» » » Қанибектің "кереметтері" (фото)

Қанибектің "кереметтері" (фото)

2017 жыл. Тамылжыған тамыз айы. Қорқыт ата кесенесінің төменгі жағы адамға толы. Жиналған халықта шек жоқ. «ЭКСПО» көрмесіне арнайы тігілген шағаладай аппақ киіз үйлер. Әр үйде өңірдегі өнерлі жандар мен шеберлер қолынан шыққан дүниелер қойылған. Бірінде кіл тоқылған бұйымдар болса, енді бірінде кесте, ою-өрнекті көрпе, жастық, төсеніштер. Ұлттық нақыштағы бұйымның бәрі құдды мұражай мұрасындай. Ағаш шеберлері орналасқан үйге аяңдадық. Себебі қызықтырар дүние осында көп болды. Ағаш астау, ожау, тостаған, кесе, кәдесыйлар. Бірінен бірі өтеді. Сапасынан мін таппайсыз. Қолдан жасалған дегенге күмәнмен қарағанымыз рас. Керегеде ілулі тұрған қобызға көз түспеу әсте мүмкін емес. «Кім, қалай, қандай ағаштан жасаған» деп тәптіштейтін әдетіміз емес пе? Сұрай келе бұл кереметтің бәрі жерлесіміз Қанибек Сәдуақасұлының туындысы болып шықты.
Сегіз қырлы, бір сырлы ағамызбен таныстығымыз осылай басталды. Көппен тез тіл табысып кететіні емен-жарқын жүзінен көрініп тұрды. Туристермен бұрыннан танитындай ашық әңгімелесіп жатты. Бізге де ағынан жарылып, бар өмірбаянын айтты. Қолөнер шеберлерінің көшін бастап жүрген алтын қолды азаматты одан кейін де талай форум мен көрмеде кездестіргенмен мақалаға арқау етудің сәті енді түскендей.
Қанибек Сәдуақасұлы 1955 жылы 21 наурызда Иіркөл ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Ш.Уәлиханов атындағы 10 жылдық мектепті бітірісімен қоғамдық жұмысқа араласқан. 1975 жылы еңбек жолын аудандық «Қазсельхозтекника» мекемесінде суретші-безендіруші болып бастайды. 1978 жылдан бастап «Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында» суретшілер шеберханасын басқарады. Кеңшар, ұжшарларға барып, қырман, мәдениет үйіне көркемдеу, қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп, ел алғысына бөленеді. 1985 жылы аудандық Коммуналдық шаруашылық мекемесі жанынан халыққа қызмет көрсету бөлімі ашылып, Ж.Жәкеевтің ұсынысымен сол бөлімді басқарады. Көктасқа жазу, қорымдарды күтімге алу жұмысын белсене атқарады. Қазіргі «Бодан» қорымын темірмен қоршап, ішіне ағаш көшеттерін отырғызған. Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаевқа және алғашқы комсомол Дәмегүл Мырзағалиеваның құрметіне Алматыға барып бағалы тастан ескерткіш жасатып әкеледі. Жанынан бір елі тастамай, ұсталықтың қыр-сырын үйреткен Айдар Алманов, марқұм Мұхтар Үсенов секілді сан қырлы шәкірттері болды. Көптеген жасты өнерге баулыды. Өз еңбегінің арқасында Жосалы кентіне депутат болып сайланды.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бар. Қанибек ағамыздың 7 атасында да ұсталық қасиет бар. Атасы Баймахан атақты ұста, оның әкесі Бекпенбет көріпкел, әулие кісі болыпты. Сәдуақас есімі елгі таныс зергер. Бала Қанибек белгілі ұстаның көрігін басып, ат тағалағанда қасында жүреді. Інісі Кәжденбек екеуі анасы Жұмагүл өрмек тоқыса жібін жүгіртіп беретін. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілмей ме? Тұлпар тағалаған текті қазақтың бүгінгі жалғасы – хас шебердің қолынан келмейтіні болсайшы. Өзінің 4 қызы да сурет салып, тоқыма тоқиды.
Ағамыз 1987 жылы бірінші болып «Мұрагер» кооперативін ашты. Оның іскерлігін байқаған Аудандық атқарушы комитеттің төрағасы Аббас Кәмішев жаңа ғимарат, кезектен тыс «Москвич» көлігін берді. 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Байқоңырға келу қарсаңында Мәскеуге барып, өз қаражатынан күйме (фаэтон) сатып әкелді. «Метер» тоғайында лагерь салуға үлесін қосты. Әбдірахман Дәрменқұлов, Жеңісбек Жұмағалиев, Сәулебек Кішенов секілді сыныптастарынан ажырамай, бірге жұмыс істеді. ПЧ-49 мекемесінің басшысы Айтбай Бекниязовпен келісім-шартқа отырып, мекеме кеңсесін жаңарумен айналысты. Станса бастығы Кенжебек Сарыбаевтың басшылығымен темір жол қызметкерлеріне екі пәтерлі үйлер салса, Қызылорда, Қазалы кентіндегі мешіттерге жөңдеу жүргізіп, қолтаңбасын қалдырды. 2005 жылдан 2011 жылға дейін Жосалы теміржол вокзалын басқарды. «Батыс Қытай – Батыс Европа», «Еуроскон» компаниясында «Жезқазған-Бейнеу» темір жолында комендант, прораб болып еңбек етті.
Халықаралық Шеберлер одағының мүшесі лайықты еңбегі үшін алғыс хат, мақтау қағаз, медальдармен марапатталды. Мемлекеттік бағдарламаның игілігіне қол жеткізіп, 2016 жылдан бері кәсіппен айналысады. Қызылорда қаласында «Шаңырақ» атты шеберханасы бар. Мұнда ағаштан дайындалатын бұйымдарға тапсырыс алады.
Шебердің айтуынша қазір ағаш астау мен кесеге сұраныс жоғары. Оның қолынан шыққан өніміне тапсырыс берушілердің көңілі қалған кезі жоқ. Өзі сүйген кәсіпті қашан да бар ықыласымен жасайды. Сондықтан да болар алғыс айтушы көп. Облыстық басылым мен телеарналар алтын қолды азаматтың еңбегін жарыса жазып, жиі насихаттап жүр. Қазір ол Астана қаласында өтетін форумға дайындық үстінде.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА






03 желтоқсан 2019 ж. 1 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031