айтып отырыңызшы дегенде: «Біз не көрмедік, оны адамның басына бермесін» деп бастан өткен қанды қырғындарды,өзінің ауыр жарақаты жайлы айта бермейтін. Кейіннен бұл жағдайларды неге аз айтасыз дегенде: «Қарағым-ай кейінгі жастардың жүрегін ауыртып, мейірімсіз азапты естімесін, жүрегі таза болсын сондықтан да айта бермеймін» деуші еді. Сәдуақас сегіз қырлы, өнерлі де болды, көпшілік жиналғанда домбыра тартып, ән айтып, үлкен кісілердің сақал-мұртын, шашын алып алғысқа бөленетін. Жұбайы Жұмагүлдің қолы ашық, мейірімділігінің арқасында отбасы берекелі болды. Әрқашан да есік ашық, дастархан жаюлы, қонақжай, көпшіл, қонақты есіктен кіргеннен жылы қабылдап, ағайын, жора-жолдастарға деген бауырмалдылық, сағыныш көрсетіп тұратын. Отбасылық құндылық осылайша сақталып кейінгі ұрпақтарға сіңіріліп отырды.
Осылайша Сәкең еліміздегі алғашқы ұжымдастыруды ұйымдастырып, жоқшылықты бастан өткеріп, ашаршылықты, асыра сілтеуді көріп, Отан соғысына қатысты. Содан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсене араласқан ерекше маман иесі, үлгілі жанұя тәрбиешісі Сәдуақас ақсақал 88 жасында, Жұмагүл анамыз 91 жасында дүниеден өтті. Артта қалған алпыстан аса ұрпақтары аталар жасап берген бейбіт те берекелі, шат-шадыман осы заманда уайымсыз шаттық өмір сүруде. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасуда. Сәкеңнің өмір жолында атқарған еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қай жерде, қандай жұмыста болса да зор абыройға ие болды.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін ордендермен және ондаған медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін елге оралып ұжшарда өндіріс бригадасын, ірі қара фермасын басқарып, шеберханада ұста болып жұмыс атқарған кездерде басшылардан бірнеше мәрте мақтау,мадақтау шараларына ие болып, еңбектің құрметіне бөленді. Қаншама жастарды еңбекке, іскерлікке, адалдыққа, тазалыққа үйретті.
Отан қорғауға, елдің әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері, І топтағы Отан соғысының мүгедегі, алпыстан астам ұрпақ өсірген Сәдуақас Баймаханов осындай халық жадында қалған азамат.
Отан үшін, біздің болашағымыз үшін жан қиған әкелеріміз бен ағаларымыз қандай құрметке болса да лайық. Келешек ұрпағымызды зұлмат соғыстан қорғап, егеменді еліміздің негізін қалауға жан-тәнімен аянбай еңбек еткен бабаларымызға бас иіп, еске алып, ардақтап отырайық.

Жақай БОДЫҚБАЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы



27 маусым 2020 ж. 1 021 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031