» » » Келі түйген Арайлым

Келі түйген Арайлым

Қазақ тумысынан дара да дана халық. Өзінің көшпелі ғұмырында тұрмысқа қажетті құралдың барлығын өз қолынан жасаған. Оған дәлел киіз үйден бастап тұрмысқа қажетті кішігірім ожау, қасық, оқтау сияқты дүниелер. Аталарымыз тұрмысқа қажетті заттарды жасаса, аналарымыз көрпе-төсекті, киіз-текеметті өз қолымен дайындаған. Мұның барлығы халқымыздың таланты да шебер болғандығының көрінісі. Ал бүгінгі ұрпақ осы көне құндылықты біле ме? Білсе орнымен пайда асыра ала ма?
Біз тілімізге тиек еткелі отырған тұрмысқа қажетті құралдың бірі – келі мен келсап. Халқымыз бұл заттарды кейінгі уақытқа дейін пайдаланып келді. Ол тары, бидай секілді дәнді дақылды ұнтақтауға арналған қатты ағаштан ойып жасалған құрал. Келі – құрылымы жағынан екіге бөлінеді. Олар: тақта келі және шұңғыл келі. Шұңғыл келі – дәнді ақтауға қолданылса, тақта келі – дәнді ұнтақтауға арналған. Тақта келінің түбі тегістеу болады. Себебі келсап тигенде дәнді майдалап ұнтақтауға қолайлы.
Келінің түюге арналған ағашы келсап деп аталады. Келсаптың келіні түйгіштейтін басы салмақтылау болады. Ортаңғы бөлігінен қолға ұстауға арналған қос тұтқасы болады. Келі мен келсапты қайың, қарағаш сынды қатты ағаштан ойып жасаған. Жергілікті ерекшелікке байланысты келінің жасалу жолында да өзгешелік бар. Мысалы, Ертіс бойындағы келі биіктеу болса, оңтүстік өңірде екі немесе үш ағашты біріктіріп, түйе терісімен тартып жасаған. Мұндай келіні құрама келі деп атайды.
Халық тұрмысында келіні жер келі (келі орнына уақытша пайдаланатын шұңқыр), тас келі (келісін тастан, келсабын ағаштан жасаған келі), ағаш келі (жуан ағаштан ойылып жасалады) секілді түрлері бар. Бүгінде біздің көріп жүргеніміз осы – ағаш келі. Бала кезімде әжемнің осы ағаш келіде бидай түйіп жатқаны есімде қалыпты.
Келі мен келсап жарылмай көп жылға шыдау үшін, шеберлер қызған тандыр ішінде қыздырып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын немесе түйе қомының майын сіңдірген. Келі жарылып кетпес үшін, әдетте оны түйенің иленбеген шикі терісімен қаптаған. Шикі тері кепкен кезде тартылып, келіні қатты қысып қалатын болған. Кейбір шеберлер келінің сыртын қайыспен ысып, жалтыратып қоятын болған.
Бүгінде келі мен келсапты тек тұрмысқа қажетті ас үй құралы деп білеміз. Ал астарына үңілетін болсақ денсаулыққа пайдасы өте көп. Келіні 7-10 жастан бастап түйгізетін болған. Жастайынан салмақты келсапты келінің жан-жағына тигізбей дәл көздеп дәнді үгіту арқылы – дәлдікті, мергендікті, жылдамдықты үйренеді. Оның белдің әрекетін жақсартып, буындардың қатаюына, ми жұмысының жылдамдығына да үлкен әсері бар. Бабаларымыз кез келген нәрсені жасауда болашақ ұрпаққа берер пайдасын тереңінен ойлаған.
Қазіргі уақытта келі мен келсапты көбінде мұражайдан көреміз. Ұлттық құндылығымызды дәріптеп үйінде келі түйетін отбасылар көп емес. Күнделікті пайдаланбаса да, көненің көзі болған соң сары майдай сақтап жүргендер де бар. Оның бірі жас келін Арай Сахиева:
– Ұрпақтан-ұрпаққа табысталып келе жатқан бұл келіні көпшілік біле бермесі анық. Бұрындары үнемі қолданылған екен. Қазіргі күнде көп аса қолдана бермейміз. Екінші анам бұрын қалай қолданылғанын айтып отырады. Үлкеннен келе жатқан аманат болғаннан кейін, қадірлеп, күтіп ұстауға тырысамын. Өзімнен кейінгіге де қадір-қасиетін түсіндіріп, таныстырып отырамын, – дейді.
Ардақ КАНАЛБЕКОВА
30 қазан 2019 ж. 2 387 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031